Бес асыл іс: Ізгіліктің тағылымды тұжырымдамасы
(А.Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін тиімді оқыту әдістері). Қазақстан Республикасында білім беру жүйесіндегі модернизациялау үдерісі білім беру мазмұнын жаңарту мен сапасын арттыруды, білім берудің ұлттық моделін жетілдіруді, ақпараттық технологияларды меңгеруді жүзеге асыруда. Жаңартылған білім беру мазмұнының стандартына сәйкес функционалдық сауаттылықты қамтамасыз ететін дағдылардың кең спектрін дамыту үздік халықаралық тәжірибелерге бағытталған. Елімізде жүргізіліп жатқан жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасында «білім – ғылым – инновация» үштігіне басымдық берілген. Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат – жан-жақты біліммен қаруланған тұлға ғана емес, өз бойына ұлттық қадір-қасиетті дарытқан, ұлттық салт-сананы меңгерген, өмір сүруге бейім, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.

Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша жаңартылған оқу бағдарламасының мақсаты оқушылардың бойына жаңа ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін қажетті дағдыларды дарыту болып табылады. Оқушылар кез келген ауызша немесе жазбаша мәтіндерді сенімді және сын тұрғысынан қолдана отырып, басқалармен әртүрлі тақырыпта саналы әрі ашық әңгіме жүргізіп, түрлі мақсатқа арналған мазмұнды мәтін құра білуге дағдылануы керек. Бұл оқушыларды тіл және әдебиетке қатысты мәселелермен қатар, заманауи тақырыптар мен проблемаларды талқылауға дайындап, олардың пікірталасқа араласуына түрткі болады. Пәндердің оқу бағдарламасы біліммен қатар, кең ауқымды дағдыларды да қолдануды назарға алады.
Осы орайда әлемдік деңгейдегі философ, ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығын орта мектепте оқыту, ақынның әдеби-философиялық және діни-танымдық мұраларын тану, зерттеп-зерделеу, идеялық мазмұнына терең метаталдау жасату арқылы оқушылардың бойында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дарыту мақсаты көзделеді. Орта мектеп бағдарламасындағы А.Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін тиімді оқытуда ең алдымен пән мұғалімінің өзі өлеңнің ішкі терең әдеби-мазмұндық және діни-танымдық контексін жете түсініп, бірлескен оқу үдерісінде белсенді қалыптастырушы бағалау тапсырмалары арқылы оқытып-меңгертуі қажет. Осы тұста адамшылық пен ізгіліктің концепциясы іспетті «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің діни-танымдық контексін талдап көрейік.
Абай шығармашылығы көпқырлы, көпвекторлы, оқыған сайын таңғалдыратын, таныған сайын тұңғиығына тарта түсетін мұхит секілді. Бір оқыған өлеңін немесе қара сөзін қайтара оқысаң, басқаша қырынан көрініп, басқаша жарқырайды, ерек ой салады, ойландырады. Жалықтырмай, өзінің жұмбақ әлеміне тарта түседі. Біз тани алмай, таба алмай жүрген абайдың жұмбағы неде? дейтін болсақ, Абай танымының өлшеміне зер салуымыз, ден қоюымыз қажет. Өмірлік өлшем өмірлік құндылықтан, ал құндылық білімнен туындайтынын ескерсек, пайдалы білім мен пайдасыз білімнің ара жігі өзінен-өзі анық көрінеді.
Білім – құндылық – өлшем. Осы жерде ең басты мәселе – біздің білім беру жүйеміздің өлшемі қандай? Тек осы дүниелік игіліктерге бағытталған, тар шеңберлі, баяны жоқ білім бе, әлде екі дүниені қатар қамтитын, нұрлы ақыл беріп, адамшылығыңды байытатын толық білім бе? Біз қанша зер салып, ден қойып оқығанымызбен Абай шығармаларының ішкі сыры мен нұрын көре алмауымыздың сыры біржақты таным мен сыңаржақ білімде екенін мойындайтын уақыт жетті. Осыдан кейін біз тереңіне бойлай алмай, жүрегімізге сүңгіте алмай, шын асылдың шынайы бағасын біле алмай, тек құр жаттаумен шектелуіміз айдан анық дүние.
Хакім Абайды толық түсіну үшін көрінетін және көрінбейтін дүние – батыни және заһири әлемді мойындауымыз, соған иман келтіруіміз шарт. Сонда ғана физикалық және метафизикалық әлемдегі сыртқы өлшем және ішкі өлшемді бағамдай отырып, өзімізге пайдалы мен пайдасызды, залалды мен залалсызды тани алатын, соған қам-қарекет жасайтын жасампаз қоғамға айналамыз. Сонда ғана дүниеге келудегі мақсатымызды, өмірлік мүддемізді, мәңгілік мұратымызды ажырата алмақпыз.
Мақсат – мүдде – мұрат. Қазақтың «Мұратың асыл болсын!» «Ізденген жетер мұратқа!» деген бата-тілектерінің мазмұндық контексінде тек бұл дүние емес, екі дүниені қатар қамтитын ұлы өлшем, толық өлшем сыйып кеткен десе болады. Себебі, екі дүниелік мұратын танитын, білетін адамның мақсат-мүддесі де өз пайдасынан, өз мақтанынан биігірек, мәндірек болады. Айналып келгенде, мұсылман адамның қырық парызының алғашқысы ниет ету өлшемін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадисінде «Барлық амал ниетке байланысты» деп шегелеп кеткен екен. Ал адамның ниетін ізгілендіріп, өмірлік жолына жарық сәулесін шашып, барлық ісін жақсылыққа бағыттаушы толық нұрлы білімнің мәні зор. Нұрлы білім арқылы екі дүниелік құндылық пен өлшем параметрін анықтауға болады.
Кемеңгер Абайдың танымындағы толық адамның мақсаты, мүддесі, мұраты да «өзін ғана күйттеген хайуан болу» емес, «махаббатпен жаратқан Ұлы Алланың хикметін тану, бауырым деп адамзаттың бәрін сүю, хақ жолы деп әділетті сүю» болмақ. Талап пен еңбекке, терең ой мен қанағат, рақымға бастайтын пайдалы нұрлы білім мен өзін-өзі қор қылар, қоғамды «сыпыра ез бен сұм қуға» айналдырар пайдасыз білімнің залалын қазір анық көріп отырмыз. Өсек, өтірік, мақтаншылық, еріншектік пен бекер мал шашпаққа малданған, қор болған қоғамның алысқа ұзамайтынын да, өзге түгіл өзіндегі асылды бағамдай алмайтынын өмірдің өзі анық көрсетіп отыр.
Қазіргі таңда кең етек алып отырған бақытты сыртқы дүниемен өлшеу әдеті бізді өзінен-өзі мақтаншылыққа, «өзіңде бармен көзге ұрып, өзгеден артылуға», өсек пен өтірікке, ысырапқорлыққа, бекер мал шашпаққа бастайды. Өмірге келудегі, өмір сүрудегі, өмірден өтудегі негізгі мақсатты анық білмеу барлық қателік пен күнәға ұрындырады. Негізгі мақсатыңды білмегендіктен де, бос әурешілікке, өнбейтін іске, қулық-сұмдыққа, көпе-көрнеу жалақорлыққа, залалды еріншектікке соқтыратынын ұғынатын кезге жеттік. Осы тұрғыдан өз-өзімізді ар тезіне салып, ұрпақ тәрбиесінде аса ыждағаттылықпен зер салатын деңгейге жеттік. Негізгі бақты, бақытты көзге көрінетін әлеммен өлшеу, соған жетуге құлшыну – басты қателігіміз екенін бағамдайтын, бағамдап қана қоймай, әрекет ететін күнге жеттік.
Біздіңше, Абайдың әлемін, Абай жұмбағын түсіне алмауымыздың сыры осында. Орта мектепте А.Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқытудың тиімді әдістерін ұсынып көрейік. Оқу мақсаты: 11.1.5.1. Ұлттық құндылықтардың маңыздылығын ғаламдық тақырыптағы контекстермен байланыстыру. Бағалау критерийлері: ұлттық құндылықтардың маңыздылығын анықтайды; өлеңнің идеялық мазмұнын ғаламдық тақырыптағы контекстермен салыстыра талдайды. Қалыптастырушы бағалау тапсырмасы. Бірінші тапсырма. Жұптық жұмыс. Өлең мазмұнындағы ұлттық құндылықтардың маңыздылығын айқындайтын негізгі мәселелерді анықтаңдар және талқылау сұрақтарын құрастырыңдар. «Сұрақ қоя білу» тәсілі арқылы төмендегідей сұрақ түрлеріне ауызша жауап беріңіздер.
Негізгі сұрақ.
«Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл», – деген өлең жолдарын қалай түсінесіздер? Жанама сұрақ. Құрастырған сұрақтарыңызды басқа топтарға айтып, талқылаңыздар. Анықтауыш сұрақтар. Алдыңғы сұрақтардың жауаптарын жазып, одан тағы да сұрақ туындатыңыздар. Кері байланыс: жауаптағы детальдар негізгі сұраққа жауап бере ала ма? Сұрақтар мен жауаптар шынайы ма? Әлде шындыққа жанаспай ма? Екінші тапсырма. Топтық жұмыс. «Себептер мен салдар айналмасы» зерттеу стратегиясын қолдана отырып, өлеңнің идеялық мазмұнын ғаламдық тақырыптағы контекспен салыстыра талдаңыздар.
1-қадам. Берілген өлең жолдарынан автордың негізгі ойын анықтай отырып, автор көзқарасын танытатын өлең жолдарын табыңыздар. 2-қадам. Өлеңде көтерілген мәселенің өзектілігін, себебі мен салдарын, шығу жолдарын тұжырымдаңыздар. 3-қадам. Өлеңнің идеялық мазмұнын ғаламдық мәселелермен байланыстыра отырып, тың идея және мәселені шешу жолдарын ұсыныңыздар. 1-топ.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
2-топ. Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз.
3-топ.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Сізге айтамын, қаупім – бұл.
Оқушылар топтық жұмыста зерттеп, оқу стратегиясы бойынша өлеңді мұқият оқи отырып, ақын көзқарасын танытатын өлең жолдарын табады. Бес асыл іс пен бес дұшпанды саралай отырып, мәселенің өзектілігін айқындайды. Ақын көтерген басты проблемаларды анықтайды, ғаламдық контексте салыстыра отырып, шешім ұсынады. Адамдықтың шарттарын анықтап, саралай отырып, шын асылды табуға атсалысады. Сабақ соңында әр топ өлеңдегі негізгі мәселелерді тұжырымдайды және шешу жолдарын ұсынады:
Бірінші топ. Басты мәселе: Өмірге келудегі негізгі ұлы мақсатты ажырата алмау, бос мақтанға салыну, «ғылым таппай, өз орнын біле алмау, шаттану». Екінші топ: Екінші мәселе: Өз пайдасы мен мүддесінен әрі аса алмау, оны ар көрмеу. Үшінші топ: Үшінші мәселе: Ұлы мұратқа жеткізер пайдалы білімнен алыс болу, «құмарланып шаттану, ойын-күлкішілдікпен», бос әурешілікпен өмірді зая кетіру, өкіну. Қорыта келе, оқушылар бірлескен оқу ортасында белсенді оқыту стратегияларын тиімді қолдана отырып, Абай танымындағы адамдықтың, ізгіліктің концепциясын тұжырымдайды, қоғамдағы проблемаларды анықтай отырып, оларды шешудің жолдарын ұсынады.
Жанар Аманжолқызы ИСАЕВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы”
АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к.