Ой – толғау…

«Балабақшадан бастап мектеп бітіргенше дейін жетелемей, ата-бабаларымыз сияқты бағыт-бағдар беру әдісін қайта еске алайық. Құлап қалады, сүрініп қалады деп сыйпай бермей, кейде қаттының денесіне батқаны да сабақ екенін ұмытпайық. Маңсаппен масайратпай, білімге «асарлатайық». Біздің борышымыз осы.»

2019 жылдың наурыз айы мен Х-мезгіл аралығы тарихқа «CV пандемия кезеңі» атауымен енетін шығар. Оқшаулану, маусым-шілде айларындағы вирустың өршеленуі, қашықтан оқытуға көшу жалғыз біздің елде ғана коммуникативтік, әлеуметтік, қоғамдық қарым-қатынстардың өзгеруіне ықпал еткен жоқ. Бүкіл адамзат осы COVID-тің «тұтқынына» айналды. Рас-ау, тұтқыны болмай не? Қамауда отырып, бір-бірімізді көруден қалдық. Ұзақ сөйлесе де алмаймыз. Құшақтаспақ түгілі қол беріп амандасудан да шошитын болдық. Ауызымызды «маскамен» тұмшалап, театрдың «жаман әртіс» тірлігін жасап жүрміз. Иә, әртіс болдық, полиция не күзетші көріп қалсақ, қалтамыздың түбінен іздей бастаймыз да алқанымызбен жазып жіберіп, екі құлаққа «іліп» қоямыз. Құлағымызға іліп жүрген «кеспе» аздай.

Бәрінен де, ең қиыны, балаларға обал болды. Ауылдағыны қойшы, далаға жүгіріп шығып, ауласында қарға бір аунап қанын жүгіртіп келер. «Асфальт» балалары төрт қабырғаның түбіне қамалып үйінде жер-көкке сыймай жатады. Оқшауланудың алғашқы күндері қала үйінің қабықтай қабырғаларының аржағынан, баладан гөрі, ата-аналардың шырылдаған дауысы жиі шығып жататын. Бала да, ата-ана да, өмірімізде орныққан қашықтан оқытудан әбден мезі болып, мектепке қашан барамыз деп күн санап күтіп жүргендері бар. Кейде баласымен бірге сабаққа дайындалғанын естіп, жаным ашып кететін. Сондайда, жүгіріп барып ата-ананың орнына өзім түсіндіріп келсем ба екен деген ой мазалайтын.

Жалпы, осы білім саласын көп жамандап кеткендері ата-ананың жаңартылған мазмұнмен берілген оқу материалын түсінбегенінен бе деп ойлаймын. Иә, олар басқа оқу бағдарламасымен оқыды ғой және олар оқыған кезде фактілер мен ережелерге басымдық берілетін. Қазіргі бағдарлама бойынша оқу материалы баланың бойында дағдылардың қалыптасуы мен дамуына бағытталған. Ережелерді құр жаттап алумен немесе есептердің жауабын жаза салумен шектелмей, үйренгенін «жарата алатын» басқа да қосымша тапсырмалармен күрделендіреді. Бірақ, біздің ата-аналардың балалары – ең әдемі, ең сүйкімді, ең ақылды, қателесуге құқығы жоқ, жұрттың балаларынан артық болмаса да кем түспейтін, көзінің ағы мен қарасы.

Сондықтан, берілген тапсырманы түгел орындауын талап етеді де баласының қолынан келмей жатса, өзі шығара салады. Егер еркетайы шаршап ұйықтап қалса, тіпті жаза да салады. Әріптестерімнің айтуынша, қашықтан оқытқаннан бері біраз балалардың үлгерімі әжептәуір жақсарып қалған көрінеді. Мүмкін. Дегенмен, ішімнен: «еее, ертең мектепке келгесін ата-анасы бірге келіп отырар ма екен», – деп ойлап қоямын. Негізі, біраз ата-аналар осы оқушы балаларына көмектесеміз деп, өздерінің де білім-білік деңгейлерін танытты. Әлеуметтік желіге, қит етсе, математика есебі шығарылмайды, сөйлемдер дұрыс жазылмайды, сөздерде қате кетті деп, логикалық, грамматикалық қабілеттерімен жиі бөлісіп отырды емес пе?!

Айтпақшы, ата-аналар өздерінің жеке чаттарын құрып алады екен де, сол жерде есепті қалай шығару керек немесе эссені қалай жазу керек деп бір-бірімен бөлісетін көрінеді. Жарайды, балалар. Ата-ана?! Ойландырады екен. Осыны көрген балада қайдан академиялық адалдық ұғымы қалыптасады?! 11-сыныптарға штаттық форматқа көшуге рұқсат берілгенде мектепке асыға басып бара жатқан бозбалалар мен бойжеткендерді алғаш көруім шығар. Әдетте, ұйықтап қалдым деп сылтаурататын, екінші сабаққа бара жататын немесе ұнатпайтын сабағы болса, мектеп ауласында аяқталуын күтіп отыратындар болатын.

Әріптесім: «Сенесің бе, бірінші сабаққа 32 бала түгел келіп, екі топқа өздері бөлініп, соңғы сабақ аяқталғанша орындарынан тапжылмай отырды ғой», – деп аң-таң. Өзі бір жағынан жыламсырап: «… балалардың у-шуын да сағынып қалыппыз, тіпті тентектік жасаса да, біреуіне дауыс көтеріп тәртіпке салуға тырыспадым, балалардың жүзінен сағыныш пен жылулық есіп тұрды», -деп, тағы қосып қояды. Мектеп бітіруші түлектерге қиындау болып тұр. Алдарында тұрған таңдауды жасағанда, дәл бүгін, біраз ойлануларына тура келеді. Осындайда ата-аналар көп кедергі болады. «Жұрттың балаларын» мысалға келтіріп немесе көптің ағымымен балаларының әрі қарай даму бағытын «теріс», кейде күшпен де бұрып жатады.

Сол себепті кәсіптік бағдар беру орталықтарын ашу керек. Түрлі сауалнамалар, әңгімелесу, тренингтер арқылы жасөспірім өзінің қабілеттері мен мүмкіндерін анықтап, өзіне лайықты кәсіби таңдауын жасауға мүмкіндіктер туғызу қажет. Әрине, ата-ана бала үшін ең жақын, ең жанашыр, ең беделді екені сөзсіз. Ал, егер әлемдегі күнде болып жатқан өзгерістерді, еніп жатқан жаңалықтарды ескерсек, балалардың да өз заманының талабына сай санасы мен ақылын, қызығушылығы мен қабілетін сол ағымға сай дамытып, олардың қажеттілігін мойындауымыз керек. Иә, бұл індеттен де арылып, әдеттегі тіршілігімізге аман-есен оралармыз. Бірақ, бұрынғыдай болар ма екен? Екеуара тілдесуді виртуалды қарым-қатынас әбден алмастырды. Отбасымызбен бір шаңырақтың астында отырып, қолымызға түскен гаджетті шұқылай бастаймыз.

Бірақ, ұтымды жақтары да бар ғой. Ақпараттық технологиялардың оң мүмкіндіктерін де пайдаланып үйрендік. Кез-келген қажеттілігіміз қолжетімді болды. Оқу, тауар жеткізу, курстар, консультация, банк, мемлекеттік ұйымдардың қызметін онлайн іске асыру уақытты үнемдеуге, нәтижесін сапаландыруға ынталандырып, алдыңғы уақытта елімізде қарқындай түсетіні сөзсіз. Тіпті, алғашқы жылдары ауа райына байланысты сабақты тоқтатса, енді қашықтан оқыту форматына көшеді деп хабарлайды. Тамаша емес пе?! Оқу процесіне кедергі келмейді, бала сабағынан қалмайды, уақытты «жемейді». Жалпы, осы қашықтан оқыту үрдісін енгізу туралы сонау 2005 жылы бір, 2015 жылы тағы бір нормативтік құжат қабылданған екен. Бірақ, неліктен сол кездерден бері дамымағаны түсініксіз. Бұл – шешімдердің қағаз жүзінде қалып жататынының тағы бір дәлелі.

Уақыттың жылдамдығы қолмен өлшенбейді, көзбен көрінбейді, иісі сезілмейді. Біз, ересектер, кешегіні аңсап, күндегі күйбің тіршіліктің жетегінде жүре беріп, жас ұрпаққа обал жасаймыз ба деймін. Жалындаған уақытымызда қолымыздан келмей қалғанды қазіргі балғын шақтағы жеткіншектерге тықпалаймыз. Жо-жоқ, болмайды олай. «Ат қиналмай жол таппас»-демекші, әр нәрсені ауырсынып, жеңілдігін іздеуден арылуымыз керек.  Балабақшадан бастап мектеп бітіргенге дейін жетелемей, ата-бабаларымыз сияқты бағыт-бағдар беру әдісін қайта еске алайық. Құлап қалады, сүрініп қалады деп сыйпай бермей, кейде қаттының денесіне батқаны да сабақ екенін ұмытпайық. Мансаппен масайратпай, білімге «асарлатайық». Біздің борышымыз – осы.

Қазір алдымыздағы міндет – бар тәжірибемізді жинақтап, жеткіншек ұрпаққа жетілдіріп жеткізу. Яғни, олардың қажеттіліктерін ескеріп, заман талабына сай тіршілік ортасын құруға көмектесуіміз керек. Сен жас, мен «бас» деген тартысты қойып, көрегендігімізді танытып, бір-бірімізді кеудеден итере бермей, бағып-баулып ендігі төрге жастарды дайныдайық. Біз, ересектер – сабақтастықты орнатушымыз, жастар – жалғастырушы, мемлекетті гүлдендіруші, озық қоғам құрушы. Еліміздің өркендеуі, жеріміздің көркеюі жас таңдамайды, жол талғамайды, біліммен бағаланады, санамен жағаланады.

Дана РАУ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий