Мектепке дейінгі тәрбие – баршаға ортақ
“Ел болам десең бесігіңді түзе”, – дейді қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында: Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзі бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Патриоттық тәрбие дегеніміз – балалардың өз еліне, өз халқына өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімі. Патриоттық тәрбие беру мектепке дейінгі білім мекемесінің негізгі міндеті болып табылады.
Патриотизмге тәрбиелеудің негізгі бағыттары: ана тіліне сүйіспеншілік, туған өлке табиғатын сүю, қорғау, күтіп-баптау; туған елге сүйіспеншілік, яғни өз ұлтын сүю, Отанын сүю, ұлтының әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін қастерлеу; өз отбасына сүйіспеншілік, ата – анасын құрметтеу, қамқорлық жасау, сыйластық қатынас орната білу; елімізде мекен ететін халықтарға деген сезімін қалыптастыруда ұлт өкілдеріне сыйластық орната білу, өзге ұлттардың салт – дәстүрін сыйлау. Халқымыз бала тәрбиесіне айрықша көп көңіл бөлген. Біздің қазақ халқы тумысынан батыр, ержүрек. Патриоттық тәрбие балабақшадан басталады. Халықта мынадай дана сөз бар: «Баланы өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле». Еліміздің болашағы үшін жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік, екіншісі ата анасы, үшіншісі білім беру мекемесі.
Сондықтан біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге ерекше көңіл бөлеміз. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші. Қазақстанның көк байрағы желбіреп, басқа елдердің алдыңғы сатысында тұруы өсіп келе жатқан болашағымызға байланысты. Болашақты тәрбиелеу өнегесі, іскер, мейірімді тәрбиеші мамандардың қолында. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт – дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екенін айтып түсіндіріп отырудың өзі маңызды.
Жас ұрпақты жан-жақты дамытып, ой-өрісін кеңейтіп, ақыл-парасаттарын биіктете тәрбиелеп, бәсекеге қабілетті ұрпақ етіп тәрбиелеу – бүгінгі уақыттың талабы. Бұл жауапты міндетті орындауда әрине, тәрбиешілердің шығармашылық ізденістері мен еңбектері үлкен рөл атқармақ. Өйткені қазіргі кездің жүктеген міндеті ауқымды. Жаңа технология үдерістерінің талабы – балаларға тәрбие мен білім беруде айқындалған мақсатқа жету, балалардың іс-әрекеттерімен олардың ойлау қабілеттерін дамыту, тәрбие-танымдық іс-әрекеттерге барынша қатыстырып, ұйымдастырылған оқу- іс-әрекеттерінде мақсат қойып, табыстарға жету көзделінеді.
Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарында әлемдік деңгейде белгілі болған озық технологиялар мен бағдарламалар тәрбие мен білім жүйесінде қолданыстарға ие. Соның ішінде «Көп тілді үйрету мен оқыту- жас ұрпақтың білім кеңістігіндегі орны» атты тақырыпта жасалған баяндамада мектеп жасына дейінгі ұйымдағы ортаңғы топ балаларын оқытып үйретуде Смарт – технологиясын пайдалану өте тиімді. Өйткені, бұл жастағы балаларға сөйлеу, түсіндіру барысында көптілділікті пайдаланып жас ұрпағымыздың білім әлемінде, білім кеңістігінде өз орнын табуға дайындау, қалыптастыру біздің міндетіміз.
Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелейтін үлкен іс. Сондықтан біздің алға қойған мақсатымыз- қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты дамыған, денсаулығы зор, тіл байлығы қалыптасқан, сауатты да салауатты бала өсіру. Қазіргі таңда адамзат қоғамына ғылыми жаңалықтар мен инновациялық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеу мен оқыту саласын да заман талабына сай, уақыт сұранысын қанағаттандыратын жаңа бағдарламалармен, технологиялармен қамтамасыз ету де соншалықты тиімді.
Балабақша тәрбиешілерінің алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету. Баланы жан-жақты жетілдіруде таным баспалдақтарына жетелер дағды-машықтарды қалыптастыруға жол ашатын оқыту мен тәрбие технологиясын жете білу, меңгеру, біліктілігін арттыру, әлемдік даму үрдісіне қатысар тұлға даярлау. Мектеп жасына дейінгі баланың дүние танымы оны қоршаған ортадағы үлкен адамдардың көмегі мен әсерлерлері арқылы іске асады. Осы орайда (өлі және тірі табиғатқа) үлкендердің еңбегіне деген қарым-қатынасқа ене отырып, басқа өмірді тани білуге ұмтылады.
Балаларды мектепалды дайындықтан өткізудің ең бастысы яғни, мектепке дайындаудың сапасы, оның сөйлеу тілін, көру, есту, қолының жазуға деген қозғалысын жетілдірудің ерекшелігінде. Айналамен танысу барысында кеңістікті, заттың пішінін, түрін, түсін, қатты, жұмсақ сапасын салыстырып, үлкен-кіші, сұйық деген ұғымдарға көңіл бөледі. Сонымен қатар, табиғатты бақылай отырып, балалардың сөздік қорын молайту, тәрбиеші тарапынан берілген сұрақтарға түсініп, дұрыс жауап беру, жаңа сөздерді яғни, балаларға түсініксіз сөздермен жұмыс жүргізу кезінде есте сақтай білу, дыбыстарды дұрыс айтуға, айтылған сөздің мән-мағынасын түсінуге жетелеу қажет. Сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі балаларға көркем шығармаларды оқып, өздеріне арналған суретті кітапшаларды пайдаланып, олардың көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын дамыту үлкен іс болып табылады.
Кеңістікті, уақыт пен сандар туралы ұғымдарды, әңгіме, ертегі, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды пайдалану кезінде де қалыптастырамыз. Өйткені сандарды тура және кері санауда, геометриялық пішіндерді ажырата білуге қалыптастыруда дидактикалық ойындар мен санамақ есептердің пайдасы, олардың ойлау қабілеті мен есепке деген жүйріктіктерін қалыптастырады. Тәрбиеші-педагог өз шеберлігін, өнерін, әдіс-тәсілін пайдаланып, балаларды өз құрбы-құрдастарымен, үлкендермен араласуға үйретеді, педагогикалық психологиялық жаттығуларды пайдаланып, балалардың сезім әсерлеріне, ішкі дүние сезімдеріне дұрыс психологиялық ойын-жаттығулар жүргізеді. Мұндай әсерлі де пайдалы жұмыстар мен жаттығулар, ойындар балаларды сенімділік пен белсенділікке шақырады және жақсылыққа баулиды.
Тәрбиеші педагогтің міндеті балалардың бейімделу (адаптация) уақытын түсіну мен сезінуінің маңыздылығында. Балалардың балабақшаға көтеріңкі көңіл- күймен келуі тәрбиеші-педагогтың еңбегінің көрінісі мен жемісі болып табылады. Тәрбие адамның тіршілігіне, қозғалысына тікелей байланысты. Демек, баланың тәрбиеленуі оның қозғалысы, қызметі деген сөз. Баланың ойыны, тәрбиесі, еңбегі – осының барлығы да баланың қызметі, осы қозғалыс үстінде ол өсіп жетіледі, дамиды. Осы қызмет барысында баланың денесі де, рухани дәрежесі де өсіп, толығып, молыға түседі. Бұл тұста Мағжан Жұмабаев дұрыс қорытынды жасайды: «бала қозғалмай отыра алмайды. Баланы қажытатын нәрсе тек отыру».
Ол бала қозғалысы бостан-бос, берекесіз қозғалыс болмай, таза ауада дем алу, гимнастика жасап дағдыланудың қажеттігіне ден қояды. М.Жұмабаев бала мен тәрбиеші арасындағы қатынастың адамгершілік мәнін айрықша бағалайды. Бұл қатынастан бала өміріне қажетті рухани азық алады, тәрбиешінің мінез-құлқының біраз жақтары балада өмір бойына қалады. Олай болса: «тәрбиеші мен баланың арасы өте жақын болуға тиіс. Екеуі бірін-бірі шет, жат деп қарамасын. Екеуінің арасында келіспеушілік болмасын. Бала тәрбиешіні мұңын тарқата алғандай, қуанышына ортақтаса алғандай досым деп білсін. Бала тәрбиешіні осылай деп білсе, ол уақытта одан ешбір ойын, ешбір ісін жасырмайтын болады.
Жасырмайтын болса, өтірік айту, алдау сықылды ұнамсыз қылықтарға орын да болмайды» – деп түйіндейді. Тәрбие туралы сөз еткенде біз алдымен, отбасын ауызға аламыз. Ол – тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Бұрын қазақ баласы негізгі тәрбиені отбасында алса, қазір ол қоғамдық тәрбиемен ұштасып отыр. Бұрынғы отбасы бүгінгі отбасынан өзгеше. Кезінде қазақ отбасында балалардың саны аз болған жоқ, бүгінде жанұядағы балалардың саны күрт азайған. Бұл құбылыс та ұлт психологисына әсерін тигізбей қоймады. Үлкен отбасында тәрбиеленген балалар мейірімді, бауырмал, жанашыр болып келері анық.
Бинур Тохтасыновна ЕЛАМАНОВА,
“Күншуақ” бөбекжай – балабақшасының
меңгерушісі, Алматы облысы, Іле ауданы