Он тоғызыншы ғасырда шыққан құнды кітаптардың цифрлы көшірмесі жасалды
2020 жылы Қыздар университетінің электронды кітапханасы 20 ғылым саласы бойынша оқу құралдары мен XIX ғасырда жарық көрген 300-ге жуық құнды әдеби жәдігерлердің цифрлы көшірмесін жасады. Бұл туралы осы жоғары оқу орнының баспасөз орталығының басшысы Жандар Асан хабарлады.
Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шыққан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған кітаптардың электронды нұсқасы да жүктелді. Кітапхана оқырмандарының кез келген әдебиетті компьютерге немесе мобильді телефонға жүктеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, оқу орнының электронды кітапхана қорында он мыңнан астам әдебиет сақтаулы. Оның ішінде лицензияландырылған таспалар, оқулықтар мен сирек басылымдардың электронды және цифрландырылған нұсқалары бар.
Загрузка...Жалпы алғанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасындағы әдебиеттер қоры 1 млн-нан асады. Басылымдардың 700 мыңға жуығы оқу құралдары болса, 192 мыңнан астамы ғылыми бағыттағы кітаптар. Ал көркем әдебиеттің үлесі 142 мың көлемде. Сондай-ақ университеттің кітап қорында 54 мың шамасында сөздіктер, анықтамалықтар мен энциклопедиялар сақтаулы. Жалпы әдебиеттердің 936 512-сі қазақ тілінде, 120 939-ы орыс тілінде және 10 327-і шетел тілдерінде. Кітап қоры кафедралардан түскен тапсырыстар бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы және авторлардың сыйға тартылған кітаптары мен университет баспасынан шыққан оқулықтар арқылы толықтырылады.