Армандар бастауына айналған алтын ұя…

(Ұлттық гимназияның отыз жылдығына арналған шәкірт естелігі). Ұстаз деген ұйытқысы ұлылықтың,
Шәкіртінің жүзінен сырын ұқтың.
Адамды адалдыққа жетелейтін
Жүрегінде оты бар жылылықтың… Зымыраған жылдар өз парағын аударған сайын бүгінің кешеге, өткенің елеске, елесің естелікке ұласады екен. Ал адам есейген сайын сол естелікке жиі оралуы да өмір заңы іспеттес.

Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тұлымы желбіреген ауыл баласы ата-анадан жырақтап, білім қуып, өңіріміздегі орны ерекше білім ордасына имене басып, «үйренсем», «білсем» деген ықылас-ниетпен еніп еді. Қала таңсық, сынып таңсық, орта өзге бірақ қарапайымдау орналасқан білім ордасы баршамызды тез-ақ баурап әкетті. Жан-жақтан келіп тіл табысуымыз, ортақ мақсат, асқақ арман, жақсы ұстаздан басталғаны сөзсіз. Иә, бұл естелікке арқау болған, армандарға бастау болған – Облыстық ұлттық гимназия еді.

Тәуелсіздік кезеңімен тұстас келген сол уақыттың ьыныс-тіршілігі қоғамның тек саяси-әлеуметтік, экономикалық құрылымына ғана жаңа қарқын әкеліп қоймай, егемен мемлекеттің мүддесіне сай ұлт санасын да жаңғыртып, ұлттық құндылықтар деректелген халықтың биік рухының, бай руханиятының негізі мен өзегі ретінде ана тіліміз бен білімізді жаңа деңгейге көтергені белгілі. Аталмыш білімнің қара шаңырағы осы бағытты берік ұстанып, білім сапасына баса назар аударып, алғаш рет ұлттық нақышты киім үлгісінде қолданыста жаңғыртқан болатын. Осындай бойымызда ұлттық рухты оята білген алтын ұяға қаншама шәкірт қарыздар десеңізші!…

Бізді білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиесін бойымызға сіңіру жолында аянбай еңбек еткен, бар білгенін үйретуден жалықпаған ұстаздың  біз үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Жарық дүниеге әкелген, өмір нәрін сепкен ата-анамызға қалай қарыздар  болсақ, осынау жарқын өмірге жол сілтеген ұстаздарымызға да сондай қарыздармыз. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың  еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне  сіңіре отырып, болашағына бағдаршам етіп бере білді. Ұстаз болмысын үлгі еткен мен үшін мамандық таңдау да аса қиын болмады. Педагогикалық мамандық алып, өзім ұшқан ұяда еңбек жолын бастадым. Бұл мен үшін өрлеу жылдары болды. Еңбегім еленіп, қабілетімді бағамдаған ұжым басшылық деңгейге көтерді.

Осы өрлеумен қаламыздағы №11 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне, ал бүгінгі таңда ІТ мектеп-лицейге басшылық етіп отырмын. Бұл бір мақтаныш үшін емес, білім алған гимназиямның  үлесін айтқым келгені.  Сонымен қатар, бір мен емес, гимназия түлектерінің басым көпшілігі өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүргендігін уақыт көрсетіп отыр.  Сол кезде білім алған шәкірттері биік белестерді бағындырып, көптен озып, көшбасшылық дәрежесіне жетті. Қазіргі таңда бірі басшы болса, екіншісі мықты ұйымдастырушы атанды. Білімді үйрете де, меңгерте де білген үлкен жүректі ұстаздан тәлім алған шәкірт те биікке ұмтылып, шыңды бағындыратынын гимназия түлектері дәлелдеп отыр.

Өсе берсін мектебімнің мерейі,
Отыз жылда түлектері көбейіп.
Ұстаздарым жанға шуақ дарытқан,
Өздеріңді өз анамдай көрейін,
Қанат қағып шарықтадық алысқа,
Мектебімнің көп болды қой берері,
Шынар атты шәкіртіңнің қабыл ал,

Өркендей бер деген түлек тілегі.
Мақтанышым-ұстаздарым, мектебім.
Өзіңде өтті ең керемет сәттерім,
Алғысым да айтар саған көп менің… Иә, жарқын кездерімнен естелік жаза отырып, көңілге түйдектелген жолдар қаламымнан еріксіз ақ қағазға төгіліп жатыр, шіркін, бұл сол ұстаздарыма, сол жылдарыма, сол алтын ұяма деген сағыныш болар, бәлкім…

Шынар Балғабайқызы ИМАШОВА,
ІТ мектеп-лицей директоры, ұлттық
гимназия түлегі, Атырау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий