Тарихи факт пен көркем шығарма үндестігі арқылы оқыту тиімділігі

Қоғам дамуының қазіргі кезеңі адамның тіршілік әрекетінің барлық салаларына қатысты өзгерістермен ерекшеленеді. Бұл жағдайда білім алушыларға практикалық дайындық мәселелерінде жоғары талаптар қойылады. Білім беруді жаңарту әрбір білім алушының белгілі бір білім жиынтығын меңгеруіне ғана емес, оның жеке басы мен танымдық қабілеттерін дамытуға да бағдарлануды көздейді. Қазақстанның білім саласындағы қазіргі реформаларының бірі – білім мазмұнын жаңарту.  Білім беру мазмұнын жаңарту республика көлемінде жалпы білім беретін мектептегі білім сапасын анықтайтын білім мазмұны мен құрылымына өзгеріс енгізу, яғни білім алушының бірнеше пәндерден алған ақпараттарын синтездей алуға дағдыландыру.

Ол пәндерді кіріктіру арқылы жүзеге асады. Кіріктірілген оқу дегеніміз не? Кіріктірілу – бұл бір оқу мазмұнының пәндік концепцияларға сай әртүрлі саладағы жан-жақты білімдермен тоғысуы, бір-бірімен араласып кетуі. Мектептегі пәндердің кіріктіру үдерісін ұйымдастырудың басты формасы – кіріктірілген сабақ. Кіріктірілген сабақта оқушылар әртүрлі пәндердің ақпаратын қолдана отырып, оқиғалар мен құбылыстарды жаңаша түсіне отырып терең және жан-жақты білім алу мүмкіндігіне ие болады. Р. Декарттың «Барлық ғылымдардың байланыстылығы сондай, олардың бәрін бірден оқыту – олардың біреуін басқасынан бөліп оқытудан оңай» деген пікірін еске алсақ, пәнаралық байланыс білім берудің кіріктірілген технологиясының құрамына енеді. 

Көркем немесе тарихи шығарманы оқи алған, әрі терең түсіне алған оқушының кез-келген мәселеде танымдық, зерделік қабілеті жоғары болады. Қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы пәндері кіріккен сабақтары осы қабілеттерді  дамытуға ықпал етеді.  Әдебиет – тарих айнасы, ал тарих – ұлттың санасы. Ұлттың болмысы, тұрмыс-тіршілігі, мәдени мұрасы, салт-дәстүрі жазба және ауыз әдебиеттер арқылы  санаға сіңіріледі. Ұлттық сана – құндылықтардың негізі. Оқушы тиісті дәуірдің тынысын, заман келбетін тарихи-көркем әдебиет туындылары арқылы жан-жақты сезініп, айқын таниды. Кіріктірілген сабақта ұлттық құндылықтарды қалыптастыру тәсілдері қандай?   

Қазақстан тарихы және Қазақ әдебиеті  пәндері бойынша оқу жұмыстарын ұйымдастыру формасынан: 8-сыныпта “Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастыру” тақырыбын өткенде Ақтамберді жыраудың “Күлдір-күлдір кісінетіп” толғауының алынған  үзіндісін  “Ой шақыру” тапсырмасы ретінде беру сол кезеңдегі оқиға себептерін тануға әсер етеді. Оқушылар Ақтамберді жырау шығармасынан елдің арман -мұратын, халық батырлары мен ел билеушілерінің  мақсаттарын анықтайтын төмендегі толғау үзінділерін келтіре алады:  “Күреңді мінер ме екеміз”, “Ақ кіреуке киер ме екеміз?!”, “Майданды дабыл қақтырып, Ерлердің жолын аштырып, Атасы басқа қалмақты, Жұртынан шауып бостырып”, “Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып,  Өз алдыма ел қылсам!”,  Асқар бір тауды жайласам”.

“Рухани мәдениет және отбасылық салт- дәстүр ерекшеліктері” (8-сынып “Қазақстан тарихы”) тақырыбын   Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя” повесін оқыту арқылы меңгерту тиімді болады.  Оқушылар А1 ақ қағазға «Mind map» форматында постер жасайды. Шығармадағы “қонақжайлық”, “ат қою”, “шілдехана”, “бесікке салу”, “бата беру” салт-дәстүрлерді анықтап, олардың кейіпкердің қалыптасуына әсер ету факторын түсіндіреді, құндылықты таниды. Жетінші сыныптың Қазақстан тарихы пәніндегі “XVII ғасырдағы Қазақ хандығы. Есім хан (1598-1628)” деген тақырыпты Әдебиет пәніндегі Жиембет жырау тақырыптарымен байланыстырып, “Еңсегей бойлы Ер Есім” жырын дереккөзі ретінде беруге болады. Шығу тегі мен мақсаты негізінде деректің құндылығы мен шектеулігіне баға бер тапсырмасын орындайды.

Деректің шығу тегі мен мақсаты бойынша кестеде берілген сұрақтар негізінде жауап жазады. Жауапты жырдан мысал келтіріп, бекіту керек. Оқушы дерекпен жұмыс жасай отырып, сыни және зерттеу дағдысын дамытады.  Осы тақырыпты меңгертуде  Жиембет және Марғасқа жыраулардың жырларын ВЕНН диаграммасы арқылы салыстыру арұылы Есім ханның тұлғалық портретін ашады. Жырларға әдеби талдау жүргізу арқылы жыраулардың тілдік қолданысының ерекшеліктері мен ұқсастықтарын анықтап, құндылығына баға береді. Осы арқылы білім алушыларда жинақтау мен синтездеу дағдылары дамытылады. Жетінші сыныпта Қазақстан тарихы пәнінде “Көне түркі дәуіріндегі жазу” мен осы сыныптың Әдебиет пәніндегі “Орхон -Енисей ескерткіштері” тақырыптарын байланыстырып, “Тарихи хат жазу” (RAFT үлгісінде) тапсырмасын орындату тиімді.

Оқушы сол кезеңді өз таным-түсінігі аясында түсініп, сыни ойлау, шығармашылық дағдысын дамыта алады. Сегізінші сыныптың Қазақстан тарихында «Шоқан Уалиханов -дарынды ғалым» немесе тоғызыншы сыныптың  «Әдебиет» пәнінде Шоқан Уәлиханов “Ыстық көл сапары” тақырыптарында “Үш линза” әдісі  арқылы талдау және бағалау, зерттеу дағдыларын дамытады. Мәселен,  «Тілдік линза» бөлігінде шығарма жанрын, стилін, лексикалық бірліктерін анықтайды, «Тарихи және географиялық, мәдени линзалар» арқылы Ыстықкөл сапарының тарихи, географиялық, мәдени құндылығы қаншалықты маңызды екенін сараптайды,

«Биографиялық линзада» автордың өмір сүрген ортасын, туып-өскен жерні, өмір тарихын зерттеу арқылы Шоқанның тәрбиеленген ортасының оның тұлға болып қалыптасуына қалай әсер еткенін зерделейді. Осылайша, Шоқан тұлғасы арқылы білім алушының елжандылық, адамгершілік, халқына деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруға болады. Тарихи факт пен көркем шығарманың үндестігі әр білім алушының бойындағы ұлттық сананы тереңдететін жаңа факторлар табуға мүмкіндік береді.  Қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы пәндерін кіріктіру білім алушылардың өз елінің тарихына, әдебиетіне қызығушылығын арттырып, адамгершілік, құрмет, жауапкершілік, отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастырады.

Раушангул Турсынахуновна ЖОЛДЫБАЕВА,
Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі, Нұр-Сұлтан
қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 
Айгул Багдаулетовна МАНАБАЕВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев
Зияткерлік мектебі, Шығыс Қазақстан облысы
                       

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий