Шолпан Каринова, БҒМ вице – министрі: Білім саласы жаңа өзгерістермен толығуда
Заман талабына сай білім беру саласы әр күн сайын жаңа өзгерістер мен дамуды қажет етеді. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен білім сапасы, оқуға барлық мүмкіндігі қамтылған мектеп базасы жағынан көш ілгері жүретін білім ошақтарының үздік тәжірибелері осы сұранысты толықтай қамтуға көмектеседі. Бұл тұрғыда ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі КАРИНОВА Шолпан Таңатқызы газетімізге берген сұхбатында кеңірек әңгімелейді.

– Жаңартылған білім мазмұнын сәтті енгізу мақсатында еліміздің әрбір өңіріндегі мұғалімдерге әдістемелік қолдау ұйымдастырылған. Шолпан Таңатқызы, орта білім беру ұйымдарының арасында көшбасшылық рөлге ие болған бұл бастаманың идеясы неде? – Орта білім мазмұнын жаңарту аясында іс-әрекетті ұйымдастырушы ретінде көшбасшылық функцияларды атқаратын мектептер тағайындалып, олар өңірдегі өзге де мектептермен қоғамдастық құру арқылы мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі заманда кәсіби қоғамдастықтар кез келген өзгеріс пен жаңа бастамаларды іске асыруда таптырмас құрал болып табылады. Тағайындалған мектептердің үздік тәжірибелерін таратудың негізгі идеясы – жаңартылған білім беру бағдарламаларын мектеп тәжірибесіне енгізуде ең алдымен көшбасшы мектептердің ынтымақтастығы негізінде іске асыру.
Кәсіби қоғамдастық аясында педагогтердің құрылымдалған кәсіби дамуын ұйымдастыру арқылы мектептер арасындағы ынтымақтастықты орнату сапалы оқу мен оқытуға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін таратуға және оны мектептерге бейімдеуге арналған алаңдар құру қажеттілігі туындады. Мұндағы мақсатымыз оқу мен оқыту үдерісін жетілдіру үшін педагогтерге іс-әрекеттегі зерттеу, оқытудың жаңа тәсілдерін іздестіру бағытында қолдау көрсету.
– Үздік тәжірибені таратудың қызмет аясы мен оларға жүктелген жауапкершіліктің өте ауқымды екені байқалады. Осындай ауқымды жұмыстарды бақылау мен үйлестіру қалай жүзеге асырылады? – Біріншіден, үздік тәжірибесі бар мектептердің жұмыстарын үйлестіріп, әдістемелік басшылық жасау үшін әр ауданда ұжымдық кеңес органы – үйлестіру кеңесі тағайындалады. Кеңес құрамына білім беру ұйымдарының басшылары, көшбасшы мектептің үйлестірушілері, өңірдегі аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, Педагогикалық шеберлік орталығы мен филиалдарының, «Өрлеу» БАҰО» АҚ (келісім бойынша) қызметкерлері кіреді. Үйлестіру кеңесі өңірдегі үздік тәжірибесімен дараланған мектептердің желілік жұмысының стратегиялық бағытын анықтайды, келешектегі және ағымдағы (жылдық) жұмыстарын өңірдің білім басқармасы мен әдістемелік қызметімен келісу арқылы жоспарлайды.
Үйлестіру кеңесіне жалпы басшылық жасауды облыстық Білім басқармасының, қалалық/аудандық білім бөлімдерінің әдістемелік орталықтары жүзеге асырады. Екіншіден, үздік тәжірибесімен танылған мектептер аймақтық бір-біріне жақын орналасқан серіктес мектептердің басын біріктіреді. Соның негізінде облыстық Білім басқармасы мен өңірдің әдістемелік қызметтері осы мектептердің бірлескен тәжірибе алаңдарын ұйымдастыруына ықпал етіп отыр. Бүгінде үздік тәжірибесі бар мектептер Назарбаев Зияткерлік мектептері ұжымымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу арқылы инновациялық бастамаларды серіктес мектептерге тасымалдаушы рөлін атқарып отыр.
Сондықтан заманауи білім беру үрдістерімен жабдықталған үздік тәжірибелі мектептердің кәсіби желісі тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл өз кезегінде көшбасшы мұғалімдердің кәсіби әлеуетінің өсуі мен санының артуына да ықпал етуде. Мектептерде «Теңбе-тең» қағидасы арқылы мұғалімдердің бірлескен оқу ортасы қалыптасып, шығармашылық топтар мен мектептің әдістемелік актив жұмысының аясын кеңейте түсуде. Осы атқарылып жатқан істер ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын жақсартуға байланысты қойған талаптарын іске асыру барысында жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздік мәселесі де шешілуде. Тек бұл ғана емес, жалпы өңіраралық теңсіздікті көруге болады.
Кейбір облыстарда ауыл мектептерінің деңгейі өзге облыстың қала мектептерінен де жоғары болып жатқан кездер бар. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық-сараптамалық орталығы бұл жұмысқа үлкен талдау жасады. Сөйтіп, әр аймақтың әдістемелік кабинеттері бірлесіп, бүгінде сапалы білім беріп отырған және сапаны жоғарылатуды қажет ететін мектептерді анықтап, оларға нақты әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын бастады. Сонымен қатар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы биылдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге сапасы төменірек мектептерді біріктіру арқылы кәсіби жетілу жолында бірқатар жұмыстарды жоспарлады.
Негізгі мақсат – сапасы нашар мектептерге қолдау көрсетіп, оларды неғұрлым алға жылжыту сұрақтарын жасау. Осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып отыр. Мұны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы да жүргізуде. Оған қоса білім-инновация лицейлерінің де қосып жатқан үлесін айту керек. Бүгінгі таңда олардың да өзіндік дамыған жүйесі болғандықтан, тәжірибесін тарату, әсіресе тәрбие беру арқылы оқыту тұжырымдамасын енгізу жұмыстары қаралып жатыр. Сондай-ақ елімізде гуманитарлық білім беру бағытында былтырғы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған хакім атындағы мектептердің желісін құру да қолға алынды. Қазіргі уақытта 13 өңірде Абай мектептері бар. Келешекте әр өңірде осындай Абай мектептерінің желісі ашылып, олар да Назарбаев Зияткерлік мектептері секілді тәжірибені жақсарту мәселесімен айналысатын болады.
– Сіз айтып отырған үздік тәжірибені таратушы мектептер синергиялық сипатта білім саласын жаңғыртуға үлкен үлес қосып отыр. Сіздің ойыңызша, инновациялық үдерістердің табысты және тұрақты болуы үшін не қажет? – Иә, дұрыс айтасыз, мектептердің білім берудегі мәселелерін бірлесе шешіп, туындайтын өзгерістерге синергиялық ықпалын ерекше атап өткім келеді. Бұл инновациялық үдерістердің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Көшбасшы мектептердің серіктестік негізде басқа білім беру ұйымдарына оқу-әдістемелік, зерттеушілік және ақпараттандыру бағытындағы көрсетіп жатқан қызметтері құнды. Осы бағытта атқарылған жұмыстар әрбір мұғалімнің дербестігін қалыптастыруға, олардың кәсіби білімін дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде білім алушылардың академиялық жетістіктерінің артуына ықпал ететіні сөзсіз.
Тәжірибені таратушы мектептерді ресурстармен қамтамасыз етіп, материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге мемлекет пен қоғам тарапынан әлеуметтік және кәсіби серіктестік орнату арқылы мүмкіндіктер аясын кеңейте аламыз. Меніңше, бұл мектептердің инновациялық әлеуеті зор, сондықтан білім саласын жаңғыртудағы үлесінің әрі қарай арта беретініне кәміл сенемін.
Ашық әңгімеңізге үлкен рахмет.
Сұхбатты жүргізген –
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласы