Мамандығым – мақтанышым, мәртебе
Қазақ қай уақытта болмасын өз ұрпағымен мақтанған халық. Дүниенің жарқын жақтарын өз ұрпағының жетістіктерінен көре білген – дана халық. Қазіргі уақыт талабы «Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын – заман» – демекші, кейде отырып, түрлі ойға бататының рас. Бүгінгі таңдағы қарбалас тіршілікте кімді болмасын, ойландыратын, алға ұмтылуға түрткі болатын жағдайлар өте көп. Соның бірі әлеуметтік желілердегі ақпараттар. Әлеуметтік желілерден өзіңе керегіңді ала білу, оны жүзеге асырып, қолдана білу бұл нағыз шығармашыл жанның іс – әрекеті.

Мен өз мамандығыммен мақтанамын. Себебі, бүгінгі қашықтықтан оқыту талабы көптеген мамандарға әлеуметтік желілерді пайдалана білуге үйретті. Комьпютерді толық меңгеруге негіз болды. Еліміз бойынша әсіресе, педагог мамандарға балаларға білім беруде көп жүк түсті. Дегенмен, нәтиже жаман емес, ұялы телефонның біз білмейтін мүмкіндіктерін игеріп, шыңдала түстік. Соның бірі біздің балабақшамыздағы педагогтардың еңбегін жіпке тізейін. «Күншуақ» бөбекжай – балабақшасының меңгерушісі Еламанова Бинур өзі сондай еңбекқор, жан – жақты, жауапкершілікті, талапшыл, турашыл жан.
Бинур Тохтасынқызының ұтымды үйлестіруімен біздің балабақшамыз аудандағы тоғыз мемлекеттік балабақшалардың ішінде алдыңғы қатарда. Ұйымшыл ұжымымыз өте белсенді, тиянақты мамандармен толыққан. Қашан көрсең жүзінен күлкі үйрілген, ұжым жэетекшісі маған өмірде бәрінен жол табуға болады, тек адал жұмыс жаса – деп үйретеді. Сонымен осы әлем бойынша елді елең еткізген пандемия жағдайы басталған сәттен бастап, балабақша меңгерушісі мектепке дейінгі ұйымдар екі бағытта (кезекші топтармен жұмыс, қашықтан оқытуға көшкенде ата – аналарға) игі тілегін былай жеткізді.
– Сәлеметсіздер ме, құрметті ата – аналар, балалар! Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты № 604 бұйрық негізінде жұмыс жасау талабы жүзеге асырылуда. 2020-2021 оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу мен білім беру процесін ұйымдастыру кезекші топтармен және қашықтықтан оқытылатыны туралы №345 бұйрықта толық қарастырылған. Осыған байланысты біз сіздермен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын екі бағытта ұйымдастырып отырмыз. Соған байланысты құрметті: ата – аналар қазіргі таңдағы пандемия жағдайында балаларымызға қолдау көрсетіп, бізбен бірлесе отырып, өздеріңізге жіберілген тапсырмаларды балаларымызға түсіндіріп, дұрыс қабылдауларына көмектесулеріңізді сұраймыз. Біздің басты мақсатымыз, «Бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас» шығарып, ертеңгі елдің болашағы балаларымызға сапалы білім беру, – деді сөйлеген сөзінің соңында.
Одан кейін ортаға шыққан мен мен балабақша психологы, әдіскері ретінде: – Сәлеметсіздер ме, құрметті ата – аналар, балалар! Бүгінгі күннің талабы 2020-2021 оқу жылында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің мақсаты балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жан-жақты үйлесімді дамуы үшін жағдайлар жасау. Оның негізгі міндеттері: ерте жастағы балалардың әлеуметтік дағдыларын дамыту және қалыптастыру (3 жасқа дейін); балаларды қауіпсіз және жайлы тыныс-тіршілік жағдайларымен қамтамасыз ету; балаларды мектепте оқуға табысты дайындау үшін сапалы білім беру қызметтерін ұсыну. Біздің балабақшаның тәжірибелі тәлімгерлері баршаңызбен ұдайы әрі жедел байланысқа шығып, әр күндеріңіздің көңілді және сәтті өтуіне септігімізді тигізсек деген мақсатта, күнделікті оқу қызметтерімізді, ойындарымызды ұсынамыз. Бізбен бірге болыңыздар!, – деп бағыт пен бағдарға қоса жөн сілтедік.
Балабақшамыз өз ісіне тыңғылықты, жинақы, жауапкершілікті мамандармен толыққан. Әрине, жас мамандарда жоқ емес. Ол жас мамандарымызға Жунусова Ардак Кубеевна, Салыкова Акмарал Ахметовна есімді тәжірибелі тәрбиешілеріміз әрқашанда көмектесіп, жол көрсетіп отырады. Және де осы педагогика саласындағы, соның ішінде мектепке дейінгі ұйымдағы жұмысты тиянақты, жүйелі жүзеге асыруымызға қолдау көрсетіп отырған педагогика ғылымдарының доценті, қазақ халқының жанашыры, «Сиқырлы қалам» бағдарламасының авторы, көптеген еңбектері республикалық және аймақтағы мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген балабақшамыздың аға әдіскері Еденбаева Зауре Дуненбековнаның нәтижелі еңбегі.
Сонымен қатар қашықтан оқыту бойынша еңбек жасап отырған тәрбиешілеріміз Жунусова Ардак Кубеевна, Салыкова Акмарал Ахметовна, Айнабекова Айгуль Курманкуловна, Дудабаева Ардак Матанбековна, Жалбагаева Назгуль Турысбековна, Турманова Эльмира Уразымбетовна, Дуйсенбаева Асем Советбековна өз шығармашылықтарын ата – аналармен бөлісуге әрқашан қуана – қуана жұмыс жасауда. Ал, балабақша психологы ретінде әр апта сайын сәрсенбінің сәтінде онлайн психологиялық оқу қызметтерін әзірлеп, өзімнің де, педагогтарымыздың да, ата – аналарымыз бен балаларымыздың күнделікті өмірде жақсы ойда жүруге септігімді тигізудемін.
Мен тағы да айтамын, өз мамандығыма ризамын. Қашықтан оқыту бойынша «Логикалық ойындар», «Отан – отбасынан басталады», «Кітап оқуға дайынсың ба?», «Біз бақытты баламыз!», «Достық және Мен», «Дені саудың – жаны сау», «Әдептілік – тәрбие бастауы», «Адамгершілік – асыл қасиет», «Сөйлеу – мәдениеті», «Көңілді қыс және қысқы ойындар», «Жақсылық – жан шуағы», «Ата – ана махаббаты», «Кім жылдам?», «Дидактикалық ойындар» және тағы да басқа түрлі тақырыптарда слайдтар әзірлеп, психологиялық видео сабақтар түсірдік.
Осы видео сабақтар түсіру арқылы балабақша жұмысының тағы бір қыры мен сырын аштық. Яғни, Bilimkids, I mektep, Әткеншек сайттарынан оқу қызметтеріміздің мәнін ашатын қызықты видеолар, сергіту сәттерін, балаларға арналған әндер, мультфильмдер мен ертегілер алып, сол арқылы ойымызды ата – аналар мен балаларға толық жеткіздік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – әрбір адам өзінің жасаған ісін шынайы жақсы көрсе, шығар шыңы биік болатынына сенемін.
Гүлнұр Теңізбайқызы СӘРСЕНБАЕВА,
“Күншуақ” бөбекжай – балабақшасының
әдіскері, Алматы облысының Іле ауданы