Білімді ұрпақ – келешектің кепілі
Оқу білімнің қайнар көзі, тау бөктерінен сарқырап аққан таза бұлақтың көзіндей, жыл сайын жаңарып, жаңашылдығымен толысып отыратын киелі де қасиеті мекен – «мектеп» деп аталады бағалаушы едім, егер де әлдекім сұрай қалса. Болашақта асқар – асқар таулардан өтіп, биік шыңдарды бағындыратын шәкірттер тәрбиелеуде білім ордаларының толассыз еңбегі күнннен күнге артпаса кеміген емес. Мектеп – бұл тамырын тереңге жайған алып бәйтерек секілді, діңгегі мықты бұтақтары тәжірибелі, білікті ұстаздар болса, қалған жіңішке бұтақтары жас буын, енді ғана тәжірибе жинақтап, білгенімен бөлісіп, білмегенімен үйреніп жүрген жас мамандар, жасыл түстес жапырақтар ол біздің оқу білімге, ізденіске құштар шәкірттеріміз.

Бәйтеректің бұтағы қаншалықты мықты болса, жапырақтары соғұрлым жайқала түспек.Яғни, мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақ. Ұлағатты ұстазы берген сапалы білім мен саналы тәрбие әрбір жеткіншектің өміріне жол көрсететін шамшырақ іспетті. Келешектің қамын ойлайтын, білімді ұрпақ тәрбиелеуде аянбай тер төгіп келе жатқан көп жылдық тарихы бар білім ошағымыздың біршама жетістіктерімен бөлісуді жөн көрдім. Дүниежүзінде жүріп жатқан пандемияға орай биылғы оқу жылы еліміздің барлық өңірінде қашықтықтан оқытумен кезекші сыныптардың ашылуымен басталған болатын. Алайда еліміздің білім саласы бұл жүйеде де жұмысын қарқынды жүргізіп келеді.
Түрлі деңгейдегі қашықтан өткізіліп жатқан олимпиадалар, байқаулар ойдағыдай жүзеге асырылып, білім саласы өз көшінен қалыс қалып жатқан жоқ. Осы орайда біздің білім ордасының әкімшілігі мен ұстаздарының атқарып жатқан жұмысы, білім саласының өсіп өркендеуіне қосып жатқан үлесі орасан зор. Соның бірден бірегейі биылғы оқу жылында «Дарын» республикалық ғылыми практика орталығының ұйымдастыруымен әл – Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына қарсаңында қашықтықтан өткізілген әл – Фараби атындағы халықаралық олимпиадаға үздік оқушыларымыз қатысты.
Қорытынды нәтижесінде 10 сынып оқушылары Клочкова Анастасия (1-орын) мен Кулькубаева Лия (3- орын) үздік нәтиже көрсетті. Қашықтықтан өткізілген бұл олимпиада жаратылыстану математика циклы бойынша өткізілген болатын. Тағы да республикалық “Дарын” ғылыми практика орталығының ұйымдастыруымен қашықтан өткізілген «Байтақ Ел» атты олимпиадасында 27 оқушысының әрқайсысы жүлделі орындарды қанжығасына байлап, мектебіміздің мәртебесін бір марқайтып тастады. Алты оқушы бірінші орын, он оқушы 2 орын, он бір оқушы үшінші орынды иеленді. Олимпиада 9 және 10, 11 сыныптар арасында өткізілді.
Осындай үздік нәтижелерге тынбастан еңбек етіп, шәкірттерін дайындап, керемет жетістіктерге қол жеткізген тәжірибелі ұстазымыз биология пәнінің мұғалімі Жолдыбаева Жанат Бисенбаевна. Осындай нәтижелі еңбектің бірін айта кететін болсақ, жас буынды патриоттық, азаматтық, ата дәстүрімізге, мәдениетімізге деген құрметтерін арттыру мақсатында республика деңгейінде ұйымдастырылып, қашықтан өткізілген «Үздік мектеп мұражайы» атты байқауда өз бағын сынап, сынақтан сүрінбей өтіп, керемет нәтижеге қол жеткізген тағы Клочкова Анастасия болатын. Мұндай беделі биік көрсеткіш жайдан жай келмейді. Қыруар еңбекті қажет етіп, алтын уақытты алатын үздік нәтижелердің әрқайсысының соңында шәкіртіне үйретуден жалықпаған, үйрете жүріп ізденіс үстінде жүретін қайтпас қайсар мұғалім тұр.
Настяның осы жолғы жеңісінің жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Битаева Бибігүл Қожабековна. Бұл біздің жетістіктеріміздің бір парасы ғана еді. Біздің білікті ұстаздарымыздан келешегіне жарар білімін алып, игілігіне жаратып жүрген түлектеріміз қаншама. Білім саласында болып жатқан қандай да бір байқаулардан мектеп гимназиямыз қалыс қалған емес. Ендеше әріптестеріме әрқашан шығармашылық табыстар мен үздік нәтижелі жұмыстар тілеймін.
Жансая Бексейтовна АБДРАМАНОВА,
№ 44 мектеп гимназия қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Алматы облысының Түріксіб ауданы