Біліктілікті арттыру курстарының тиімділігі
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: – Біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттердің оңтайлы ара қатынасын қамтитын болады, – деп нақты айтылған. Біліктілікті арттыру – мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту, кәсіби даму іс-шараларына қатыстыру және өз білімін көтеруі болып табылады. Педагогтердің біліктілігін арттыру – оқыту және оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.

Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің сапасы. Ал осы сапаға қол жеткізу үшін біліктілікті жетілдіру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру мақсатында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институты, “Бөбек” Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығы, «Түзеу педагогикасы» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, “Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан өткізіліп жатқан көптеген қысқа және ұзақ мерзімді курстар, ДББҰ бағдарламасына негізделген деңгейлік курстар, орта білім мазмұнын жаңарту аясында ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстары педагогтардың кәсіби даярлығын арттырып, өз ісін жоспарлай алуына, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көріп, баланың әрекетін ұйымдастыра алу шеберлігін шыңдауындағы маңызы өте зор.
Қазіргі таңда біліктілік арттыру курстары түгелімен онлайн режимде өткізілуде. Сонымен қатар «Өрлеу» «БАҰО» ұйымдастырған «Blended Learning» режиміндегі курстар тыңдаушыларға өндірістен қол үзбей өз бетімен білім алуға, дәстүрлі әдістемелер мен өзекті технологияларды біріктіруге, жұмысты өз бетінше ұйымдастыруға және жоспарлауға, білім алуға және талдауға, ақпаратты іздеуге және іріктеуге, шешімдер қабылдауға, жобаларды таныстыру дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Аралас оқу («Blended Learning») – дәстүрлі күндізгі оқу нысанында және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып жүргізілетін оқыту технологиясы.
Аралас оқу режиміндегі курс үш кезеңнен тұрады: күндізгі оқу, қашықтықтан оқу (онлайн-online), өз бетімен оқу (офлайн-off-line). Курс бағдарламасы біліктілікті арттырудың құзыреттілік моделіне бағытталып, заманауи білім беру технологиялары мен интерактивті оқыту формаларын пайдалану арқылы қол жеткізілген іс-әрекет тәсілдерін көздеді. Коронавирусты инфекцияның алдын алу және оны болдырмау мақсатында (пандемия COVID-19) Білім және ғылым министрлігі оқу процесін сандық білім беру технологияларын қолдана отырып, қашықтықтан оқытуға көшірді. ТЖ және карантин кезеңінде мұғалімдер қашықтықтан оқыту форматына көшті. Оларда сабақты қалай ұйымдастыруға болады, өз уақыты және тағы да басқа көптеген сұрақтар туындады.
Жаңа оқу жылына арналған жоспарлар жарияланып, бірінші тоқсан нақты қашықтықтан өткізілетіндіктен, үкіметтік деңгейде мұғалімдерге «Қашықтан оқытуды үйренемін» курсын бастау туралы шешім қабылданып, «Қашықтан оқытуды үйренемін» онлайн-курсы кезең-кезеңімен тегін оқытуды қарастырды. Курс төмендегідей модульдерді жүзеге асырды: – қашықтан оқытудың ерекшеліктерін зерттеу (қашықтағы сабақтарды ұйымдастыру, жоспарлау). оқушыларды қашықтан оқытуға ынталандыру мен қатыстырудың ерекшеліктерін зерттеу (оқушылардың өзіндік жұмысын қалай ұйымдастыруға болады немесе үй тапсырмасын қалай тексеруге болады).
АБТ құралдары мен қызметтерін зерттеу. Қашықтан оқыту форматындағы ата-аналармен жұмыстың ерекшеліктері. Курстың артықшылығы оқушылар Ресейлік stepik.org платформасына кез-келген ыңғайлы уақытта кіре алатындығында. Қашықтан оқытудың уақыт пен кеңістікке тәуелсіз үдеріс екеніне, сандық технологиялар арқылы өз бетінше үздіксіз білім алып, сан алуан ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерінің болуына, әлеуметтік жағдайына қарамастан еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім, ғылым жаңалықтарымен танысып, өз бетінше игеру құқығының бар екеніне, сонымен қатар өзіндік мақсат-міндеттері және оқушыларға өз бетімен оқып-үйренуге негізделген кейс технологиялардың тиімділігін арттырудың аса қажеттілігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Педагогтардың біліктілігін арттыру әлемді жайлаған пандемиялық індет кезеңінде де сөйтіп бір сәт толастаған емес. Осындай қиындық қайта оқытудың жаңа форматының кең етек жаюына жол ашты. Педагогтарға да жаңаша ізденістердің қажеттілігін айқындап, жауапкершіліктерін арттыра түсті. Қашықтан оқыту жүйесінің бұрынғы бетпе-бет оқытудың деңгейінен түсірмеуде түрлі тиімді әдіс пен тәсілдерді тиімді қолдану арқылы қоғам талаптарынан табыла білді. Сондықтан да барлық қоғамдық-экономикалық формацияда заманға сай ұрпақ тәрбиелеуде сыннан өткен айбынды авангард – ұстаздардың ұрпақ тәрбиесі алдындағы, қоғам алдындағы тағы бір жүзеге асырған әрекеті болды дегеніміз орынды.
Әрине осы жетістіктердің бәрінің негізі білім жетілдіру курстарының педагогтарға тигізген әсері екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Білім беру саласының әрбір мұғалімі білімін жетілдірумен бірге оны практикада қолдануда жетістікке жетуге мүдделі. Бұл орайда, әсіресе білімді дамыту оқу-әдістемелік орталықтарындағы әдіскерлердің білім берудегі функционалдылықты жүзеге асырудағы әдістемелік көмектері мен әдістемелік қолдауларының ролі ерекше. Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің: – Шәкірті білімді болуы үшін мұғалімнің өзі білімді болуы керек, – деген тұжырымы оқу-әдістемелік әдістемелік орталығының басты назарында.
Сондықтан да әр педагогтың курстағы және курстан кейінгі дамуына зерттеу жүргізіліп отырады. Әдістемелік жүйені одан әрі жетілдіруде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясы тарапынан ұйымдастырылған «Педагогті әдістемелік қолдау», Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университеті өткізген «Білім сапасын қамтамасыз етуде аудандық әдістемелік кабинеттердің ролі» және басқа да түрлі тақырыптардағы курстардың тиімділігі байқалды. Аталған курстарда тек теориялық білімді жетілдіру ғана емес, әдіскерлер тарапынан көкейде жүрген мәселелерді де бірлесіп шешуге ықпал еткені әр әдіскердің, әр педагогтың жұмыс нәтижесіне деген сенімділігінің нығаюына ықпал етті.
Әрине қазіргі әлемдік стандарттар үдесінен табылу жолындағы өзгерістерді енгізуде проблемалар да жетерлік. Соның бірі – әлемдік тәжірибені ұлттық менталитетімізге орайластыра енгізу. Адамгершілік идеялардың үндестігіне негізделген реминисценцияның білім беру жүйесіне де оң әсері болары сөзсіз. Бүгінде ДББҰ бағдарламалары тарапынан енгізілген өзгерістердің тиімділігі байқалып келеді. Алдағы әрекеттердің бірі еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылғанмен, әлі күнге білім саласына толықтай енгізілмей келе жатқан 4К моделі де аталған курстарда талқыланып, оны жүзеге асыруда тиісті бағыттар белгіленгені бірлескен әрекеттердің жемісі деуге болады.
Білім жетілдіру курстарын мектептегі практикалық әрекеттер мен зерттеу саласының арасындағы алтын көпір деуге де болады. Сондықтан оқулықтардағы олқылықтардың кейбір жетілдіру сипаттары да курстарда талқылануда. Мектеп педагогтарынан алынған кері байланыстар нәтижесінде оқулықтар сапасы да біртіндеп қажеттіліктерге сай болып келеді. Бұл да өткізілген курстардың екі жаққа да пайдалы тұстары барын аңдатады. Білім беру ісі үнемі ізденістермен дамиды. Қандай қоғамдық-экономикалық формация болмасын оның өзіндік талабы, талғамы болады. Ал білім беру саласы сол талап пен қажеттіліктерге сай ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісін жүзеге асыратыны анық.
Қазіргі егеменді еліміздің ертеңі білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақтардың қолында. Олай болса, уақыт талабына, замана талғамына сай ұрпақ тәрбиелеуде білікті де білімді, құзыретті, жауапкершілігі мол ұстаздар ғана жүзеге асыра алады.
Бибігүл Рысбекқызы АХМЕТОВА,
облыстық білім беруді дамыту оқу әдістемелік
орталығының педагог кадрлардың біліктілігін
арттыру бойынша әдіскері, Алматы облысы