Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөздік қорын дамытуда ойын технологияларын қолдану жолдары

Сөйлеу тілі ақаулықтарының ішіндегі ең көп тараған және күрделі түріне жататыны сөйлеу тілінің жалпы дамымауы (ЖСТД) болып саналады. Сөйлеу тілі жақсы дамып, сөздік қорының мол болуы тұлғаның дамуына және қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына мол септігін тигізеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың, атап айтсақ сөйлеу тілі зақымдалған балалардың логикалық ойын жүйелі жеткізе білуге, бір-бірімен тікелей қарым – қатынас жасауға дағдыландыруда ойындардың ролі ерекше. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Сондықтан, ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіріп, өз қажетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көрсетеді.

Ойының ережелері ойнаушыладың қисынды ой қабілетінің бір – біріне деген сыйластық қажеттіліктерімен санасуы әр ойыншының жеке әрекетінен туындайды. Ойынның негізгі мақсаты – баланы қызықтыра отырып білімді берік меңгерту болса, педагогтың міндеті – сол ойын түрлерін пайдалана отырып, балаларды өздігімен жұмыс істей білуге, ой белсенділігі мен тіл байлығын арттыра түсуге түрлі дағды мен шеберлікті меңгертуге қол жеткізу. Дұрыс ұйымдастырылған ойын әрекеті балалардың өзара қарым-қатынасын дамытумен бірге мұқтаждықтарын қанағаттандыратын істерді жүзеге асыруға дағдыландырып, пайдалы және өнімді әрекеттер жасауға баулиды. Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөздік қорын молайтып, жаңа сөздерді меңгеруде шешуші роль атқаратын жұмыстың бірі – сөздік жұмыс.

Осы сөздік жұмысты жүргізуде, бекітуде, оны  қолдана білуде ойынның атқаратын ролі ерекше. Бала ойнай отырып, тілдік материалды меңгеру мақсатында сөздерді жаттайды. Бұл жалпы сөйлеу тілі дамымаған баланың ақыл – ойына күш түсірмей, ойын түрінде өткізіледі. Балалардың логикалық ақыл – ойын, эмоциялық еркін, зейінін, ынтасын дидактикалық ойындар арқылы арттыру барысында ойындарды түрлендіріп, күрделендіріп отыруға болады. Ойынның әр түріне уақыт саналы түрде бөлінуі қажет. Логопедтің алдына қойған мақсатына байланысты логопедиялық сабақта да олардың  аралығында да әр түрлі ойындар қолданылады. Бірінші жағдайда ойын дұрыс сөйлеу туралы білім алуға, оларға қажетті дағдылар мен білімдерді тәрбиелеуде ұжымға деген дұрыс қарым-қатынас  қалыптастыруда көмектеседі.

Екінші жағдайда баланы іс-әрекеттің бірінші түрінен екінші түріне  ауыстыруға, сондай-ақ демалуына, сабақ барысында алған білімін еш мәжбүрсіз бекітуге мүмкіндік береді. Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөздік қорын дамыту ісінде: жаңа сөздерді меңгерту; үйренген сөздерін тиянақтап, нақтылап отыру басты міндеті саналады. Г.С.Оразаева, Н. А. Короткова, Н. Я. Михайленко, А. И. Сорокина, Н. Р. Эйгес және тағы да басқа авторлар жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалармен түзету жұмыстарын жүргізу барысында ойынның мынадай түрлерін қолдануды ұсынған: грамматикалық; фонетикалық; лексикалық; орфографиялық. Сөздік қорын дамытуға бағытталған ойындар тобының негізгі құрамын лексикалық ойындар құрайды.

Лексикалық ойындар дегеніміз – балаларға  коммуникативтік жағдаяттарда нақты сөзді дұрыс қолдануға дағдыландыратын, сол арқылы ойлауы мен сөйлеуін белсендіретін ойын түрлері. Лексикалық ойындар өз кезегінде балалардың тілін дамыту, сөздік  қорларын  дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген  сөздерін  күнделікті  өмірде  еркін қолдану, әрі  оны  күнделікті  іс-әрекет  кезіндегі  тілдік  қарым-қатынаста қолдануға мүмкіндік береді. «Сөз жаса» ойынының мақсаты: сөздік қорын, ойлау қабілетін дамыту. Мазмұны: әр бала өз атын әріптеп айтып, әр әріпке сай жақсы сөздер айтады. 

Әсем қандай қыз?
Ә – әдемі, әдепті.
С – сұлу, сүйкімді.
Е – еңбекқор, елгезек, епті.
М – мейірімді, мәдениетті. Кейін  “Әсем” деп ат қойып, мәтін құрастыруға болады. “Әсем”. Әсем әдемі, әрі әдепті қыз. Әсемнің жаны да, өзі де сұлу. Оның сүйкімді, қылықтары өте көп. Айтар болсам ол епті, елгезек. Ол үлкенге де, кішіге де мейірімді, мәдениетті қыз. Әсемнің мінезі жайдары. Әсемнен мықты дос шығады. Ойындарды, тапсырмаларды  таңдауда  және  іріктеуде  балалардың  жас   және   жеке ерекшелігін ескерген жөн. Сонымен қатар, уақытты шектеумен (мысалы, 3-5 минут) жүргізу де дұрыс.

Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөздік қорын дамыту мақсатында өткізілетін ойындар арқылы енжар сөздік қорындағы сөздерді белсендіруге; белсенді сөздік қорын молайтуға; өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамытуға; белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білетін ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе аламыз. Қорыта келе, балалардың ана тіліндегі дыбыстарды анық айтып, дұрыс сөйлей білуге берілер білімнің ықпалы зор екендігін айтамыз. Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың лексикалық-грамматикалық жағын қалыптастыру барысында олардың енжар, белсенді сөздік қорын анықтауға, белсендіруге, молайтуға бағытталған әр түрлі тапсырмалар, ойындар кеңінен қолданады.

Қазіргі заман талабына сай оқу – тәрбие үрдісін ұйымдастыру, яғни әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, ойына, бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу, педагогтың алға қойған міндеті. Айналадағы дүниені, табиғатты бақылап, түсіндіріп, әрдайым жаңа сөздермен, сөздік қорын толықтырып отыру қажет деп есептейміз. Жоғарыда айтылған мүмкіндіктерге сай жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөйлеу қабілеттерін тереңдетіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуда ойнайтын ойынына, айтқан әңгімесіне, өзі құрастырған қысқа әңгімелеріне бағыт – бағдар бере отырып, тіл байлығын, сөздік қорын дамытуды басты назарда ұстау керек деп ойлаймыз.

Баланың сөздік қорын молайту мақсатында оның ойнаған ойынына қарай сөйлеу тілінің ары қарай дамуына септігін тигузіге болады. Сондықтан да, жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөздік қорының ерекшеліктерін анықтай отырып, оны дамытуға бағытталған логопедиялық жұмысты ұтымды және тиімді ету мақсатымен, түзете-дамыта оқыту жұмысы мазмұнында ойын технологияларын қолдана отырып балалардың коммуникативтік білігін өсіруді алдын-ала қарастырған дұрыс.

Ақбөпе Сайдинқызы УАЙТОВА,
№108 жалпы білім беретін мектептің логопеді,
педагогика ғылымдарының магистрі, Алматы
қаласының Жетісу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий