Университет спортшылары республикалық сайыста жүлделі орын иеленді

Біздің жоғары оқу орнының спортшылары таяуда волейболдан ерлер арасында өткен Қазақстан Студенттер лигасы сайысына қатысып, жүлделі орын иегері атанды. Осыған орай, университет ректоры Каримова Бейбіткүл жеңімпаз спортшыларымыздың жаттықтырушысы С.Бакенов пен дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі В.Мощеевті қабылдады, – деп хабарлайды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз қызметі.

 

Спорт саласында талай мықтыларды тәрбиелеп өсірген тәжірибелі жаттықтырушылар университет басшысына жүлделі орын медалі мен кубогын табыстаса, Бейбіткүл Сарсемханқызы өз кезегінде университеттің кез-келген жетістігіне қуанып, мақтан ететінін және спорт саласы ешқашан назардан тыс қалмайтындығын айтып өтті. Қазақстан Студенттер лигасы жарысына республикамыздың жоғары оқу орындары арасынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Д.Серікбаев атындағы ШҚТМУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Silkway Халықаралық университеті және Абай атындағы ҚазҰПУ сынды мықты командалар қатысты.

Тартысты ойын нәтижесінде университет құрамасы жүлделі екінші орынды иеленді. Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде 11 спорттық секция жұмыс жасап жатыр. Оның арасында пауэрлифтинг, футбол, волейбол, күрес түрлері, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, бокс, фитнес, жүзу секциялары аса сұранысқа ие. Секциялардың басты мақсаты – студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене тәрбиесі және спортпен әрдайым шұғылдануға шақыру, студент жастар арасынан дарынды спортшыларды анықтап, университет құрама командаларына іріктеу.

Бүгінгі күні университеттен түлеп ұшқан талай жас спортшыларымыз өз бақтарын республикалық деңгейде сынап жүр. Алдағы уақытта тәжірибелі жаттықтырушылар еңбегімен университет қабырғасынан әлі талай спорт үздіктерін түлететінімізге сенеміз!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий