Эксперимент аясындағы жұмыстарға түйіндеме

“Егер сіз педагогикалық еңбек мұғалімге қуаныш әкелсін десеңіз күнделікті сабақ беру бірқалыпты жалықтырғыш міндетке айналмасын десеңіз, әр мұғалімді табысты зерттеуге жетелеңіз”, – деген Василий Сухомлинскийдің қанатты сөзін ұстансақ, бүгінгі таңда білім сапасын көтеретін мұғалімдерді кәсіби қолдау мәселесі замануи білім беру жүйесінің негізгі  ұстанымдарының бірі болмақ.

 

Академик Асқарбек аға Құсайынов ұсынған «Білім сапасын арттырудың ғылыми тәжірибелік негіздері» эксперимент Тұжырымдамасында орта білім сапасын көтеруге бағытталған негізгі жүйе құраушылар нақты көрсетілген. Осы құраушыларды сапалын көтеру жұмыстарын жүйелі жоспарлау және жүргізу арқылы білім ұйымдарында оқушылардың білім сапаларының қалай артатындығын бақылау үшін ауданда 2018-2019 оқу жылында 10 мектепте эксперимент жұмысы бастады. Мектеп басшылары мен мұғалімдерге эксперименттің тұжырымдамасындағы мақсат-міндеттер жан-жақты түсіндірілді. Білім сапасын көтеру көптеген факторларға байланысты. Солардың бірі – педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі.

Білім беру жүйесінің сапасы онда жұмыс істейтін мұғалімдердің сапасынан жоғары болуы мүмкін емес. Біз, бірінші кезекте, педагог кадрлардың біліктілігін көтеруді қолға алдық. Эксперимент сыныптарда сабақ беретін педагогтардың кәсіби біліктілігін көтеруге М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері үлкен үлес қосты. Мектептерге келіп мұғалімдер мен оқушыларды ғылыми ізденіске бағыттау, ғылыми мақалалар жазуға, жаңартылған білім мазмұнындағы оқыту мен оқудың сапасын арттыру бойынша өздерінің іс-тәжірибелермен бөлісті.

Сонымен қатар әдіскерлер тарапынан экспериментке енген мектептердегі мұғалімдер өзара байланысып, кәсіби тәжірибе алмасатын ортақ ақпараттық желі құрды. Оған ұстаздар өзінің шығармашылық идеясын жазып, сабақты оқыту әдістерін, әрбір оқушыға берілген жекеленген тапсырмалар жинағын салып отырды. Осындай жұмыстардың негізінде әр педагог іс-тәжірбиесін таратуға және өзге педагогтардың жұмыстарын пайдалануға мүмкіндік алды, яғни эксперимент сыныптардағы мұғалімдер арасында іс тәжірбие алмасу белсенділігі артты.

Бұл өз кезегінде мұғалімдерге үлкен шығармашылық ізденіспен жұмыс жасап өз кәсіби деңгейін өсіруге, ортақ ресурсты пайдалану арқылы, әрбір сабағын сапалы өтуге, пән бойынша дайындық жұмыстарын көтеруге, өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді. Білімнің сапалы берілуі оқушының танымдық, ізденушілік қабілетін оятады. Сондықтан эксперимент басталғаннан бері, әр жасаған іс-әрекетімізді талдап, зерттеп отырдық. Эксперимент сыныптарда еңбек ететін әр мұғалімнің сабағы, жыл бойы үздіксіз зерттелді. Зерттеу тобы оқушылардан сұхбат алады.

Эксперимент сыныптарында оқитын оқушылардың бойында ашықтық, сенімділік қалыптасты, сабаққа бөгде адамдар қатысса да, күнделікті осы іс-әрекетке дағдыланған оқушылар, бастапқы қорқынышты жеңіп, сыни тұрғыдан ойлаған пікірлерін еркін жеткізетін болды. Артта қалушылар дәрежесіне өту қаупі бар оқушылардың білім сапасын көтеруде өзін-өзі тану пәніндегі бес құндылықты басшылыққа алып мектеп психологтарымен пән мұғалімдері бірігіп, оқушыны зерттей отырып, өзіне деген сенімділігін арттырып, пәнге деген қызығушылығы мен ізденушілігін ояту жұмыстарын жүргізді. Білім сапасының артуына келесі басымдық – ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау. Ата-ана бүгінде жеткілікті мөлшерде балаға, оның оқуына көңіл бөлмейді.

Мұның көптеген себептері бар. Осы өзекті мәселені шешу үшін ата-аналармен кең ауқымды педагогикалық ағарту жұмыстары жүргізіп,  қажетті материалдар кешенін жасадық. Жүйелі түрде ата-аналарға арналған ақпараттық парақшалар таратылып отырды. Жаңартылған білім мазмұнын кең көлемде түсіндіру формалары жасалды. Ата-аналармен түрлі тақырыпта коучингтер, шеберлік сыныптар, тәжірибелік семинарлар өткізіліп тұрды. Өткізілетін іс шараларға белгілі тұлғаларды шақырып, баланың оқуы мен тәрбиесіндегі өзекті мәселелер аясында ой бөлісу, пікірлесу ата-аналардың мектеппен байланысын нығайта түсті. Эксперимент сыныптардың ата-аналары үшін, ол кісілермен келісе отырып, арнайы сабаққа ену кестесі жасалды.

Мұғалімдердің сабақтарына қатысу арқылы баласының қабілетін, достарын, кіммен араласатынын, мектептегі тәрбиесін, сабаққа қатысуын, мұғалімнің іс әрекетін көріп, олар өздерінің мектепке деген көз қарасының қалай өзгергенін жазып, кері байланыс берді. Эксперимент жаңалығының бірі – ашық сабақтардың орнына өткізілген «Ақылдасу сабақтары» болды. Ақылдасу сабақтары мұғалімдердің тәжірибе саласындағы білімдерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсілі. Ақылдасу сабағы – қарапайым идея. Мұғалімдер басқа мұғалімдермен бірге жұмыс істеп, жоспарлау, бақылауы және сабақ бойынша өзара көмек алады.

Білім сапасын арттыру – нәтижелі сабақтан бастау алады. Эксперименттің мақсатына жету үшін орта мерзімді жоспар бойынша тізбектелген ақылдасу сабақтары жоспарланды. Ақылдасу сабағында экспериментке қатысатын мұғалімдер сабақты бірлесе жоспарлап, оқыту, қадағалау, оқыту мен оқуды талдау жұмыстарының қорытындыларын тұжырымдап, нәтижеге бағытталған жұмыстарының құжаттарын бірлесіп рәсімдеді. Сaбaқтap топтaмaсында сын тұрғысынан ойландыратын сараланған тапсыpмaлap әp оқушыға жеке-жеке бағытталып беpiлді. Әр сабақ кезінде бағалау әдістерін қолданудағы оң нәтижелер мен кездескен кедергілерді саралай отырып, сабақты жетілдіру үшін сабақтар, қажет болған жағдайларда,  қайта жоспарланып отырды.

Жүргізілген зерттеу жұмыстарын мұғалімдер арнайы күнделікке жазып отырды. Жоғарыда айтылғандай, мұғалімдер алдын ала сабақты бірге жоспарлайды, содан бір мұғалім сабақ өтіп, қалған мұғалімдер сабақта іс-әрекеттегі зерттеулер жүргізеді. Бұл зерттеулер оқушылардың оқып-үйренуі тұрғысынан жүргізіліп отырды. А, В, С деңгейдегі оқушыларды мұғалімдер өздері бөліп алып, ол оқушыларды А деңгейден В деңгейге, В деңгейден С деңгейге жеткізу мақсатында жүргізген жұмыстарына баға беретін болды. Әрбір сабақтан кейін «оқушы үні» тыңдалды. Тізбектелген сабақтар барысында оқушылардың оқып-үйренуінде ілгерілеу болғандығы көрінді.

Білім сапасы – басқару жүйесінің сапасына байланысты. Мектепті басқару біріншіден – үйрету, екіншіден – қолдау, үшіншіден – талап ету. Эксперимент басшылар тарапынан қызметкерлерге үйрету, қолдау, дамыту жұмыстарын жаңаша жоспарлаумен басталды. Басқару жүйесін әдеттегідей талап ету деген түсініктен арылттық. Мектептің даму жоспарына эксперименттің мақсат міндеттері кіріктірілді. Нәтижелі басқаруда даму жүйелі және кешенді бағытта жүрді, мақсатты іс-әрекеттер қиындықтың алдын алуға бағытталды. Басқаруда білім сапасының көрсеткіші аралық нәтижелермен салыстырмалы түрде мониторингіленді.

Басқару жүйесінің сапасы – өзара байланысты процестен тұрды: жоспарлау, жүзеге асыру және талдау. Эксперимент аясында жұмыс жасаған мектептерден көшбасшы директорлар, жаңашыл орынбасарлар, шығармашыл мұғалімдердің тәжірибелері жинақталды. Олар облыс көлемінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Мектеп басшылары арасында бәсекелестік арта түсті. Эксперимент аясында әдістемелік шеберханасы бар ұстаздар өздерінің шығармашылық жұмыстарымен, ал басқарудағы көшбасшы директорлар, жаңашыл орынбасарлар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жас мамандарға тәлімгерлік көмек магниттік мектептердегі пән мұғалімдері негізінде берілді. Ауылдық мектептердің ішінде көмекті қажет ететін мектептерімізді осы қызу жұмысқа – экспериментке тарту мақсатында, 2019-2020 оқу жылында экпериментке 2018-2019 оқу жылынан қатысып келе жатқан 10 мектепке 20 магниттік мектеп бекітіліп, серіктестік алаңына тартылды. ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенін білеміз. Осы құжатта білім сапасы жақсы, күшті мектептердің өз тәжірибесін басқа мектептерге таратуға мән берілген.

Әрі алдыңғы қатарлы үздік педагогтардың қауымдастығын құру, көмекті қажет ететін білім ұйымдарына кәсіби шеберлігі бойынша жәрдемдесу, қалалық және ауылдық мектептердің білім беру саласындағы алшақтығын теңестіруге бағытталған жұмыстарды сапалы ұйымдастыру, іске асыру міндеттелген. Біз, эксперимент аясында, осы бағдарлама міндеттерін іске асыру жұмыстарын жүргізір жатырмыз. Қорыта келгенде, эксперимент авторы, академик Асқарбек Қабыкенұлы ұсынған идея өзінің өміршеңдігін көрсетті, ішкі резервтерді жүйелі түрге пайдалан отырып білім сапасы құраушылардың сапасын көтеру негізінде оқушылардың білім сапаларын көтеруге болатыны дәлелденді. 

«…Тәжірибе әр бір ғылымның негізі, сондықтан үйретеміз және үйренеміз» – деп Ы.Алтынсарин айтқандай біз үйрете отырып, үйренеміз және жетістік шыңына жетеміз. Осы экспериментті жүргізу нәтижесінде төмендегідей жетістіктерге қол жеткіздік: жетекші мектептер мен магниттік мектептердің өзара байланысы нығайды; ақылдасу сабақтарының нәтижесінде сабақтың сапасы артты; экспериментке қатысушы әрбір мұғалім НЗМ, ПШО, жоғарғы оқу орындарымен, әдіскерлермен, әріптестерімен үздіксіз тәжірибе алмасуының нәтижесінде кәсіби шыңдалды; мектеп директорларының көшбасшылық қызметі артып, өзара кәсіби бәсекелестік орнады.

Сондай-ақ экспериментке қатысқан сыныптардағы оқушылардың бойында сенімділік, еркіндік, ойын ашық жеткізу қабілеттері пайда болды, олар түрлі жағдаяттардан шығуға бейімделді; ата-аналарға арналған бейнероликтер, әдістемелік парақшалар жасалды, осындай педагогикалық ағарту жұмыстарының нәтижесінде  «Ата-ана – ұстаз – оқушы» ынтымақтастық байланысы нығайды; ішкі резервтерді жүйелі түрде ұтымды пайдалану негізінде оқушылардың білім сапасы жоғарылады. 2018-2019 оқу жылынан бастап экспериментке қатысқан мектеп оқушыларының білім сапасы 2019-2020 жылы қатысқан мектеп оқушыларының білім сапасына қарағанда, салыстырмалы түрде алып қарағанда: 2-сынып оқушылыларының білім спасын – 8%-ға, 3-сынып – 4,5%-ға, 6-сынып – 7,6%-ға, 7-сынып – 5,1%-ға көтерілді. 

Ақмарал  ТҰРҒАНОВА,
Төлеби аудандық оқу-әдістемелік
кабинетінің меңгерушісі, Түркістан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий