Оқушылардың интернеттегі ойындарға тәуелділігі өзекті мәселе

Қазіргі кезде заманауи телекоммуникациялық және ақпараттық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып отырған кезеңінде адамзаттың өмір сүру салтына дендеп енген компьютерлер мен ақпараттық жүйелер психикалық жай-күйге әсер етіп, жекелеген әрекеттердің ғана емес жалпы адамның іс-әрекетіне кері ықпал етуде. Бүгінде компьютерлік технологиялармен қатар, ойын бағдарламаларының өрісі кеңейіп келеді. Сананы жаулап, ғаламтордың алдына жіпсіз байлайтын ойындарға қызығушылықпен қарайтын адам қарасының көбеюі де көңілді алаңдатады.

Олардың арасында жеткіншектер мен жасөспірімдер көп. Тәуелділікке кез келген жастағы адам ұшырауы мүмкін. Солардың ішінде компьютерге және ойынға тәуелділіктен зардап шегетін жастар мен жасөспірімдердің мінез-құлқын түзеу, оларға психологиялық көмек көрсету өзекті болып тұр. Тек оқушыларға ғана емес, олардың ата аналары мен мұғалімдерге де ақпараттық ортаның агрессивтілігіне, сананы манипуляциялау технологияларының әсеріне төтеп бере алатындай тұрақтылық қалыптастыруға күш салу керек. Алдын-алу шаралары да осыған бағытталуы тиіс. Биылғы жылдың жоспарына сай Дүниежүзілік денсаулық ұйымының бекіткен ережесіне сәйкес, алдын-алу шаралары бастапқы және қайталап жүргізу бағыттарына бөлінген.

Бастапқы алдын-алу шараларына психикалық дертке шалдықпаған адамның психикалық ауруларын алдын алуға бағытталған шаралар кешені кіреді. Алдын алу шараларын қайталап жүргізуге патологиялық процесті бастапқы сатысында тоқтату, аурудың асқынуына жол бермеу, созылмалы рецидивке ұласпас үшін сырқатты неғұрлым ерте сатысында анықтау және оны емдеуге бағытталған іс-шаралар кіреді. Интернетке тәуелділікті бастапқы кезден алдын-алу – бұл кәмелет жасына толмағандар арасында тәуелділіктің пайда болу қаупін ескеруге бағытталған, ақпараттық ортаның агрессивті әсеріне төзімділікті қамтамасыз ететін алдын алу және тәрбиелік психологиялық-педагогикалық шаралар түрі.

Интернетке тәуелділікті алдын алудың  мақсаттары: 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, «тәуелді болып қалудан сақтану» ұстанымдарын қалыптастырып, өз мінез-құлқына жауапкершілігін қарауға үйрету,сондай-ақ, ойын мен компьютерге адам тез шырмалып қалуы мүмкін екенін ескертіп, оның алдын алатын шаралармен таныстыру; бұл туралы балалардың айналасындағы әлеуметтік ортаны, нақты айтқанда, ата-анасы мен білім ұйымдары мамандарын жеткілікті түрде хабардар ету.

Интернетке тәуелділікті алдын алатын шаралардың міндеттері: кәмелеттік жасқа толмағандарға және олардың айналасындағы әлеуметтік ортаға ойынға тәуелділіктің кері салдары туралы кеңінен ақпарат беру. Оқушылар мен мұғалімдерді салауатты өмір салтын насихаттауға шақыра отырып, кәмелет жасқа толмағандар арасында «тәуелді болуға қарсы» ұстанымдарды қалыптастыру. Өзінің мінез-құлқы үшін жеке жауапкершілікті қалыптастыратын психологиялық дағдыларды дамыту. Интернетке тәуелділік мәселелері бойынша жеке (отбасылық) кеңес беру. Педагог мамандарымен жұмыс әдістемелік кеңестердегі тақырыптық баяндамаларды қамтиды.

Атқарылатын жұмыстың формасы мен әдістері. Бағдарламаны іске асыру барысында когнитивтік мінез-құлық, арт-терапия, дене жаттығуына бағытталған терапия, рөлдік ойындар, топтық пікірталас жүргізу әдістері қолданылады.

Мақпал СИЫҚОВА,
Боранқұл жалпы білім беретін мектебінің
педагог-психологы, Маңғыстау облысы  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий