Өмірбек Жолдасбеков – 90: Ұлы ғалымның ізімен

Елдің елдігі мен болашағын көздеген халық алдымен ұрпағының білімді, саналы, мәдениетті болғанын мақсат тұтады. Сонау замандардан Аристотель, Платондардың билік басындағылардан биік болуы да адамзат баласына білім берудің аса маңыздылығын көрсетсе керек. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы, бүгінде ІТ лицейі мәртебесіне ие болған Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 лицей сындарлы білім беру мен адами құндылықтарға басымдық беріп келеді. Тарихқа үңілсек, 1935 жылғы қыркүйек айының 14-і күні қалалық атқару комитетінің шешімімен бар-жоғы екі оқу кабинетінен тұратын кішкентай ғимаратта орталау мектеп ашылды.

1945-1950 жылдар арасында мектеп жеті жылдық ұлдар мектебі ретінде жұмыс атқарды, ал 1950  жылдан соң мектепте қыздар да оқи бастады. Мектептегі оқушылар санының  өсуімен қатар, білікті ұстаздар қауымы да қалыптасты. Мектептің бүгінгі  жетістіктерінде оны әр жылдары мектепті басқарған директорлардың үлесі зор. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері өз еркімен майданға аттанған М.Замилов, мектепті 23 жыл басқарып, бәсекеге қабілеттілік бастауы «Мектеп намысы үшін» мерекесін ұйымдастырған О.Некрасова,  алғашқы қазақ сыныптарын ашқан А.Елинек -мектеп тарихы. Мектепті 1995 жылдан 2014 жылға дейін басқарған Б.Жандосова тұсында мектеп лицей мәртебесін алып, физика-математика сыныптары ашылды. 2000 жыл лицей үшін жемісті жыл болды. «Үздік мектеп-2000» республикалық байқауында ІІ орын, жаратылыстану-техникалық лицей статусының берілуі –  жоғары баға.

Сол жылы лицейге салтанатты түрде академик Өмірбек Арысланұлы есімі берілді. Көрнекті қоғам қайраткері атанған ғибратты ғалымның ескерткіші қойылып, отбасы мүшелерімен, ғалымның қызметтестері және шәкірттерімен кездесу ұйымдастырылды. Білім ордасына танымал тұлғаның есімінің берілуі ұстаздар мен шәкірттерге  мақтаныш сезімімен бірге жауапкершілік пен жаңалыққа ұмтылысты еселетті. Халқымыздың біртуар азаматы, «қазақ рухының нағыз Геркулесі» (Ә.Кекілбаев), әлемдік деңгейдегі ғалым, елінің шын патриот ұлы Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековке теңелу, оның лайықты ізбасары болу- лицейдің үлкен ұжымының міндеті. Қәзіргі таңда осы құрметті міндетті лицей ұжымы абыроймен атқарып келеміз.

Оқушыларымыз қала, облыс, республика көлемінде ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі іс-шараларға, байқау, олимпиадаларға қатысып, жеңіс тұғырынан табылуды. Ұстаздарымыздың да жеке тәжірибесі мен  ізденістері жемісті. Лицейімізде республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары Нина Ир-Сеновна Ким (2014 ж), Гүлзира Ұласбекқызы Анартаева (2020 ж) жұмыс істейді. «Үздік педагог-2016» байқауының қалалық және облыстық деңгейінің жеңімпазы, республикалық байқауға қатысып, білім-біліктілігін көрсете білген физика мұғалімі Нұрлан Нұрханұлы Әлжанов оқушыларға сыйлы ұстаз. Заманның алға жетелеуі, әлемдік сахнада бой тасалап емес, бой түзеп, жүйелі ой түзеп, көш бастаған алпауыттар жанынан табылу- қазіргі уақыттың сын-қатері.

Бұл білім беруді дамыту бағдарламасынан, білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасынан, жалпы білім берудің мемлекеттік стандартынан айқын  көрінеді.  Озық білім беруде әлемдік тәжірибеге сүйену, соның аясында өзіңнің, оқушыңның әлеуетін көтеру, табысты мұғалімнің тек табысты оқушы арқылы дәлелденетінін, қауымдастықтың жаңа сипатқа ие болуы – міне, осылардың барлығы лицейдің күнделікті атқаратын қызметі. Осы орайда жазушы Әбіш Кекілбаевтың  академик Ө.Жолдасбеков туралы «Ұлтымыздың жеткіншек ұрпақтарын әлемдік бәсекенің аяусыз додасына алдын ала әзірлеп, алдын ала шыңдау шаруасын кешегі тоқырау заманының өзінде бірінші болып қолға алған сол еді» деген сөзі отандық ғалымдардың ұлттық білім беру саласындағы болашағы үшін қамын көрсетеді.

Демек, озық білім берудің үлгісі Финляндия, Жапония, Сингапур сынды елдердің тәжірибесіне ғана сүйенбей, отандық педагогиканың күре тамырынан да сусындауымыз керек. Бұлай айтуға толық дәлел де, әрекет те бар. Қазақстандағы машинатану мен механизмдер теориясының негізін қалаған академик, «Робот атасы» атанған Ө.А.Жолдасбековтың бүгінгі ізбасарлары лицейде робототехникадан түрлі модельдерді ойлап табуда. Кезінде Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) ректоры Ө. Жолдасбековтың бастамасымен КСРО-да алғашқы болып университет жанынан студенттер мен оқытушылардың ғылыми ізденістерінің нәтижелері негізінде макеттер мен үлгілер жасайтын Тәжірибелік-эксперименттік зауыт және де робототехника бойынша республикалық оқыту-зерттеу орталығы ұйымдастырылған.

Бұл орталық ғылым мен жаңалыққа құмар жастардың нағыз шеберханасы болды. Дарынды оқушылардың техника мен өнертапқыштық иекемділігін арттыру мақсатында 2018 жылы лицейде робототехника кабинеты іске қосылды, яғни бұл нағыз ұрпақтар сабақтастығының дәлелі екендігі сөзсіз. Ағымдағы 2020-2021 оқу жылын лицей жаңа мәртебемен бастады. Енді лицейіміз Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі аталатын болды.  2020 жылы 2 STEM кабинеті заманауи жабдықталып іске қосылды. Әрине қазіргі әлемді жайлаған індетке байланысты, білім беру форматын өзгертіп, қашықтан: on-line оқуға көштік. Ата-аналардың қалауы бойынша кезекші сыныптар ұйымдастырылып, кеңес беру топтары жұмыс жасайды.

Сонда да оқушылар мен мұғалімдердің өзара байланысы, сабақ өткізу форматы, ең алдымен, білімді игеру, сапалы білімге құрылған. Лицей мұғалімдерінің физика-математика бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқыту, отандық және шетелдік басылымдарда, интернет-ресурстарда сабақ әзірілімдері, әдістемелік құралдармен бөлісуі сабақ ұйымдастырудың жаңа формаларын берді. Бұл да оқушылардың дүниетанымын, іскерлігін, жағдаяттарды шешуге жауапкершілігі мен өзін-өзі ұйымдастыруын жетілдіреді. Мұғалімдердің басқа  мектептермен байланыста болуын, өзара пікір алмасуын көрсетуін көздейтін кәсіби қауымдастықтың болуы- ұстаздар үшін әріптестік қолдау болды. 

2015 жылдан  деңгейлік курстан өткен мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында лицей қаланың он мектебіне тірек базасы болып белгіленді. Буындар сабақтастығы мен бағдарлы білім алуын, кәсіби шыңдалуын байқауға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-мен,  НЗМ, қалалық шахмат мектебімен әріптестік орнатылған. Тәлімгерлік тірек мектебі ретінде лицей 50 пилоттық мектеп құрамына кірген. Бұдан басқа лицей ДДҰ Қазақстандағы елдік офисі «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» республикалық жобасындағы 24 қала мектебінің  құрамында жұмыс атқарып келеді. Бүгінде Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицей 3500-дей оқушы білім алатын және отандық білім беру жүйесіне лайықты үлес қосып отырған    үлкен білім мекемелерінің бірі.

Лицей оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадалар мен зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары. 2018 жылы мектеп және қала тарихында алғаш рет қалалық деңгейде академик Ө. Жолдасбеков атындағы физика, математика, химия пәндерінен оқушылар олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиада құрылтайшылары Шымкент қаласы білім басқармасы және М.Әуезов атындағы ОҚУ-і лицей бастамасын қолдап, Ө.А.Жолдасбеков атындағы олимпиаданы қала мектептерінің 11-сынып оқушылары арасында өткізді.

Топ жарған оқушылар ҚР ЖОО-на үш білім грантын жеңіп алды. Бұл бастаманы жыл сайын тұрақты түрде өткізу шешімі жаратылыстану пәндеріне қызығушылық танытқан дарынды балалардың жоғары оқу орнына түсуіндегі және дұрыс мамандық таңдаудындағы зор мүмкіндік болатыны айқын. Лицей білім беру саласындағы өзгерістер мен мемлекеттің салалық саясатын іске асыруда мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын басшылыққа алуда. Қазіргі таңда лицей түлектері еліміздің экономикалық дамуына, білім беру, денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосып келеді. Н.Каныбеков- «Нимекс» корпорациясы президенті, Е.Харитиди- «Мадлен» тәтті тағам желісі, Қ.Сапарбаев- «Сапар» компаниясының президенті, Н.Сманов- боксшы тағы да басқалар бар. 

Лицейдің бүгінгі күн тәртібінде  білім беру жүйесінің үш бағытымен жұмыс анықталды: білім беру үдерісін  цифрландыру, цифрлық білім беру контенті,  білім беруді басқаруды цифрландыру. Біздің мектеп тәжірибесінде білім берудің заманауи технологияларын ендіру нәтижесі қандай болды және осы әрекеттен болашақта күтетін нәтижелеріміз қандай болмақ: Оқушылардың білім сапасының көтерілуі; Мектептегі білім беру үдерісіне қатысушылардың өзара келіспеушілік, даулы мәселелерінің азаюы, жалпы мектеп тіршілігінің ахуалындағы біршама оң өзгерістер; мектептегі диагностикалық зерделеу біздің «мұғалім – оқушы» тепе – теңдігіне бағытта екенімізді анықтады.

Педагогтердің кәсіби ұстанымының өзгеруі–сыныптағы оқу-тәрбие үрдісін шығармашылықпен ұйымдастыруының арқасы; Ересектер мен  балалардың жаппай белсенді өмір ұстанымы; Пікірталас пен сөз алаңында өзіндік тұжырымымен  мектепте тәрбие жүйесінің құрылуы оқу үрдісінде оқушының өз бетінше әрекетін арттыруға әсерін тигізеді. Оқушылардың жеке  тұлғалық сапасын жетілдіреді; Жеке тұлғаға бағытталған білім беру білім  сапасының міндеттерін де шешеді. Сапа- соңғы нәтиже ғана емес, соған жету жолындағы барлық іс-әрекеттер қорытындысы. Лицейде 180-нен аса мұғалім жұмыс істейді, соның ішінде 6  педагог-шебер, 113 педагог-зерттеуші, жоғары және бірінші біліктілік санаттағы мұғалімдер педагогикалық ұжымның  86 пайызын құрайды.

1 наурыз  Қазақстанда «Алғыс айту күні». 1 наурызда академик Ө.А.Жолдасбеков туған. Арамызда болғанда биыл академик Ө.А.Жолдасбеков 90 жасқа толар еді. «Ғалымның хаты өлмейді» деген дана халқымыздың сөзін жалғастырып, академик Ө.А.Жолдасбековтың мерейтойына лицейде онкүндік ұйымдастырылды. Әр күннің өз мақсаты, күтілетін нәтижесі белгіленген. Іс-шаралар жоспарында қалалық ғылыми тәжірибелік конференция, жаратылыстану пәндерінің  дәстүрлі  олимпиадасы, шахматтан жарыс, бірыңғай диктант жазу, эссе, шығармалар байқауы, буктрейлер, ақындар жинағын шығару, көркем сөз оқу белгіленген. Бұл мерейтойға арналған іс-шаралардың жеңімпаз-оқушылары марапатталып, әлеуметтік желіде Instagram, Facebook,YouTube мақтанышпен белсенді таратылуда.

Бұл мерейтойдың жоғары деңғейде өтуіне әрбір оқушы, мұғалім, ата-ана, лицейді бітірген түлектер белсенді қатысуда және де үлкен жауапкершілікпен қарап өз үлестерін  қосуда. Лицей ұжымы  ұлы ғалым, ұлағатты ұстаз академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың ізгі істерінің жалғастырушылары – білімді, батыл, еңбекқор, арман-мақсаттарына қаймықпай жететін, Қазақстанның әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарында болуына күш-жігерін аямайтын, бәсекеге қәбілетті болашақ ұрпақты тәрбиелеуде алдыңғы қатарда болатынынымызға сенімдеміз. Академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың атындағы IT лицей екендігімізді мақтан етеміз,  сапалы білім беру және болашақ ұрпақты рухани құндылықтарды дәріптей отыра тәрбиелеуде, болашаққа нық сенім, жаңа серпінмен ұлы ғалымның ізгілікті ізін жалғастырып келеміз.  

Анар Сағынбекқызы АМАНҚҰЛОВА, 
Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицей
директоры,
ҚР Білім беру ісінің құрметті
қызметкері, “Ы.Алтынсарин”
белгісінің
иегері, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий