Педагог ғалымдар ауылдағы қазақ мектебі мұғалімдерімен бірлесуде
Түркістан қаласында «Білім сапасын ғылыми негізде көтеру. Түркістан облысында жүргізілген экспериментке қатысушылардың мақалалар жинағы» атты кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды, – деп хабарлайды аймақтағы адам әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі.
Шараға онлайн режімінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкері Т.Жакенов, Ы.Алтынсарин атындағы ҚБА-ның визе-президенті И.Сағындықов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары, Шымкент қаласындағы НЗМ, Білім жетілдіру орталығы, аудандың әдістемелік кабинеттер мен көптеген мектептердің басшылары мен әдіскер-ұстаздар қатысты. Рәсімді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді эксперименттің ғылыми жетекшісі Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайыновқа берді.
Ол облыстық білім саласы басшыларының қолдауымен екі жыл бойы ауылдық жерлердегі қазақ орта мектептерінде оқитын балалардың білім сапасын көтеру мақсатында көлемді эксперимент жүргізілгенін, оған 43 мектептің 2-ші, 3-ші, 6-шы және 7-ші сыныптарында оқитын 3171 оқушы және 385 мұғалім белсене қатысқанын айрықша атап айтты. 2019-2020 оқу жылында Отырар және Ордабасы аудандары бойынша экспериментке қатысқан 1091 оқушының білім сапасы экспериментке қатыспаған 1143 оқушының білім сапасына қарағанда, салыстырмалы түрде алғанда, 7,0 пайызға көтерілгенін, ал Төлеби ауданы бойынша экспериментке 2018-2019 оқу жылынан бері қатысып келе жақтан 872 оқушының білім сапасы экспериментке 2019-2020 оқу жылында қатысқан 1538 оқушының білім сапасына қарағанда – 6,5 %-ға жоғары болғанын жеткізді.
Рәсімде сөз алған Т.Жакенов, И.Сағындықов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі, профессор м.а. Н.Алғожаева, метеп директорлары мен ұстаздар эксперимент нәтижесі бойынша, аудандық әдістемелік кабинеттер мен мектептердің ішкі резервтерін жүйелі түрде пайдалану негізінде, мектеп оқушыларының білім сапасын көтеруге болатыны тәжірибе жүзінде дәлелденгенін айтты. Қатысушылардың ұсыныстары мен пікірлері негізінде төмендегідей уағдаластық мақұлданды: пандемия тоқтап оқушылар мектепке оралғаннан кейін Төлеби ауданында «Білім сапасын ғылыми негізде көтеру» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, эксперимент жұмыстары жан-жақты талқыланып, қажетті шешімдер қабылдансын. Екіншіден эксперименттің нәтижесі бойынша Педагогикалық Ғылымдар Академиясы шығарған жинақ облыстың барлық 919 мектебіне таратылып, білім сапасын арттыруда ішкі резервті жүйелі түрде пайдалану жұмыстары жүйелі түрде іске асырылатын болсын.
Загрузка...