Алаш қайраткерлері және ұлттық мүдде

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда республикалық “Егемен Қазақстан” газетіне «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы жарыққа шықты. Көзі қарақты оқырман бұл мақаламен танысып, мәнін ұғынып, өздерінше ой түйіп үлгерді. Біз сияқты ұстаздар қауымы мақала астарынан тарихи діңгегіміз бен қатар, үлкен тәрбиелік мәнін ұғынып, оны оқушы жастарға үйретіп, түсіндіру жұмыстарын қызу атқаруға кірісіп кеткен болатынбыз.

Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның бағасын егемен елде дүниеге келіп, таршылық пен қыспақ көрмеген бүгінгі ұрпақ түсіне бермеуі мүмкін. Дегенмен, осы жолда жанын қиған ардақтыларымыздың өмірі мен еңбектерін насихаттай отырып, Тәуелсіздік қазаққа оңай келмегенін ұғындыра аламыз. Қазақ халқының егемендігін аңсаған Алаш ардақтылары – Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы болды. Алаш арыстарының көздеген мақсаты бір еді ол – қазақты тәуелсіз ел ету, дамыған елдердің қатарына қосу, халықты ілім-білімге қанықтырып, көзін ашу. Осы жолда Алаш идеясын жүзеге асыруды көздеген қазақтың ардақты ұлдары өз өмірлері үшін қорықпады, болашақ ұрпақтың ертеңі үшін қорықты.

Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, програске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді. Алаш арыстары халық санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды. Ұлттық мүддені қорғау бойынша бағыт ұстанды. Алаштық ұрандар сол дәуірдің оқыған, талапты жастарын бірден баурап алды. Халықтың тыныс-тіршілігімен таныс рухты жастар Алаш қайраткерлерінің бағытын ұстанып, солармен бірге қимыл жасады. Алаш қозғалысын Кеңес үкіметі теріске шығарғанмен, ұлттық идея ұлтжанды азаматтардың санасында, жүрегінде өмір сүрді. Тарихқа көз жүгіртсек 1917 жылы Орынбор қаласында Бірінші жалпықазақ съезі өтті. Осында Алаш партиясының бағдарламасы жарияланған болатын.

Бағдарламада қазақтың мүддесі, еркіндігі айтылып, қазақ жерін сақтап қалу жайы көрсетілді. Яғни, бүгінгі кең байтақ дархан далаға иелік етуімізге Алаш ардақтыларының ерен еңбегі сіңді. Қозқалыстың көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Әлихан Бөкейханның жобасы бойынша қазақтың жерінде өндірілетін шикізат, сол елдің халқының қажеттілігіне жарауы тиіс болатын. Яғни, толық экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуді көздеді.

Алаштың тағы бір ардақтысы Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса, Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деді. Иә, қарап отырсақ Алаш идеясы бүгінгі күні де өз өзектілігін жоймаған. Біз әлі де толық экономикалық тәуелсізбіз дей алмаймыз. Олай болу үшін біз өз халқымызды жүз пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз етуіміз керек. Х.Досмұхамедов көтерген тіл мәселесі де өкінішке орай әлі де өзекті, тіл деп шырылдап, қазақ тілінің қамын жеп жүрген азаматтарымыздың жанайқайы әлі де кей құлаққа, соқыр санаға жетпегендей.

Өткен жиырмасыншы ғасырда Алаш арыстары көтерген тіл мәселесі қазіргі дәуір де де өзекті. Мұзафар Әлімбаев «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» десе, Жүсіп Баласағұн өзінің «Құдатғу білік» еңбегінде «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деген. Ахмет Байтұрсынұлы «Дүниеде ешбір тіл өздігінен шықпайды. Тіл қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді» деген екен. Иә, Алаш ардақтыларының сөз маржанын терсек мұндай мысал, әр адамның жүрегіне жол табар сөз көп-ақ. Ең бастысы сол сөздерден ғибрат алу.

Кемел келешекке, жарқын болашаққа ұмтылсақ ең алдымен тарихымызды біліп, өткен күннен сабақ алып, ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған жандардың еңбегін бағалауымыз керек. Тәуелсіздік тәңірдің бізге берген тәтті сыйы. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында еліміздің тәуелсіздік жолын әр адамның біліуі маңызды екенін айтады. Ол жолда тек тарихшылар ғана емес, барлық сала мамандары, тіпті қарапайым жұмысшылар да өз үлесін қосу керек дейді. Ұрпақ тәрбиесі жолында ұстаз еңбегі өлшеусіз. Ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азамат – бүгінгі оқушы. Оларды ұлтжанды, Отанының адал ұлдары мен қыздары етіп тәрбиелеу мына біздің қолымызда. 

Меруерт ӘБСӘТ,
Ораз Жандосов атындағы негізгі мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі, Жамбыл облысы,
Шу ауданының Шоқпар ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий