Жас ғалымдарды қолдау – баянды болашағымызды бекітеді

Жас мұраты, білім, тәлім – талабы…
Оқу, ғылым – жастықтың қару жарағы, – деп ақын Ілияс Жансүгіров айтып кеткендей, ғылымды қару-жарақ еткен AUEZOV университетінің жалындаған жас ғалымдары, Елбасымыз, Президентіміз сеніммен бастаған, Үкіметтен қолдау тапқан жобаларға әрқашан қолдау білдіреміз. Жастар жылы аясында жас ғалымдарға қолдау көрсетудің жаңа тың идеялары мен бастамалары, қазіргі таңда, қоғам арасында жүзеге асып, ел экономикасына пайдасын беріп жатқан нақ жобалары дәлел болып тұрғандай.

Солардың ішінде бірегейі, жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеулеріне бөлінетін гранттық қаржыландырудың жыл сайын 3 миллиард теңгеге арттыру тапсырмасын атап өтуге болады. Білім және ғылым министрлігі тарапынан үш жыл бұрын «Ғылым комитеті» мен «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығына» 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдардың гранттық қаржыландыруға арналған конкурсын ұйымдастыру жүктелген болатын. Бұл байқауға, 40 жасқа дейінгі  жас ғалымдар өз жобаларын ұсынып, оны әрі қарай дамыту мақсатында қаржыландыру қажеттігін пысықтап, анықтап дәлелдеген еді.

Жоба өзектілігі мен ел экономикасына пайдасы жоғары деген ғылыми жобалар ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен анықталды. Осы қорытындыға сәйкес AUEZOV университетінен жеңімпаз атанған АР08053015 «Балқаш байыту фабрикасының қалдықтары мен әктастан портландцемент клинкерін алу және мырышты айдау арқылы жоғары температуралы синтез әдісімен кешенді қайта өңдеу» жобасы  65 798 596  теңге көлемінде қаржыландырылды. Жоба жетекшісі техника ғылымдарының кандидаты, доцент Колесников Александр Сергеевич.

Жобаның негізгі мақсаты Балқаш кенбайыту фабрикасының қалдығын жоғары температурада синтездеу әдісімен мырышты (Zn) айдау арқылы бөліп алу және портландцемент өндірісінің негізгі жартылай өнімі клинкер алудың инновациялық кешенді технологиясын әзірлеу болып табылады. Жоба еліміздегі  портландцемент өндіруші және металлургия бағытындағы кәсіпорындар үшін таптырмас технология ұсына алатын, техногенді қалдықтарды кәдеге жарататын, экологиялық аймақты тазалау жолдарын айқындап  бере алатын жоба болатыны анық. Жобаны орындаудың алғашқы жылы  күллі әлемде орын алған төтенше жағдайға  тұспа-тұс келуімен басталды.

2020 жылы күнтізбелік жоспарға сәйкес отандық және шет елдік әдебиеттерге, өнертабыстарға, ғылыми және зерттеу жұмыстарға патенттік-аналитикалық шолу жұмыстары орындалды. Жоба орындаушылары ел ішінде төтенше жағдайға қарамастан бірнеше рет Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына іс-сапарлаға шығып «Республикалық ғылыми-техникалық кітапханада» әдебиеттік шолу жұмыстарын жүргізген болатын.  Жамбыл облысы Мыңарал ауылы маңында орналасқан «Жамбыл цемент» зауытына тиесілі әктас карьерінен және Балқаш қаласында орналасқан «Балқаш кен-металлургия комбинатының» кен байыту қалдықтарынан сынамалар алынды.

Осы сынамаларды өңдеп, әрі қарай физика-химиялық зерттеулер жүргізу мақсатында дайындалды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері өңделген соң Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті  бекіткен журналда бірнеше мақала жарияланды. Жоба орындау барысында бірнеше қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізілді. Атап айтсақ, әктас пен кен байыту қалдықтарды фракциялық құрамын анықтау мақсатында вибростолға арналған зертханалық елеуіштер жиынтығы және цемент клинкерін 1400-14500С температурада күйдіру үшін жоғары температуралы зертханалық муфельді пеш алынды.

Жоғарыда көрсетілген құрал-жабдықтар жобаны орындаудың екінші күнтізбелік кезеңінде орындалатын жұмыстар үшін аса қажет болып табылады. Және де жоба негізінде алынған бұл жабдықтар жоғары дәлдіктегі нәтижеге қол жеткізуге өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазақстанның ғылымын көтеруде, бәсекеге қабілетті дамыған елдермен терезесі тең болу үшін әуелі білім мен ғылым саласын дамыту, оған көп көңіл бөлуді қажет етеді. Ғалымдарымыздың ізденістері мен нәтижелері деңгейі жоғары басылымдар мен импакт-факторы бар журналдарда жариялануы тиіс.

Бұл жолда дәлдігі жоғары, көпфункционалды құрал-жабдықтармен жұмыс жасау және олардың жобаны орындауда алатын орны ерекше. Білім және ғылым министрі ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесуі кезінде білім беру ісін дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын ұсыну аясында ғылымға бөлінетін қаржы мөлшері 43 миллиард теңгеден 400 миллиард теңгеге жететінін айрықша атап айтқаны есте.

Әрине, бұл жоспарлар мемлекеттің қолдауымен іске асырылса еліміздегі ғылым саласы біршама жоғарылап, институттардың материалдық-техникалық базасы нығайып қалары сөзсіз. Осы орайда, еліміздің жас ғалымдары мен гранттық қаржыландыру жобаларының жетекшілеріне мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз қаражатты үнемді және жоспарлы түрде пайдаланып, еліміздің ғылым саласын дамытуға шақырамын. Өскелең жас ұрпақты ғылымға баулып, елімізден Нобель сыйлығын алатын ғалымдардың шығуына ат салысайық.

Нурғали Надырұлы ЖАНИКУЛОВ,
АР08053015 жобасының жауапты
орындаушысы, аға ғылыми қызметкер,
PhD доктор, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий