Жүзден жүйрік шықты
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас зерттеушілері жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысының республикалық кезеңінде үздіктер қатарынан көрінді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Сайыстың «Қолданбалы математика» секциясына “Тік типті жел қондырғысының жұмысын математикалық модельдеу» жобасын ұсынған 12 сынып оқушылары Сағидолла Құдайбергенов пен Нұртілеу Ережепов 1-ші орынды, «Қоршаған ортаны қорғау» секциясына «Жердің озон қабатын қалпына келтіру» жобасын ұсынған 10 сынып оқушылары Мағжан Серікбеков пен Диас Маратов жұбы жүлделі 2 –ші орынды жеңіп алды.
Сағидолла мен Нұртілеудің пікірі бойынша, жел турбинасының негізгі кемшіліктерінің бірі – тұрақсыздық. Бөлінген энергия мөлшері әртүрлі факторларға байланысты жиі өзгеріп отырады. Сол үшін жас зерттеушілер жел турбинасын орнатқаннан кейін алынған энергияның нақты мөлшерін есептеуге болатын әдістер қажет деп есептейді.
– Біздің жобаның мақсаты көптеген факторларды (желдің жылдамдығы, ауа райының өзгергіштігі, құрылымның орналасуы, техникалық сипаттамалары) ескере және математикалық есептеулерді қолдана отырып, жел генераторының мінез-құлқын статистикалық әрі динамикалық жұмыс режимдіндегі әрекетін бейнелейтін математикалық модель құру. Осының арқасында біз энергия мөлшерін есептеп қана қоймай, құрылымның өзінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін сипаттамалық модель алдық, – дейді олар өз сөздерінде.
Сондай-ақ Мағжан мен Диастың бірлесе қорғаған жобасының өзектілігі де өте жоғары. Өйткені, олар жердегі озон қабатын қалпына келтіру әдіс-тәсілінің теориялық жаңа идеясын макет түрінде ұсынып отыр. – Ғылыми жоба озон қабатының тесілуі, қоршаған ортаға әсері және қалпына келтіруге арналған. Kaz-Ozono-SMJSM –озонатор зауыты озонды өндіреді.
Көміртекті материалдармен қапталған озон құбыры арқылы Kaz-Ozono-SMJSM озонаторынан өндірілген озон газын жоғары қысымды компрессор арқылы, 30-50 шақырым биіктіктегі Lockheed Martin компаниясының дирижабль көмегімен стратосфераның озон концентрациясы аз бөлігіне газды тасымалдайды, -дейді қос шәкірт. Шәкірттерімізге ғылыми негізде жетекшілік еткен Әлия Андакаева, Сана Маметреева, Шарипа Таласпаева, Рая Смагулова, Серік Анибаев есімді ұстаздарымыздың еңбегін атап өткеніміз жөн.
Загрузка...