Оқу бағдарламасы – мұғалімнің маңызды құжаты

Оқу бағдарламасы – мұғалімнің белгілі бір пәнді оқытудың әдістемесін, ғылыми маңыздылығы мен рухани бағыт-бағдарын, теориялық құндылығын анықтап, белгілейтін басты құжаты. Бағдарламада оқу жылына сәйкес оқу материалдарының құрылымы көрсетіледі. Оқу үдерісінің тиімділігі мен табыстылығы білім алушылардың оқу бағдарламасын толық та жемісті меңгеруімен айқындалады.

Оқу бағдарламалары мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты үлгілік және жұмыстық болады, сонымен қатар мұғалімдердің авторлық бағдарламалары да болуы мүмкін. Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сай белгілі оқу пәнінің саласына бағытталып жасалынады. Үлгілік оқу бағдарламалары Білім және ғылым министрлігімен бекітіледі және ұсыныстық сипаттамада болады. Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған.

Жұмыстық оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу жоспарларының және (немесе) үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді және мектептің әдістемелік кеңесінде талқыланып, бекітіледі. Жұмыстық оқу бағдарламаларының үлгілік оқу бағдарламасынан ерекшелігі мектептің мәртебесіне қатысты әзірленіп, бекітіледі. Ол ұлттық-аймақтық компонентке ие болады, сонымен қатар оқу үдерісіне қажетті ақпараттық, әдістемелік, техникалық, көрнекілік құрал-жабдықтарды сипаттап көрсетеді және жұмыстық оқу бағдарламасы білім алушылардың білім деңгейіне лайықталып құрастырылады.

Авторлық оқу бағдарламасы да мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын басшылыққа ала отырып, оның талаптарына сәйкес жасалынады. Алайда, авторлық бағдарламаның құрылымында автордың көзқарасы мен инновациялық сипатына байланысты оқу пәнін құрастыру логикасында ерекшелік болады. Оқу үдерісінде теориялық білімді өз әдістемесіне сай қарастырып, түрлендіріп ұсынуы мүмкін. Авторлық оқу бағдарламасына ғалымдардың, пән мұғалімдерінің, педагог-психологтардың, әдіскерлердің пікірлері оңды болған жағдайда, қалалық білім беруді жаңғырту орталығының ғылыми әдістемелік кеңесінде талқыланып, бекітіледі.

Авторлық оқу бағдарламаларын білім алушылардың таңдауы бойынша міндетті пәндерді оқыту барысында да, қосымша факультативтік курстарды оқыту үдерісінде кеңінен қолдануға болады. Авторлық оқу бағдарламасы екі түрлі әдіспен жасалынады. Біріншісінде концентрлік әдісте – оқу материалдарының мазмұны білім алушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сәйкес әртүрлі сатыда алуан түрлі көлемде беріледі. Концентрлік жүйенің өзіндік кемшілігі бір материалды толық меңгерту үшін білім алушыларға бір материалдың өзін бірнеше кезеңге бөліп, қайталап оқытуды қажет етеді. Мысалы, қазақ тілінің фонетика саласын алсақ, бірінші сыныпта мектепте тек дыбыстардың дауысты және дауыссыз екендігін оқытса, кейінгі кезеңдерде дыбыстардың неге дауысты, дауыссыз болып бөлінетіндігін, содан кейін олардың дыбыстық классификациясын (өзара жіктелуін) меңгертеді.

Оқу материалдарының мазмұнын сызықтық әдіспен ашып көрсету барысында бірізділікпен, жүйелі түрде: жеңілден – ауырға, оңайдан – қиынға қағидасын басшылыққа ала отырып спиральды сызық бойымен беріледі де, жаңа материал бұрынғы, таныс оқу материалдарымен тығыз байланыста ұсынылады. Сызықтық оқу бағдарламасы уақытты үнемдеуге септігін тигізеді және ересек білім алушыларға оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Екі әдіс бір-бірінен өте алшақ жатқан екі түрлі дүние емес, керісінше өзара бірін-бірі толықтырып отыратын жүйе. Үлгілік оқу бағдарламасының басты мақсаты – нақты пән бойынша білім алушыға кешенді, жан-жақты білім, саналы тәрбие беріп, дүниетанымын кеңейтіп, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады.

Асем Амандыққызы ТОЛЕУБЕКОВА,
№86 мектеп-гимназиясы
директорының
ғылыми әдістемелік істері жөніндегі орынбасары,
педагогика ғылымдарының магистрі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий