“Балдәурен” – достық мекені

 

«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының жергілікті филиалы «Балдәурен ақпарат толқынында» жас журналистер мен блогерлердің республикалық жиыны тақырыбындағы екінші ауысымы биылғы қаңтардан бастап өз жұмысын жүргізіп келеді. Ауысымның мақсаты – уақытша балалар ұжымын қалыптастыру, Отанға деген құрмет пен махаббат, рухани-патриоттық сезімін қалыптастыру. Ауысымға балалар Алматы облысының түкпір-түкпірінен жиналған. Қызығушылықтары ортақ балалар тіл табысып, жаңадан жақын дос тауып, көңілді, қуанышты, уайымсыз балалық шақтың тәтті күндерін бірге өткізуде. 

Бұл ауысымда танымдық-патриоттық бағыттағы меркелік іс-шаралар көптеп ұйымдастырылған. Аталған іс-шаралар арқылы демалушы балалардың шығармашылық қабілеттері дамып, сахна мәдениетін толық меңгеріп, кез-келген ортада өзін еркін ұстауды үйренеді. Түрлі топтарға бөлінген балалар өзара жарысып, жүлделер мен алғыс хаттарға ие болады. Мысалға алатын болсақ, ауысымның салтанатты ашылуы – балалар нағыз «Балдәурендіктер» атанатын ең маңызды күн. «Ақпарат толқынында» топ визиткасын қорғау кешінде балалар ұйымдастыру кезеңінен өтіп, топпен, ұйымдастырушы-ұстаздарымен алғаш сахнада өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, балалардың жақсы көретін істерімен айналысуға үлкен жағдай жасалған, ол үшін түрлі қызығушылық үйірмелері жұмыс жасайды. Ауысым бойы «Олимпия» спорттық мерекесі өткізіледі. Спорттық мереке барысында спорттық ойындар: футбол, волейбол, пионербол, эстафеталар арқылы балалардың денсаулықтары шыңдалады, спортқа деген қызығушылықтары артады, ал үстел үсті ойындары шашки, шахмат, тоғызқұмалақ, аэрохоккей арқылы баланың ойлау қабілеттері дами түседі. Ауысым барысындағы ең маңызды атап айтарлық мерекелік іс-шара – «Қазақстандық жас патриоттар Академиясының» бес жылдығына арналған мерекелік кеш.

Осы ауысымға арнайы Алматы облысынан қабылданған жиырма елжанды патриот шақырылып, өз жұмыстары мен өнерлерін көрсетті.  Сонымен қатар патриоттардың қатары толығып, өзінің батырлығын танытып өрттен баланы құтқарып, аман алып қалған екі батыр бала Қазақстандық жас патриоттар Академиясының құрамына салтанатты түрде қабылданды. Ауысымның жабылу салтанатында ауысым бойы белсенділік танытып көзге түскен балалар алғыс хаттармен марапатталды. Балалар үйлеріне Балдәурен мен достарын қимай қайтты. Бұл ауысымда балалар өздеріне керекті қабілеттер үйреніп, өшпес естелікті алып қайтты.

Гүлайым САЙБЕКОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығының Қапшағай қаласындағы
филиалының ұйымдастырушы ұстазы,
Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий