Жетекші мектеп – жетістіктер алаңы

Жетекшілік бұл адамдарға әсер ету процесі, жүйелі формальды емес қарым қатынастың жемісі. Жетекші мектептің қызметі-дайын білімді тереңдетуге және жетілдіруге бағыт беру, кәсіби дамуға ықпал ету, серіктес мектептерге қолдау көрсету. Басты ұстанатын қағида білім сапасын жақсарту, өзгерістерге ашық болу, сол бағытта белсенді жұмыс жүргізу, шаралар жоспарлау, үнемі ізденісте болу, кәсіби дамуға ерекше көңіл аудару.

Жетекші мектептің негізгі мақсат, міндеттерін нақтылап, ынтымақтастықта жұмысымызды жүргіздік. Деңгейлік курстан өткен ұстаздарды біріктіріп, олардың қажеттіліктерін анықтап бірлескен жұмыстарды бағалау және мүмкіндіктер туғызуға ұмтылдық. Ақтөбедегі педагогикалық шеберлік орталығының тренерлерінің  көрсеткен әдістемелік көмегі мен қолдауының нәтижесінде семинар, сабақтар ұйымдастырылды. Жетістіктер мен кемшіліктер сараланды. Жұмысымыздың қандай деңгейде жүріп жатқанын біліп отырдық. Орталықпен тығыз байланыстың нәтижесін 2019 жылғы қаңтар айының соңында облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған «Үздік кәсіби қоғамдастық» байқауында көрдік.

Жетекші мектептер жұмысын көрсету алаңы форумға қатысу тәжірибе жинауға жол ашты. Форум дегеніміз не? Бұл сөзді ежелгі римдіктердің ойлап табуымен ғылыми айналымға енгізілген екен. Ежелде тұрғындар жеке пікір дебаттар мен есептілік үшін өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналатын орны форум деп аталатын. Форум пікірлер мен тәжірибелердің тоғысқан алаңы. Біздің аймақта бастау алған форум Орал мен Ақтау және Атырауда онлайн режимінде жалғасын тапты. Форумда бас қосу бізге не берді? Орал қаласындағы кезекті форум жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бағамдадық. Серіктес мектептер өзара тәжірибе алмасып, атқарылған жұмыстарының жақсы және жетілдіруі қажет кемшін тұстарына тоқталды.

Серіктестіктердің бірегей байланысын ұтымды үйлестіруге оң ықпал ететін факторлар қарастырылып, «Үздік кәсіби қоғамдастық байқауының» шарттары назарға ұсынылды. Батысқазақстандық әріптестермен тәжірибе алмаса отырып, байқауға қатысуға шешім қабылдадық. Бәсекенің теориялық бөлімінде  серіктес мектептермен арада атқарылған шараларға талдау жасалды. Алпыс екі жетекші білім ордасы бақ сынаған бірінші кезеңінен сәтті өтіп, екінші турға топжарған 15 мектеп жолдама алды. Байқау барысында облыс педагогтарының әлеуеті жоғары екендігіне көз жеткізіп, білім сапасын арттыру бағытындағы шығармашылық ізденістердің тереңдегеніне куә болдық.

Әріптестердің мықты тұстарын саралау арқылы алдағы жүргізілетін жұмыстар барысында нені өзгерту қажеттілігін анықтадық. Шығармашылық қарым мен қабілеттің нәтижесінде жүлделі бірінші орынды иеленіп, теориялық білімнің зерделенуі қорытындысында «Үздік квест» команда атандық. Ақтау қаласындағы форумға қатысу мүмкіндігін сыйлаған арнайы жолдамаға қолымыз жетті. Жоғары жетістік әрбір адамға шығармашылық сыйлаумен қатар алдағы уақытта биік мақсаттар көздеуді үйретеді.

Байқауда теориялық, әдістемелік, практикалық жұмыстардың нәтижелері сарапқа салынды. Мұғалім үздіксіз ізденісін жетілдірсе кәсіби даму деңгейі жоғары болады, мектептер арасындағы ынтымақтастық бәсекелестікті орта қалыптастырады деген ой түйіндедік ашық алаң аясынан. Ақтау қаласында ұйымдастырылған форумда алған әсеріміз тіпті керемет. Білім және ғылым вице министрі Шолпан Таңатқызы Каринованың ізгі лебізі баршамызға жаңаша жігер сыйлап, шығармашылық шабытымызды арттырғаны анық.

Бірегей басқосуға жиналған жетекші мектептердің басшылары мен әріптестердің әңгімесінен кәсіби қоғамдастықтарының желісін дамыту арқылы педагогтердің біліктілігін арттыру, әдістемелік сүйемелдеудің айрықша маңызын сезіндік. Жетекші мектептің серіктес мектептер жұмысын тиімді үйлестіру бойынша тәжірибе алмасу, жаңа идеялар жинау, көшбасшылық арқылы кәсіби серіктестік орнатудағы мүмкіндіктері барынша молайған. Сөз соңында айтарым, жетекші мектеп қоғамдастықтағы педагогтарға қолдау көрсетіп, жұмыстарына тың серпін беретіндігі даусыз.

Лиза Жакиповна ТЫНЫШБАЕВА,
№3 Қарауылкелді орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, жетекші мектеп үйлестірушісі,
Ақтөбе облысының Байғанин ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий