Білім саласы үнемі жаңарып отыруы тиіс

Өткен аптаның жұма Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани БЕЙСЕМБАЕВ бір топ журналистермен жүздескен болатын. Осы бетбет-бет кездесу барысында оқырмандар қауымын ойландырып жүрген және қоғам тарапынан жиі сыналатын білім мен ғылым саласындағы біраз тақырыптар талқыланды. Назарларыңызға түрлі сауалдарға берілген нақты жауаптарды ұсынамыз.

Ғани Бектайұлы жуырда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты бұрыннан айтылған сын ескерпелерді қайта қаперге салғаны белгілі. Оның ішінде әсіресе білім бағдарламаларының шамадан тыс жүктемеге екендігін айрықша атап айтты. Осы орайда мектеп бағдарламаларына қандай да бір өзгерістер енгізілетіндігін күтуге болады ма? – Жауабымды жалпы білім бағдарламасы дегеніміз не? Оған дайындық қалай жүреді және оның міндеті мен мақсатын түсіндіруден бастасам деймін. Білесіздер білім мазмұны деген ұғым бар. Білім мазмұнын құрайтын оқу стандарттары дайындалады. Осы оқу стандарттарының негізінде бағдарлама түзіледі. Демек бағдарлама жұрт айтып жүргендей оңай әрі жылдам өзгерте салатын жеңіл құжат емес. Бұл ең алдымен педагогикалық қауымдастықтың талқысына түсіп, кәсіби мамандар зерделеген соң министрліктің қарауына ұсынылады. Салалық ведомстваның тарапынан тағы бір мәрте екшеліп барып, ресми түрде бекітілетіндігімен де маңызды. Әділет министрлігі де бұл заңнамалық актіні тіркеп, қоғамның назарына портал арқылы ұсынылады.

Осы талқылаулардың барысында жинақталған ұсыныс-пікірлерге сәйкес қайтадан сарапқа салынады. Осы орайда айтайын дегенім бағдарламаны жазуды қоспағанда бір жылдан астам уақытқа дейін созылатын күрделі процесс. 11 сынып оқушыларына арналған оқулықтардың қайта толықтырылуымен жаңартылған білім мазмұнына байланысты бағдарламалардың тәмамдалғанын білесіздер. Ендігі кезекте 2023-2024 оқу жылынан бастап 12 жылдық білімге көшк мәселесі қарастырылуда. Бұл бағытта бағдарламаларға қоса ең бастысы тұжырымдамалар әзірленуде. Баршаға белгілі көп нәрсені қателіктерге бастап, олқылықтарға соқтыратын бұл уақыттың тапшылығы мен асығыстық.

Сондықтан барлық мүдделі тараптардың жіті бақылауымен бұл жауапты жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Ал енді жүктемелерді азайту оңай нәрсе емес. Бір пәннің сағатын қозғасаңыз дәріс оқитын барлық ұстаздардың шулап қоя беретіні анық. Демек бұл бағыттағы шараларды терең талдау арқылы артығы мен кемшілігін бағамдау арқылы байыппен атқаруымыз қажет. Кеше шет мемлекеттерінде оқытылатын пәндер мен олардың бағдарламасындағы сағаттардың аздығы айтылды. Франция және Финландия мемлекеттерінде 39, Америка Құрама Штаттарында 45, ал бізде 67 пән бары неден туындап отыр?

Қоғамда білімге байланысты кез-келген тақырыпта сауал туындаса сол түйінді тарқатудың тиімді тетігі ретінде көбісі қосымша пән енгізу қажеттілігін ұсынады. Сондықтан отандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен жұртшылық бұл бағытта біліктілікпен қарап, не нәрсеге де сақтықпен қарау қажет. Діни сауаттылыққа жетелеп, жемқорлық пен сыбайластыққа тосқауыл болатын адалдық әліппесі, бизнеске үйрететін кәсіпкерлік кеңестер үшін арнайы пән енгізу қажеттілігі талқыланғаны белгілі. Біздегі оқытылатын пәндердің көптігіне бір жағынан осындай нақты себептер негіз болды. Тереңнен ойланған адам бұл арнайы пәндер арқылы жүргізілуі мүмкін дәрістер бұрыннан бар оқулықтарда қамтылғанын көреді.

Осы орайда он екі жылдықтың маңызы мен мәніне тоқталсаңыз? – Он екі жылдыққа көшудің басты мақсаты әлемдік білім беру үдересіндегі жаңашылдыққа бастайтын қадам. Бұл бағыттағы қолға алынған ауқымды шаралар қысқаша тұжырымдалғанда әр түрлі түсіндірілгенімен, ең басты ұстанымы білімге қудалай бергеннен ғөрі іске көшуге баулуға басымдық береді. Ұл-қыздарымыз балабақшадан бастап мектепте оқыған соң арнаулы кәсіби білім беретін ұйымдар мен жоғары оқу орындарында мамандық меңгереді. Бірақ олар қанша оқыса да табысты болып жатыр ма? Мәселенің төркіні де осында. Яғни жастар бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуы қажет.

Сондықтан білім саласы заман өзгеріп, уақыт ұзаған сайын үздіксіз өзгерістерге бейімделуі қажет. Бір ғана мысал өткен жиырмасыншы ғасырда гаджет туралы түсімізге де кірмейтін. Алғаш қолданған үлкен компьютерлердің мазмұны басқаша бейнемен мың құбылуда. Сын айтатындардың көпшілігі білім саласындағы осы өзгерістердің үздіксіз енгізілетіндігін қаузайды. Кейбір пәндер мүмкін өзгеріссіз қалуы да қажет шығар. Бірақ ақпараттық технологияға қатысы бар әрі тарихты түгендеуімізге байланысты жаңадан табылған деректер оқулықтарда болуы тиіс.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қаншама жоғалған дүниеміз түгелденіп, ақтаңдақтар ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да тарихи тұлғаларға дәріптеу мақсатына байланысты айтқандары елдің есінде. Осыдан келіп шығатыны, білім бағдарламасы мен оқулықтар бұрынғы ескі сүрлеумен жүре беру қажет па, әлде заман талабына сай қайта жаңғыртқан жөн бе?

Ұлттық білім академиясының мамандары қандай жұмыстарды жедел қолға алғанын білсек? – Біздің ұжым ғылыми әлеуетін жоғарылату жолындағы жаңа жобалар мен батыл бетбұрыстарды бастады. Оқулықтарға байланысты кемшіліктердің бар рас. Бұл олқылықтарды сынаған дұрыс әрине. Алдағы қуаытта тағы да қателіктерге жол бермеуіміз үшін министрдің қолдауымен көптеген ауқымды жұмыстар жедел қолға алынғанына куәсіздер. Жоғары билік баға бергеннен кейін бұл кемшіліктерді кәсіби мамандардың сараптауының нәтижесінде қайта түзетуіміз қажет.

Осы орайда республикаға танымал тәжірибелі мамандардың басын қосып, мұқият түрде жан-жақты зерделейміз. Кемшіліктерді жөндеу аса ыждағаттылықты талап етеді. Бәрі де уақыттың еншісінде. Өкініштісі кешенді түрде қамтуға дәл қазір мүмкіндік жоқ. Себебі бастауыш сыныпта байланысты бағдарлама түзетілген кезде міндетті түрде жоғары сынып оқушыларына әсер етеді. Сол себепті біртұтас жүйені бұзып алмас үшін түзетуді басынан бастағанымыз абзал. Бір жағын жөндегенде екінші тұсына кері зияның тигізуіміз мүмкін. Білім саласын сондықтан да киелі де қастерлі тұтамыз.

Жаңа оқу бағдарламалары өзгеріске ұшыраған кезде шығармашылық пәндер қысқарып қалмай ма? – Менің жеке пікірімше бұл пәндер өз орнын сақтап қалуы тиіс. Музыка мен бейнелеу өнері баланың қарым-қабілеті мен ойлау мүмкіндіктерін дамытатын пәндер. Сондықтан бұл пәндердің қысқармағанын көптеген мамандардың қалайтыны анық.

Үш тұғырлы тілге көзқарасыңыз? – Үш тұғырлы тілдің саясаты дұрыс болғанымен, білім беру бағдарламасына енгізуде қателіктер орын алғаны даусыз. Көп тіл білу әрбір адам үшін үлкен жетістік емес пе? Кезіндегі ғұлама ғалымдарымыз қаншама тілді меңгеріп, әлем жұртшылығын мойындатқан тамаша ғылыми еңбектерін жазып қалдырды. Демек үш тұғырлы тілдің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.  Үш тұғырлы тілді айта отырып, мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің барлық салада толық орнығуына, түрлі бағытта нақты қалыптасуына ең алдымен мән беруіміз қажет.

Біздің мемлекеттік тілімізде барлық ұлттың өкілдері мен өзге этностың перзенттері толық түсініп, сөйлеуге мүмкіндіктер жасалғаны жөн. Осыған орай қазіргі кезде бастауыш сыныптарда негізінен мемлекеттік тілге басымдық берілуде. Ал ағылшын тілі жоғары сынып оқушыларының пәндеріне бағытталады. Сондықтан күштеу тәсілі жоқ.

Қашықтан оқуға көшкенімізге бір жылдан асты. Онлайн білімге көңіліңіз толады ма? – Ұлттық тарихымыздан сыр тартсақ қашықтан оқыту мәселесіне кезінде алаш ардақтылары да қалам тербеп, арнайы зерттеулер жүргізген. Пандемия басталғанға дейін де әлемнің көптеген мемлекеттері жаңа жүйені қолдануға үйренді. Әлемгі әйгілі көптеген футоролог ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеу еңбектерінде осы бағыттағы тың технологиялық тәсілдің өмірімізге енетіндігін он жыл бұрын болжаған. Рас бұл жүйеге мемлекеттік мектептер мен ұстаздар қауымын айтпағанда тұтас қоғам дайын болған жоқ.

Үйден оқуға көшкенде оқушылармен қатар ата-аналардың дені мұғалімдердің ескертулерінен құтылғандай көрінген еді. Бірақ бірнеше аптада отбасылық зорлық пен зомбылықтың көбейгені туралы ақпараттар көбейіп кетті.  Қалай десек, те білімге құштарлыққа бағыт пен бағдар берітін және ұл-қыздарымыздың алғашқы ұстазы ата-аналары болуы тиіс. Ұлттық педагогика тұрғысында ата-әжелер институты қайта жаңғырту қажеттілігі де күн тәртібінде тұр.

«Оқуға құштар мектеп» жаңа жобасын ілгерілетуге байланысты пайымыңызды айтсаңыз? – Мемлекет басшысының бұл жаңа жобасының астары тереңде. Себебі кітап оқымаған жас ұрпақтың болашағы баянды болмауы мүмкін. Осы орайда соңғы бірнеше ондаған жылда жаңа кітаптармен қамтамасыз етілмеген мектеп кітапханаларын толықтыруымыз қажет.

Ертегіні оқымаған баланың қиялы жүйрік болары күмәнді. Сондықтан осы бағалы бастамаға ең алдымен журналистер мүдделі болғаны дұрыс сияқты. Себебі кітапты қолына алмаған бала газет пен журнал оқымақ түгілі радио тыңдап, теледидар қармай гаджетке тәуелді мәңгүрт болып қалуы әбден мүмкін. Демек бұл баршамызға ортақ басты борыш әрі парасатты парызымыз.   

Ашық әңгімеңіз үшін үлкен рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий