Жаңа әлемдегі мұғалім келбеті

Жаңа дәуір ғылым мен білімнің заманы. Сол білімнің дамуына ең үлкен үлес қосатын – ұстаздар. Ұстаздық өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі жан – жақты білімділікті, шеберлікті, мейірімділікті және үлкен сабырлықты қажет ететін мамандық. Яғни, ұстаздың жүгі – ауыр жүк екенін жұрттың көбі біле бермейді. Қазіргі заман мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беретін, жаңалыққа жаны сергек, педагогикалық құбылыстардың барысын идеялық адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлігі мен қабілетін, өздігінен еркін дамуын ұйымдастыра алатын, әрі шығармашылықпен еңбек ете алатын маман.

Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы, жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты. Көрнекті педагог В.П. Сухомлинский: – Егер мен сабақ беруші ғана болсам педагогтық деңгейге көтеріле алмас едім, шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді, – деген тұжырымдамасы педагогикалық қызметтің мәнін аша түседі. Жаңару жолындағы Қазақстанға жаңаша ойлайтын өмірге көзқарасы тың, ақыл – ой және шығармашылық әлеуеті қалыптасқан, рухани адамгершілік мәдениеті жоғары шығармашыл мұғалім қажет.

Жақсы тәлімгер – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті мол тұлға. Ол оқу–тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінең бірі деп есептеледі. Мектептің алдында тұрған негізгі мінедеттердің бірі – жеткілікті деңгейде кәсіби білім, құзырлықтары мен танымдық іс-әрекеті қалыптасқан, логикалық ойлау, шығармашылық қабілеттері дамыған, кәсіби білікті мамандар даярлау екені белгілі. Олай дейтін себебіміз, қоғам дамуына жаңаша икемделуде, бүгінгі мектеп мұғалімінің алдында жан-жақты дамыған, терең білім негіздерін қалыптастырған, ақпаратты қоғамда өмір сүруге бейім жеке тұлғаларды тәрбиелеп шығару талабы тұр.

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі ғылыми тұжырымдама бойынша, болашақ мұғалімнің бойынан ұстазға тән жоғарыда аталған әдіс-тәсілдермен қаруланған сапалық белгілері басым болуы қажет, ол үшін мынадай нұсқаулықтарды басшылыққа алуымыз керек. Жаңа қоғам мұғалімі – ол рухани адамгершілігі жоғары, адамзаттық жауапкершілігі мол, белсенді де жасампаз, рефлексияға қабілеті басым, коммуникативтік, ақпараттық және біліктіліктің баса түрін меңгерген құзырлығы жоғары кәсіби маман. Екіншіден – мұғалім білімнің өзіндік құныдылығын анық, саналы түсінуі үшін ғылыми-тәжірибелік әдістер мен өзіндік іс-әрекетінің нәтижелерін диагностикалайтын құралдармен қамтамсыз етілуі керек.

Үшіншіден – мұғалім мектеп пен білім беру саласының алдында тұрған басты мақсаттарды ой елегінен өткізіп, өзін соған бағыттап жұмыс ұйымдастыруы тиіс. Содан соң мұғалімге өзіндік озық іс-тәжіребесін үнемі жүйелеп және қорытындылап отыруды, сондай-ақ іс-тәжірибені қажет ететіндерге түсінікті түрде жеткізе білу технологиясын үйретуді үнемі есте ұстағанымыз абзал. Бесінші – мұғалім әрбір оқушының психологиясына терең үңіліп және соған қарай әрекет жасауына қол жеткізуіміз қажет. Соңғы міндет пән мұғалімі өз пәнін жетік біліп қоймай, тарихи танымы мол, педагогикалық-психологиялық тұрғыдан сауатты болуы тиіс.

«Білім туралы» заңнамаға сәйкес мұғалім оқушының мемлекеттік өлшем/стандарт деңгейінен төмен түсірмей білім беру тиіс. Ол үшін оқытудың белгілі технологиясын игеріп, оны шебер жүзеге асыра білуі керек. Тәлім-тәрбиедегі негізгі тұлға-ұстаз. Ол шәкірттердің жан дүниесінің сырына терең бойлай отырып, олардың сенімін арттырады. “Орташа ұстаз – баяндайды. Жақсы ұстаз – түсіндіреді. Тәжірибелі ұстаз көрсетеді. Ал ұлы ұстаз ғана шабыттандырады” – деген сөз халық арасында кең тараған. Ал ұлы ұстаз болу-әр ұстаздың мақсаты мен міндеті болуы керек.

Ұстаз – әмбебап, білімдар, салауатты маман иесі болса, шәкірт ұстазының ұлағатты іс-әрекетін үйреніп, одан білім алушы, жаны жақын, болғандықтан, шәкірт онымен ашық-жарқын, жасқанбай пікірлесіп, ойын ашық айтса, ұстаздың көңілі көтеріліп, шәкіртіне сырын ашып, арман биігіне жетелейді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелік көбіне ұстазға байланысты. Нағыз ұстаз ғана салуатты да саналы, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыра алады.

Тарих тағылымы көрсеткендей өмірде бәрі өтпелі, үздіксіз жүріп жатқан өзгерістер. Бұл заңдылық. Тек ұстаздың ұлағаттылығы ғана өзгермейді. “Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды,ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады” – деген екен ұлы педагог К.Ушинский. Білім жетілдіру – алға жылжудың, жеңіске жетудің нышаны. Сондықтан да мұғалім қазіргі уақыт ағымына лайық өзінің де білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, білігі мен білімі жоғары ұлағатты ұстаз болуы керек.

Ұстаздық қызмет – қыры мен сыры мол біртұтас гуманистік мамандық. Осындай қасиеттерді өз бойына сіңіріп, игі мақсатқа ұмтылған кең жүректі адам ғана осы құрметті мамандықты игере алады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне білім бе­ріп қана қоймай, оны дүние­жү­зілік бі­лім, ақпарат, экономика ке­ңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағ­да­йында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол нағыз ұстаз­дың, яғни жаңашыл мұғалімнің қолынан келеді дегім ке­леді. 

Айжан Сарсенқызы ҚАРАБАЕВА,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық
колледжының директоры, педагогика
ғылымдарының магистрі, ҚР Білім беру ісінің
үздігі, Атырау облыстық мәслихат депутаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий