Баланың психологиялық саулығы – отбасының басты байлығы

Бала – адам өмірінің баға жетпес байлығы мен қазынасы. Ұрпағы өмірінің жалғасы екендігін саналы түрде түсінген әрбір ата-ана артында қалар ізінің айқын болуы үшін ғұмыр кешеді. Ел ертеңі саналатын әр баланың өмір қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету – ата-ананың басты міндеті.Ата-ана ретіндегі ең басты қателігіміз – өмірге бала әкелерден бұрын саналы түрде өзімізді психологиялық тұрғыда дайындамауымыз.

 

Көп жағдайда ата-ананың өзара қарым-қатынасынан түрлі қарама-қайшылықтар туындап, олардың көзқарастарының бір арнаға тоғыспауынан көптеген кикілжіңдер орын алады. Осының салдарынан баланың психикасы зардап шегеді. Отбасындағы дау-жанжалдың кесірінен жасөспірімдерге психологиялық және физиологиялық тұрғыда зорлық пен зомбылық жасалатындығын ақпарат құралдарынан күн сайын естіп, біліп отырмыз. Бұл біз өмір сүріп отырған қазіргі қоғамның ащы  шындығы.

Отбасындағы қастерлі құндылықтардың жетіспеушілігінен ата-ананың жылуы мен мейірімін толыққанды сезінбеген жасөспірімдердің өзіндік бағалауы мен бойдағы сенімділіктері төмендеп, ерік-жігерлері жасып, психологиялық тұрғыда ағзасы қатты соққы алып, жүйкелері жұқарады. Қоғамда өздеріне лайықты орын таба алмай дағдарысқа ұшыраған кейбір жасөспірімдердің психологиясы бұзылып, қатігездікке бой алдыруы да әбден мүмкін. Мейірімділік пен жылулық сезінбеген жасөспірім болашақта қандай ата-ана болмақ?!

Ата-ана баланың жан дүниесімен үнемі сырласып, көп көңіл бөлуі керек. Бала гүл сияқты бүр жарып, күн сияқты жарық пен нұрға малынып өсуі керек. Отбасының тірегі мен жүрегі әрбір ата-ана ұрпағының психологиялық саулығын басты назарда ұстап, баладан бұрын өздерінің рухани санасын жаңғыртып, адамдықтың асқарына талпынуы қажет. Сонда ғана әрбір ата-ана ұлт мақтанышы болатын рухы биік, өресі кең, ұлағатты да текті ұрпақ тәрбиелейтіндігі сөзсіз!

Аршагүл МОШКЕ,
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп
гимназиясының  педагог-психологы,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий