Үйрете жүріп үйренетін ұстаздармыз

Бүгінгі таңда жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы орта білім беретін мектептерге жетекші мектептер арқылы тарату – ұтымды шешімдердің бірі. Жетекші мектеп болу мұғалімдердің аса тәжірибелі әрі білікті, өзгерістерге бейім, АКТ дағдыларын шебер меңгеруін және тағы да жауапкершілікке толы үлкен міндеттерді талап етеді.

Осы орайда біз өзімізге ұжым педагогтерінің арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнату; білікті ұстаздардың білімі мен тәжірибесін негізге ала отырып, тәлімгерлік үдерісін жандандыру; мектептің озық тәжірибесін магниттік мектептерге тарату әрі қадағалап отыру; мектеп жүйесіне қандай да бір өзгеріс енгізуге мүмкіндік беретін сабақты зерттеу, іс-әрекеттегі зерттеу үдерісін мұғалімдер тәжірибесіне енгізуді негізгі мақсат пен міндет етіп айқындап алдық. Бүгінде аудан көлеміндегі алты мектепті өз жетекшілігімізге алып, ұйымдастырған іс-шаралар мен өткізілген жұмыстардың саны емес, сапасына назар аударуды көздеудеміз.

Білікті ұстаздар жетекші мектептің ең басты күші болғандықтан мектеп ішінен көшбасшы ұстаздар тобын құрдық, соның арқасында жұмысымыз бір жүйеге түсіп қалыптасты. Сондай-ақ бекітілген мектептердегі деңгейлік курсынан өткен ұстаздарды біріктіріп, сауалнама жүргізу арқылы олардың қажеттіліктерін, жүргізілетін жұмыс бағытын анықтап алдық. Былтырғы оқу жылынан бері нәтиже берген жұмыстарымыздың бірі – мобильді кадрларды даярлау.

Атап айтсақ, ағылшын, математика, химия пәндері бойынша жетекші мектеп пен магниттік мектеп арасында кадрлық тапшылықты болдырмау үшін мектептер арасында мобильді кадрлар жұмыс атқаруда. Бұл жұмысымыз оң нәтиже беріп, келесі оқу жылында да жалғасын табады деп сенеміз. Себебі мектептердің кадрлық құрамдары әртүрлі. Әр мектепте белгілі бір пән мамандары жетіспейді және әртүрлі ұжымдарда қызмет атқару тәжірибемен бөлісуге ыңғайлы. Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – білім мазмұнын жаңартумен қатар өмір сүруге бейімделген ұрпақ тәрбиелеу.

Бұл бағдарламаның қыр-сырын танып білуде жетекші мектептің жұмысы өте маңызды деп ойлаймын. Осы мақсатқа жетуде мектептер арасында фунционалдық сауаттылық бойынша олимпиадалар ұйымдастырылып тұрады. Олимпиадаға арналған материалдарды дайындау үшін жетекші және магниттік мектептер арасынан «Халықаралық PISA зерттеулерін өткізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» курсынан өткен мұғалімдер атсалысты. Жетекші мектеп ретінде жоғарыда атап өткен міндеттерді орындап, алдымен ұжым арасында, содан соң мектептер арасында ынтымақтастық орнатып, «үйрете жүріп үйренетін», бұдан әрі білікті әрі білімді ұжымға айнала түсетінімізге сенемін.

Бауыржан Балтабайұлы МҰСАБАЕВ,
Қожаберген жырау атындағы жалпы орта
білім беру мектебінің директоры, Солтүстік
Қазақстан облысының
Жамбыл ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий