Ауылдағы ұстаздардың еңбегін жетекші мектеп ретінде облысқа таныттық

Білім беру үдерісінде соңғы уақыттағы мән-мағынаға ие жаңалықтардың бірі – жетекші мектептер жұмысының жүзеге асырылуы. Жаңартылған білім мазмұны білім беру үдерісіне енгізілгеннен бері жетекші мектептің алға қойған мақсаты білім саласына оң өзгерістер әкелуде. Бүгінге дейін біздің білім ордасы аудан мектептерінің құрамындағы серіктес мектеп ретінде танылған болса, қазіргі таңда аудан, облыс орталығынан шалғайда орналасқанына қарамастан жетекші мектеп дәрежесіне көтерілді.

Мектеп басшысы ретінде жүктелген міндеттерді атқарып, Педагогикалық шеберлік орталығы ұсынған үлгі жоспарының негізінде өз қажеттілігімізді ескеріп, атқаратын істерді ұжым болып шешуге бекіндік. Жетекші мектеп пен серіктес мектептердің бірлескен ортасында бірнеше іс-шаралар өткізіліп, тәжірибе алмасу, біліммен бөлісу жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар жетекші мектеп пен серіктес мектептердегі сертификатталған көшбасшы мұғалімдердің жүйелі жұмысын жүргіздік. Осы жұмыстардың арқасында мектептер арасында ынтымақтастық атмосферасы пайда болды.

Мұғалімдер өздерінің дамыту керек тұстарын тануына мүмкіндік алды. Оған дейінгі жұмыстарды дер кезінде ой елегінен өткізіп, алдағы жұмыстардың қадамын пысықтадық. Мұғалім сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында жоспар тиімділігі еселене түсіп, табыстылыққа алып келетін тәжірибелер мен ақпараттар ортаға салынды. Мектептің білім беру сапасының көтерілуі, мұғалімдердің пәндік, педагогикалық, технологиялық білімдерінің арта түсуіне ұйымдастырылған шаралардың тигізер әсері мол болды.

Жетекші мектеп пен серіктес мектепті қоса орта есеппен алғанда, білім сапасы жеті пайызға көтерілгенін жеткізгім келеді. Жетекші мектептер ұйытқы болатын қоғамдастықтардың маңызы зор, міндеті көп. Көшбасшы мұғалімдер, мектеп тренерлері, бағалауды үйлестіруші, мектеп басшылары орынбасарларының жаңа бағыттағы жұмысы мұғалімдік кәсіп туралы тек қана мектеп пен ата-ана, мектеп пен оқушы арасындағы байланысты ғана емес, қоғамның да көзқарасын оңтайландырды.

Себебі әлеуметтік желілерде атқарылған жұмыстармен бөлісіп, дүйім жұрттан оң баға алдық. Жетекші мектеп жұмысының нәтижесі мұғалім кәсібінің қыр-сырын терең меңгеріп, құнды нәтижеге қол жеткізуге алып келді. Бұл түсініктердің негізі бірлікте, жариялылық пен шынайылықта деген ойдамын. Алдағы уақытта жетекші мектеп маңызының арта береріне сенім мол.

Айбек Тағыбергенұлы АЖМҰРАТОВ,
Қорғантұз жалпы орта білім беретін
мектептің директоры, 
Ақтөбе
облысының Шалқар ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий