Бәсекеге қабілетті білім ордасы

Қай заманда қоғамның негізгі қозғаушы күші, даму тетігі білім мен ғылым болып келген. Ал қазіргі технология дәуірінде олардың ролі бұрынғыдан әлденеше есеге ұлғайып келеді. Бұрынғылардан қалған «Білімдінің жүзі жарық» деген нақылдың салмағы мен маңызы да осыған орай әлдеқайда артып отыр. Демек, бүгінгі таңда мұғалім, педагог, ұстаз мамандығының бәсі де айтарлықтай көтеріле түсуде.

Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұстаздар ұстаханасына айналған Алматыда ғана бар аққулар мекені, білімнің алтын ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық  университеті 76 жылдық тарихында қаншама дарынды шәкірттерін түлетіп, бүгінгі қоғамда әлемдік деңгейдегі айтулы істердің басы-қасында жүріп, кесек-кесек еңбектер атқарып жатқан түлектерімен, сол түлектердің осындай дәрежеге жетуіне білім жолындағы іргетасын мықтап қалыптастырып берген ұстаздарымен бай. Үздік әлемдік тәжірибелер негізінде адами капиталды қалыптастыруға үлес қосу – университеттің нақты миссиясы, ал инновациялық идеяларды тарататын зияткер көшбасшыларды дайындау оның басты стратегиялық мақсаты болып табылады.

Ол 78 шетелдік серіктес ЖОО-мен ынтымақтастығын дамытуда. Оқу орны халқымызға тән құндылықтарымыз ретінде ұлттық нақыштағы таңбаны (логотип) таңдаған.  Онда тәрбие жұмысы 5 бағыт бойынша жүргізіледі. Оларды азаматтық-патриоттық және құқықтық, рухани-адамгершілік және эстетикалық, студенттердің өзін-өзі басқаруын дамыту, оларды әлеуметтік жағынан қолдау, саламатты тұрмыс-салтын насихаттау секілді бағыттар құрайды.

Бұл бағыттар бойынша жоғары деңгейде өткізілген ұлттық, мемлекеттік, мерекелік іс-шаралар мен мәдени-бұқаралық жиындар адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға арналған патриоттық форумдар, пікірсайыс турнирлері білім алушылардың санасының қалыптасуына  жан-жақты ықпал етеді. Осы ретте 2003 жылдан бастау алған жастар ұйымдары мен клубтары жыл сайын жаңа құраммен толықтырылып белсенді жұмыс істеп келе жатқанын айтуымыз керек. Қазіргі таңда университетте 13 жастар ұйымы мен клубы бар. Оларда 400-ге жуық  студент өз-өздерін жан-жақты дамытып келеді. 

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қыз Жібек» республикалық клубы қайта жанданса, жаңадан «Ұмай Ана» клубы құрылды. Олар университет қыздарының отбасы құндылықтары мәдениетін қалыптастыруға және ұлт анасы ретінде қыздарды болашақ өмірге даярлау, үй шаруашылығына қатысты тұрмыстық қажеттілік дағдысын қалыптастыру мақсатында жұмыстар атқарады. Осыған орай өз мамандықтарына машықтап, өз саласы бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында еліміздегі әлеуметтік, қоғамдық, азаматтық көзқарас пен өнердің түрлі бағыттарында бой көрсетіп жүрген студенттеріміз баршылық.

«Жанам деген жүрекке от беремін» – деп, ақын Төлеген Айбергенов айтқандай,  әр студенттің бойынан байқаған сәулесін тұтатып, жалындаған жас ретінде шығару –біздің басты міндетіміз. Жоғарыда аталған жастар ұйымдарының негізгі ұстанымы да осы. 2019-2020 жылдардың мемлекет басшысының жарлығымен «Жастар жылы» және «Волонтерлар жылы» деп жариялануы жас келсе іске деп, білек сыбана қоғамдық іске етене араласуға мұрындық болды. Тек өткен жылы ғана айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген студенттер «Jas Otan» ЖҚ орынбасары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және «Jas Otan» ЖҚ экс-төрағасы Дәулет Кәрібектің Алғыс хатымен марапатталды. Мұндай марапат алғандар қатары көп.

Салауатты өмір салтын ұстанған спортшы қыздарымыз баршылық. Университеттің әр жатақханасында орналасқан жаттығу залдары, спорт кешені, «Аққу» бассейіні қаншама студенттің әлемдік жарыстарда топ жаруына жағдай туғызды. Халықаралық, республикалық, қалалық жарыстардың жеңімпаздарының саны жыл сайын артып келеді. Олар спорттың самбо, қазақша күрес, дзюдо, ММА нұсқасында ережесіз жекпе-жек (қол күрес), тау шаңғысы, ауыр атлетика, батутта секіру, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, фристайл, таэквондо, жеңіл атлетика, черлидинг, жүзу, джиу-джитсу түрлеріне қатысады.

Университетте баскетбол, футбол, волейбол, үстел теннисі, жүзу, бадминтон, шахмат, тоғызқұмалақ, каратэ-до, самбо, қазақша күрес, дзюдо, жеңіл атлетика сынды сайыс секция жұмыс істейді. Біздің қыздардың құрама командаларының студенттері Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен қатысушылары, Пхёнчханда өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары, XXVIII қысқы дүниежүзілік студенттер универсиадасы 2017 жылы Алматыда, 2019 жылы Красноярскіде XXIX Қысқы универсиадада, Қазақстан Республикасының 39 жоғары оқу орындары арасындағы VII Қысқы универсиада жеңімпаздары, баскетболдан Ұлттық студенттік лиганың чемпиондары, 2017, 2018, 2019, футзалдан Ұлттық студенттік лиганың күміс жүлдегерлері атанып отыр.

Әлеуметтік бағыттағы салмақты да сауапты істің бірі – волонтерлік қызмет. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі  «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру мақсатында ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы мен «Qazvolunteer.kz» бірыңғай платформасында университеттің 85 еріктілері белсенді еңбек атқарды. Әр мамандық студенттерін өз мамандықтары шегінде 20 сағаттық 20 кредит, 50 сағаттық 50 кредит бойынша университет еріктілері әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық мекемелерде жұмыс атқарды.

Сәйкесінше, олардың болашақ өмірде адал еңбекпен табылған нан тәтті деген ұғымын қалыптастыру миссиясы жүргізілді. Яғни, мемлекет тарапынан қолға алынып, жүргізіліп жатқан әрбір  істе жастардың шет қалмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болып табылады. ҚазҰҚПУ – еліміздегі рейтингі жоғары оқу орындарының бірі, оның халықаралық студенттер арасында танымалдығы жылдан-жылға артып келеді. ҚазҰҚПУ-тің таңдауға қандай себептер бар? Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті түлектердің еңбек кітапшасымен мақтанады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ЖОО түлектерінің 96 пайыздан астамы жұмыс табады және оқуын аяқтағаннан кейін алты ай ішінде мансапқа кіріседі.

Бұған университеттің кәсіптік бағдар беру орталықтары, сондай-ақ жетекші жұмыс берушілермен байланыс көмектеседі. Қос дипломды білім беру бағдарламасы бар, 65-тен астам шетелдік ЖОО-мен серіктес, QS Stars University Rating халықаралық рейтингісінде үш жұлдыз иеленген ҚызПУ – қыздар үшін ең жақсы оқу орны. Үздіксіз белсенділік өмір, керемет мүмкіндіктер. Университетте студенттің бос уақытын тиімді өткізу үшін жұмыс жасайтын жоғарыда аталған 13 ұйым бар. Бұл ортаға тап болсаңыз, еш өкінбейсіз. Керісінше, шыңдалып, тәжірибе жинап, әмбебап-ұстаз болып шығасыз. Жайлы жатақхана да бізде.

Жатақханада шет мемлекеттерден келген білім алушылармен бірге өмір сүру студенттік шақтың ажырамас бөлігі болып табылады. Оқу ақысы қолжетімді. Университеттің жоғары рейтингісіне қарамастан, оқыту құны еліміздегі ең жоғары рейтингі бар университеттер арасында ең қолайлысы болып саналады. ЖОО арасында танылған жоғары сапалы гуманитарлық білім беретіндігімен де ерекшеленеді. Шекарасыз әлем. Оқытушылармен бірге студенттер халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысады және басқа елдердің серіктестерімен бірлесіп бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асырады.

Университет студенттері айына кем дегенде 2-3 рет әлемнің әр түкпіріндегі серіктес институттардан университетке жұмысқа келген шетелдік жетекші ғалымдардың дәрістерін тыңдауға мүмкіндік алады. Олар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелге шығады. Университеттің білім көзі болып табылатын кітапхана  қоры сіздің  басты темірқазығыңыз. Қолжазба, сирек әдебиеттер қоры мен қоса заманауи электрондық ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ететін орталық қарқынды жұмыс істейді.

Жоғары мектеп, институттар мен орталықтар ғылым саласындағы негізгі шетелдік серіктестер ретінде  Миссисипи штатының Valley Valley университеті / АҚШ биоинформатика бөлімі – Кавендиш зертханасы, Кембридж университеті / Ұлыбритания – Томск ұлттық зерттеу университеті, химия кафедрасы – Вавилов атындағы Ресей ғылым академиясының жалпы генетика институты – Ресей халықтар достығы университеті, – Санкт-Петербург мемлекеттік психология және әлеуметтік жұмыс институты – Қазан (Еділ аймағы) федералды университетімен етене байланыста.

Педагогикалық бағыттағы оқу орнының психологиялық орталықтары жеке және топтық сабақтар үшін 10 кабинет, Монтессори бөлмесі, емдік дене шынықтыру және музыкалық-ырғақтық сабақтар залдары бар. Онда университет студенттері кәсіби дәрігерлермен бірге балалар мен олардың отбасыларына дефектологтардың, логопедтердің, психологтардың кәсіби қызметтерін көрсетеді, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларға, оңалтуға, әлеуметтенуге және әлеуметтік тұрмыстық дағдыларға үйретеді.

«Парасат мектебінде» түрлі тақырыптық  коучингтер, семинарлар, танымдық шараларға белсене атсалысуға болады. Робототехника, лингво-орталық, білім жетілдіру орталықтары да әр студенттің білім алу жолында жан-жақты қолдау көрсетеді. Оқу орнының профессор-оқытушылық құрамы ҚызПУ ға келген білім алушылардың сапалы білім мен мол тәжірибе жинақтауының басты кепілі. Бұл құрамда отандық және әлемдік аренадағы білім беру мен тәжірибе үйретуде асқан басымдық көрсеткен тұлғалар толайым.

Адам өміріндегі қателеспеу керек екі дүние бар десек, соның бірі тура осы мамандық таңдау болып табылады. Ендеше, бақытты да баянды болашаққа асқан білім, зор тәжірибемен  қадам басқың келсе, ұстаздан шәкірт озған ортаға кел! Өз таңдауыңды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне жаса. Себебі, ҚызПУ қызықты да жарқын болашақ кепілі болып табылады. 

Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
ҚазҰҚызПУ Әлеуметтік даму
жөніндегі проректоры, доктор PhD      

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий