Мұқағали Мақатаев – 90: “Мен өмірді жырлау үшін келгенмін…”
Биыл қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр.
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бəле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тəңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, — деген, мəрт мінезді, өр кеуделі, от жүректі ақын 1931 жылы ақпан айының 9-ы күні, Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз деген жерінде дүниеге келген.

Жалғыз ұлы Сүлейменнен көрген алғашқы немересін əжесі Тиын бауырына салып, тəрбиелеп өсірген. Əкесі Сүйлемен ешкімнің ала жібін аттамаған момын кісі екен. Мінезімен ел-жұртына ұнап, шаруашылық басқарыпты. Ұлы Отан соғысы басталғанда, майданға аттанып, хабарсыз кетеді. Мұқағалидың ақын болуына əжесі Тиын мен шешесі Нағиманың ықпалы тисе керек. Ақынның өзі айтуынша, екеуі де қазақтың ауыз əдебиетін — айтыс, дастан, аңыз-ертегіні көп білген көрінеді. Балалық бал дəурені соғыс жылдарының ауыр тауқыметімен тұспа-тұс келген жас жеткіншек еңбекке ерте араласып, жеті жылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің, «Мəдениет жəне тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарады. Жас ақынның алғашқы өлеңдері 1949 жылы аудандық газетте, 1951–1954 жылдары «Əдебиет жəне искусство» журналында жарияланды. 1964 жылы «Ильич» деп аталатын тұңғыш кітабы жарық көрді.Ақынның көзі тірісінде «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтары жарыққа шықты.

Алғашқы өлеңдерін он-он бір жасынан бастап жаза бастаған Мұқағали көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігімізге айналғанының тағы бір дәлелі — біздің орталықта «Мен-Қазақстан азаматымын!» жас патриоттардың республикалық слеті бағдарламасы барысындағы ақынның 90 жылдық мерейтойына арналған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-сазды кештің ұйымдастырылуы.
Бұл кеште Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттан, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған өлеңдер екеніне жас балдәурендіктер тағы бір көз жеткізді. Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығарма-шылығымды зерттемек болсаңдар, онды мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мен өз өлеңдерімнен бөліп қарамаулары-ңызды өтінем» деген екен. Осыған орай, кеш барысында ақын атамыздың өмірбаянымен қатар, кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған жырлары жас балдәурендіктердің шебер орындалуымен мәнерлеп жатқа оқылса, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағынышты әндері ұстаздар жүрегінен шабытпен шырқалып көрермендер көңілінен шықты.

Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі тағы басқа тақырып-тағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.Осындай шоқтығы биік поэмасының бірі – «Аққулар ұйықтағанда». Ақын бұл поэмасында ел ішіндегі наным-сенімді қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етеді. Кеш барысында поэманың үзіндісінен алынған қойылым оқушылардың сахналық шеберлігі мен өнерлерін шыңдап, кештің шарықтау шегі болып танылды.
Мұқағали Мақатаев — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай,оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан өткен ғасырдағы санаулы саңлақтардың бірі һәм бірегейі. Оның өз сөзімен айтқанда:
…Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, – деген ерен жырдың жаратушысы. Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген.
Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырларымен көркем дастандары – сол сенімінің жемісі. Таулардың алыстаған сайын асқақтай, биіктей берері анық. Елдің еркесі боп саналатын ақындар да сол іспеттес. Өздерінен кейінгі ұрпақтарына баға жетпес рухани қазына қалдырып, мәңгілік музаға айналған Мұқағали Мақатаевтың ерен есімі мен мол ғибрат, таусылмас тәлім-тәрбие аларлық туындылары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Салтанат Сағынайқызы ҚАЛИЕВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің
мұғалімі, Ақмола облысының Бурабай ауданы