Өлке табиғатын оқытуда оқушылардың ізденімпаздық қабілетін арттыру жолдары

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз әлемдік аренада алатын орны айқындалып, халықаралық және республикалық деңгейдегі жергілікті объективті саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайлар мемлекетімізге айтарлықтай жаңа, оң өзгерістер әкелгені белгілі. Осыған орай елімізде жаңа геосаяси, экономикалық, демографиялық, геоэкологиялық мәселелер туындады. Осы мәселелердің оқу-танымдық маңызы зор. Оны оқушыларға жеткізетін география, тарих, экология пәндері. География пәнінің бір бөлігі  – мектептегі  өлкетану жұмыстары.

Өлкетану – географияның, тарихтың ажырамас бір бөлігі болып табылады.  Ол туған жеріміздің тарихында болған оқиғаларды нақты мысалдар арқылы түсініп қабылдауымызға жағдай жасайды.  Өлкетану – ғылыми негізде жүргізілетін , белгілі бір теорияның жан-жақты зерттелуі. Қаланың, ауылдың, облыстың табиғат жағдайы, әлеуметтік-экономикалық, саяси , тарихи және мәдени  дамуы  өлкетанудың зерттеу объектісі болып табылады. “Өлкетану өзінің туған жерінді аялауды, сүюді ғана үйретіп қоймайды, сондай-ақ ол туралы білуіңді, тарихқа, өнерге, әдебиетке деген қызығушылық танытуға, мәдениет деңгейін көтеруге үйретеді”,- деп академик Д. Лихачев айтқан екен.

Өлкетану жұмыстары оқушылардың қоршаған табиғи құбылыстары мен заттары туралы, олардың өзара байланыс заңдылықтары туралы түсініктерін қалыптастыруға көмектесіп, өмірге деген қызығушылықтарын арттырады. Ол туған өлке табиғатын, оның байлықтарын, даму заңдылықтарын, жергілікті жердің халқы мен шаруашылық түрлерін және олардың байланыстарын ұғынуға көмектеседі. Оқу – тәрбие процесінде халық педагогикасының құралдарын өлкетану жұмысында пайдалану арқылы оқушылар тек нақты білім мен ұғымды меңгеріп қана қоймай, дүниенің біртұтастығы мен әр түрлілігі, дамудың үздіксіздігі, өзара байланыс пен әрекеттестік, дүниенің нақты заттар мен құбылыстардан тұратындығын танып, олардың дүниетанымдық көзқарастары кеңейеді.

Мектептегі өлкетанудың белгілі бір пәндік бағыты бар: тарихи, географиялық, әдебиеттік бағыттар. Ол оқу (мазмұны оқу бағдарламасымен анықталады) және сабақтан тыс( мазмұны  белгілі жоспар бойынша құрылады) өлкетану деп бөлінеді. Мектептерде туристік-өлке тану  және экскурсия ұйымдастыру ел Үкіметінің қаулысына, Білім мен ғылым министрлігінің бұйрықтары мен нұсқаулық әдістемелік құжаттарына, осы мәселеге қатысты нормативті құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда мектептегі туристік өлкетану қызметі шәкірт тәрбиелеудің ең тиімді құралы деп түсінемін. Туризм шәкірттердің ой-өрісін кеңейтіп, жан дүниесін рухани байытады, денесін шынықтырады.

Адамзат баласының туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, отансүйгіштік қасиетін қалыптастырады. Сыныппен туристік жорықтарға шығу, бір жағынан оқушының білімін толықтырып, ұжымды ортақ мүдде жолында жұмылдырса, екіншіден, мұғалім мен оқушының арасындағы достықтың болуына себепкер. Сондай-ақ, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатындағы жүргізілетін жұмыстарының бірі – өлке табиғатына саяхат жасау. Бұл бағыттағы мұғалімнің мақсаты – туған табиғат аясына саяхат жасай отырып, табиғатты қорғау, экологиялық зардаптардың әсерін байқау, оны болдырмаудың жолдарын оқытып, үйрету.

Бұл мақсатқа тек туған жер төсіне тікелей саяхатқа шығу арқылы ғана жете  аламыз. Өзімнің ізденіс жұмысымды да оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру мақсатында «Өлке табиғатын оқытуда оқушылардың ізденімпаздық қабілетін арттыру» тақырыбымен алып, осы бағытта қызмет етіп келемін. Біздің елді мекен –  Боранқұл. Бұл – пайдалы қазбаларға бай, өзіндік тарихы, орналасу аймағына тән табиғаты: шөл зонасына бейімделген өсімдіктері мен жануарлары бар, аласа таулары, жер асты сулары, бұлағы мен құдықтары бар шағын өлке, шағын ауыл.

«Отан отбасынан басталады» – дегендей қазақ елінің кішкене бөлшегі ретінде өз алдына түтін түтетіп, хал-қадірінше ел экономикасын нығайтуға үлесін қосып келе жатқан мекен. Бір сөзбен айтқанда біздің шағын мекен – болашағы зор, өсіп-өркендеп келе жатқан  көсегесі көгеретін ауыл. Өлкетану жұмыстарын ұйымдастыруда оқушыларды өз ауылының осындай ерекшелігін, экономикалық даму қарқынын, табиғи байлықтарын, оның жергілікті жерге тигізер әсерін ұғындыру мақсатында  жұмыстар жүргізіп отырамын. Осыған орай, өз өлкемізге, елді мекенге,  экскурсияға шығып, туған табиғат аясына саяхат ұйымдастырып, саяхат барысында көрген мәліметтерінен материал жинастырдық.

Оқушылар алған әсерлерін жазбаша баяндап, дәптерге түсіру және әр түрлі шығармашылық бағыттағы жұмыстар ұйымдастыруға бейімдеп  келемін. Осы саяхаттар  барысында оқушылардың ізденімпаздықпен және шығармашылықпен жинақтаған материалдарын, шығармашылық жұмыстарын, бейне және фото материалдарын сабақ барысында пайдаланып, сол сияқты, тағы да басқа  өлке табиғатына, экономикасына, экологиясына  қатысты материалдарды пайдаланып, оқушыларды өз елді мекеніне деген сүйіспеншілігін арттыра түсуге ықпал етемін.

Мысалға айтатын болсақ, осы оқу жылында яғни, 2020-2021 оқу жылында, қыркүйек айында қашықтықтан өткізілген «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-экпедициялық жасақтарының аудандық слетінен «Ең керемет туристік өлке» номинациясы бойынша 11- сынып оқушысы Орынбасар Ақжібек жүлделі  бірінші орын алып, облыстан да алғашқы қатардан көрінген соң республикаға жолдама алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде 11- сынып оқушысы Оспанова Анелля өлкетану бағыты бойынша 1-орынға ие болып, облысқа жолдама алып, облыстан  іріктеу кезеңінен өтті. 

«SMART CHILDREN OF KAZAKHCTAN» тақырыбында мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттеріне арналған I республикалық ғылыми жобалар қорғау бойынша онлайн конференциясына қатынасқан 11 – сынып оқушылары Оспанова Анелля «Өнегелі өмір» айдарымен ауылымыздың мақтанышы,  Социалистік Еңбек Ері Мергенбаева Жанбөпе Сақтанқызының еңбек жолындағы ерлігі  туралы «Алтын жұлдызды әже», Орынбасар Ақжібек «Берекелі Боранқұл»  тақырыбымен ғылыми жобаларын қорғап шығып, нәтижесінде  екеуі де жүлделі 2-орынға ие болды.

Елбасы күніне арналған «Нұр –Сұлтан – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атты III республикалық қашықтан өткізілген эссе, өлең шығару байқауына қатысқан 11- сынып оқушылары Сағынышова Ақбота жүлделі 2- орын (Нұр-Сұлтанға арнап өлең шығарудан), Орынбасар Ақжібек (эссе жазудан) жүлделі бірінші орындарға ие болды. Ауданда сырттай өткен Тәуелсіздік күніне арналған шығармалар сайысынан 11- сынып оқушысы Орынбасар Ақжібек 3-орынға ие болды. 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған экологиядан «Байтақ Ел» республикалық қашықтық олимпиадасынан Тегісбаев Серік  үшінші орын иегері атанды.                                         

Қорыта келе айтпағым, өлкетану жұмыстары оқушының пәнге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, келешекте мамандық таңдауына көмектесуге, ғылыми және техникалық прогресс жетістіктерін меңгеріп, жергілікті жердің экономикасын арттыруға үлес қосуға тәрбиелеуге ықпалы зор, сондай-ақ, туған жердің табиғатын зерттей отырып, экологиялық білім алуына да мүмкіндік туғызары сөзсіз.                                                                      

Қасиетті ата мекен
мен өзіңмен тілдесем,                                                                                    Бабалардың тері тамған
құт қонысын білмесем.
Онда құрттай жүрегімнің
бәр кінәсін кешпес ең, Онда менде, жұмыр жерде табан тіреп жүрмес ем, – деп  Ф. Сахи ақын жырлағандай  құт атамекенді танып білмесек, онда өзіміздің туған жеріміз жайында ештеңе білмегеніміз.  Осындай қателікті болдырмаудың басты шарты –  өлкетану жұмыстарын сапалы, мақсатты жүргізу.

Жастарға жергілікті жердің географиялық орнын, оның табиғи ерекшеліктері мен байлықтарын, су көздерін, топырағы мен жануарлар, өсімдіктер дүниесін, экономикасын жан-жақты таныстыру болып табылады. Осылай қызмет етсек, келешек ұрпаққа елдің экономикасын дамытуға, экологиясын, тарихы және табиғи ескерткіштерін қорғау жолында кешенді еңбек етуге баули аламыз деген  ойдамын.

Лаззат Сауирбаевна БУЛЕКБАЕВА,
Боранқұл жалпы білім беретін мектептің
зерттеуші-педагогы, жоғары санатты
география пәні мұғалімі, Маңғыстау
облысының Бейнеу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий