Тәжірибе алмасу – педагогтың кәсіби өсуінің басты кепілі

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы болғандықтан, еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту шеңберінде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту процесін тиімді ұйымдастыру, 4К моделі  бойынша  негізгі құзыреттерді  қалыптастыру,  балаларды зияткерлік,  әлеуметтік және тұлғалық дамытуда инновациялық технологияларды енгізу, отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның өзара ынтымақтастығын қамтамасыз ету, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың денсаулығын нығайту мен сақтауды қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық жағдайларды жасау міндеті тұр.  

Осы орайда аймақтағы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын жақсартуда және  педагогтарды кәсіби қолдау  мақсатында  бірнеше инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, шығармашыл педагогтардың озық тәжірибесін айқындау, тарату мақсатында 2015 жылдан бастап «Инновациялық қозғалыс» жобасы жүргізілуде. 

Жоба аясында Талдықорған қаласы №2 балабақшада денсаулық сақтау технологиясы, №7 балабақшада ТРИЗ технологиясы, №8 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасында М.Монтессори әдістемесі, №3 «Балбөбек» бөбекжай балақашасы мен Панфилов ауданы «Арай» балабақшасында «Тәй-тәй» әдістемесі, №45 «Арман»  балабақшасында Н. Зайцев әдістемесі, Талдықорған қаласы №12 «Бәйтерек» балабақшасы мен Жамбыл ауданы «Айгөлек» балабақшасында «В.Воскобович дамытушы ойындары», №11 «Құлыншақ» балабақшасында «Инклюзивті білім беру», Қаратал ауданы «Балбөбек» бөбекжай балабақшасында «Лэпбук интерактивті оқыту құралы», Сарқан ауданы «Балдырған» балабақшасында «Жобалау әдістемесі» бойынша, барлығы 11 инновациялық орталық құрылды.

Инновациялық орталықтарда аталған технологияларға негізделген заттық-дамытушы орталар құрылып, оның қолжетімділігі және қауіпсіздігі ескеріліп, балалардың жан-жақты дамуына толыққанды жағдай жасалып, орталық педагогтері кіріктірілген оқу қызметінде озық технологияларды енгізудің  тиімділігін көрсететін тәжірибе тарату семинарлары, ашық есік күні, шебер-класс ұйымдастырып, облыс көлемінде іс-тәжірибелерімен үнемі бөлісуде. Облыстағы мектепке дейінгі ұйым педагогтары кез келген уақытта аталған орталықтармен тығыз байланыс жасай отырып, өз тәжірибелерін жетілдіруге мүмкіндік алуда.

«Инновациялық қозғалыс» жобасы аясында облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы мен Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы «Мектепке дейінгі ұйымдардағы инновациялық ізденістер мен тәжірибелер» тақырыбында республикалық онлайн-семинар  ұйымдастырды. Басты мақсат инновациялық әдістемелік орталықтар арқылы мектепке дейінгі ұйымдарына білім беру технологияларын енгізу, педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, әдістемелік қолдау көрсету.

Семинар жұмысының пленарлық отырысында «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұны бөлімінің басшысы Ерманова Мария Наятқызы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің п.ғ.д., профессоры Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы,  НЗМ ДББҰ «Білім беру бағдарламалар орталығы» мектепке дейінгі бастауышта білім беру бөлімінің басшысы Қажығалиева Жанат Башаринқызы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың басым бағыттары, мектепке дейінгі ұйымдарға ғылыми-педагогикалық бағыттағы маман даярлаудың қазіргі мәселелері және мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мектеп жасына дейінгі балаларды тілге бойлау бағдарламасы туралы сөз қозғап, ой бөлісті.

Семинар  жұмысы тәжірибелік алаңда жалғасты. 1-алаң. «Өзіме істеуіме көмектес» М.Монтессори технологиясын қолданудың әдістері; 2-алаң. Инклюзивті білім беру – балабақша әлемі, Талдықорған қаласы №11 «Құлыншақ» аралас-балабақшасы; 3-алаң. «Қызықты ойын әлемі» В.Воскобовичтің дамытушы ойындары; 4-алаң. Балаларды ерте дамыту – Н.Зайцев әдістерінің ерекшелігі; 5-алаң. STEAM білім беру- мектеп жасына дейінгі балалардың дамуының жаңа кезеңі; 6-алаң. Логикалық ойлауды дамыту – балабақша түлегінің мектептегі жетістігінің кепілі тақырыптарында жүрген тәжірибелік алаңда республиканың мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтері инновациялық технологияларды іс-тәжірибеге енгізудегі өз нәтижелерін ортаға салып, тәжірибе алмасты.

Республикалық семинар жұмысына мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар, мектепалды даярлық сыныптары (тобы), мектеп жанындағы шағын орталықтардан 700 педагог қатысты. Оқу-әдістемелік орталығы болашақта облысымыздың мектепке дейінгі ұйымдарының инновациялық қызметін əдістемелік тұрғыда қолдауға бағытталған жобалар ауқымын кеңейтіп, заман талабына сай педагогтердің кәсіби деңгейін дамыту жұмыстарын жалғастыра бермек.

Раушан Қабдолдақызы ТУМАЕВА,
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий