Өнер жұлдыздарымен шығармашылық кездесу

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өнер жұлдыздарымен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге әнші, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы МКҚК директорының міндетін атқарушысы Сәкен Майғазиев пен әнші, Шымкент қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ақбота Керімбекова арнайы шақырылды.

Жақында ғана қаламызға қызмет бабымен келіп, екі әнші де жұмыстарына қызу кірісіп жүргені белгілі. Өнер өресінде жүрген эстрада жұлдыздары уақыт тауып, студенттермен кездесуге қатысты. Университетке алғаш рет келген қонақтарымыз университеттің «Парасат», «Мұхтартану» кабинеттерін аралап, танысып шықты. Қос әнші білім ордасының оқу ғимараттарымен қатар заманауи үлгідегі жабдықталған өзге де кабинеттерге көңілдері толғанын жеткізді.

Шығармашылық кеш онлайн және офлайн форматта өткізілді. Кеште университеттің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры, п.ғ.д. С.Қ. Бейсенбаев сөз сөйлеп, келген қонақтарымызға алдағы уақытта жаңа қызметте шығармашылық жетістіктер тіледі. Шығармашылық кеште әншілердің балалық шағындағы естелік суреттер, олар жайлы алынған сұқбаттар арнайы видео арқылы экраннан көрсетілді. Екі әнші де өздері жайлы әзірленген видеороликті көпшілікпен бірге қызыға тамашалады. Әншілердің репертуарындағы үздік әндерді студенттер тамылжыта шырқап көптің көңілінен шықты.

Сәкен Майғазиевтің репертуарындағы «Сен едің» әнін саз колледжінің 1 курс студенті Қаппар Бекасыл мен филология факультетінің 1 курс студенті Анарбай Арина орындап әншінің ризашылығын алды. Ақбота Керімбекованың «Аппақ гүлдер» әнін кафедраның жас оқытушысы орындап, 1 курстың қыздары әсем биімен таңдандырды. Осы өлеңге арнайы бейнеролик түсіріліп, оны көпшілік экраннан тамашалай алды. Кездесу барысында студенттер сүйікті әншілеріне кезекпен сұрақтарын қойды. Арасында жас ақындарымыз жырдан шашу шашып, Сәкен Қордабайұлы мен Ақбота Шатырханқызына арнау өлеңдерін оқып берді. Жалпы кеш өте әсерлі өтіп, келген қонақтарымыз дән риза болды.

Лаззат Калыкуловна ТУРАБАЕВА,
Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ ф.ғ.к.,
доцент, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий