Кәсіподақ көшбасшысы: Адал жолдан айнымаған

“Уақыт – өмір, өмір – өзен” – деген қанатты сөз бар. Сол зымыраған уақыт жетегінде елді шарпыған пандемия тажалынан мезгілсіз құрбан болған әріптесіміз – Индира Нұрланқызы Алмурзина туралы бір ауыз сөз. Мақаламыздың кейіпкері 1968 жылғы наурыз айының 9-ы күні Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. 1985 жылы туған ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, кейінгі еңбек жолын өз мамандығы бойынша Махамбет ауданында жалғастырады.

Әу, баста аталуы Д.Төленов атындағы орта мектеп-интернаты кейін гимназияға айналады да, Индира Нұрланқызы шәкірттеріне тарих және география пәндерінен дәріс береді. Осы ұжымдағы білім мен тәрбие берудегі табыстары оны аудандық білім бөлімінің тәрбие істері жөніндегі әдіскері лауазымына жетелейді. Сөйтіп ауданның білім беру саласындағы ең бір ауыр саланың жүгін иығымен көтере кетті.

Бұл туралы Махамбет аудандық білім беру бөлімінің басшысы Сұлтанғалиева Айгүл Бердешқызы былай дейді: – “Индира Нұрланқызы, осы қызыметінде жүріп бойындағы бар талантымен, жаңашылдығымен, өзіне де өзге де талап қоя білетін асыл қасиеттерімен танылды. Бастаған ісін еш уақытта жолда тастамай қашан жеңіске жеткенше өзіне де өзге де тыным бермейтін беймаза жан еді. Жас ұрпақтың қоғамдық белсенділігін арттыруда, ата-аналар рөлін көтеруде, отбасы құндылықтарын сақтай отырып, ұлттық негізде тәрбие беруде мол жетістікке қол жеткізді, сөйтіп ауданның абыройын облыста, республикалық түрлі сайыстарда паш етті. Сондай-ақ, ол 2011 жылы аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрайымдылығына сайланып, кәсіподақ мүшелері еңбек құқығының заңды сақталуына, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы келіспеушілікті болдырмауға ат салысты. Біз оны мақтан тұтушы едік”.

Иә, қазақта «Жақсының аты өлмейді» деген аталы сөз осыдан қалса керек. Үнемі өзі өмір сүрген ортасына, араласқан жандарға қол ұшын беруге асығып тұратын есімі көпке танылған әріптесімді мен облыстық салалық білім беру кәсіподақ ұйымына араласқаннан бері білемін. Алғашқы күннен-ақ осы жұмыстың майын шағып, тасын өрге дөңгелеткен, қай істің де қыр-сырын жатқа соғып, дем беретін асыл қасиеттерімен өзіне тартып тұратын. Ал пікір таластырғанда ойшылдығымен, алысты болжағыш әпенділігімен, бір сөзді, шындық үшін торғайша шырылдап ортаға түсетін, ал кемшілікті көргенде бір орнында отыра алмай делбесі қозған бәйге атындай алға ұмтылатын.

Индираның өз жұмысына шын берілгендігі соншалық қара басынан гөрі жұрттың жәйіне қатты алаңдаушы еді. Өткен жылы елімізде Төтенше жағыдай енгізілген шақта мазасыз күн кешіп, ауырған жандардың қасынан табылды. Былтырғы мамыр айының 19-ында аудандардағы жағдайды білмек болып хабарласқан шақта: “Басеке (ол үнемі осылай атайтын) жағыдайға байланысты ауылдарға іссапармен шықтым. Көлік жәйін білесіз ғой жеңіл машинамен мектеп, бала-бақша техникалық қызметкерлеріне материалдық көмекті тапсыру үшін жолда келеміз. Қазір Сарайшық селосында тұрмын, енді Ортақшыл, Есбол, Сарытоғай ауылдарындағы мектеп, балабақшалардың алты қызметкеріне 20 000 теңгеден көмек қаражат беруге шешім қабылдаған едік, соларды тапсырмақпын. Сол қаражатқа дәрі-дәрмек, болмаса қажетті азық-түлік сатып алар, көмек қой”, –  деп ағынан жарылды. 

И. Алмурзинаның басшылығымен пандемия басталған шақта ауданның барлық білім беру және мектепке дейінгі мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары қаражатына «Бірлігі күшті ел озады», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Біз біргеміз», «Жылы жүрек» атты акцияларды жүзеге асыруға белсене кірісті. Ауыл тұрғындарына тегін бетперде тігіп тарату, күн көрісі төмен отбасыларына азық-түлік себеттерін жеткізу ісі талай жанның есінде қалған шығар деп ойлаймын.

Индира Нұрланқызының жанайқайымен ауданның қосымша білім беру мекемелеріндегі педагогтарға 2020 жылғы қаңтардың бірінен бастап көтерілген 25 пайыздық төлемақы мәселесі де оң шешімін тапты. Атап айтқанда, өткен жылдың маусым айының алғашқы күндерінде З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің қызметкерлеріне 6 448 000 теңге, «Балалар жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубының» педагогтарына 1 416 000 және аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинет әдіскерлеріне 1 377 000 мың теңге барлығы 9 млн. 241,0 мың теңге ақша педагогтардың қолына тиді.

Индираның шындық үшін басын бәйгеге тігетін қасиетін көріп кейде, Алла тағала оны неғып еркек қылып неге жаратпады екен деп таңдай қағатынбыз. Сөзімнің аз ғана дәлелі: өткен жылғы маусымның 12-і күнгі облыстық ұйымның Пленумында күн тәртібіндегі мәселені талқылар сәтте жарқылдаған мінезімен мінбеге шығып, қара қылды қақ жарған өткір тілді, ойлы сөзі кеңес мүшелерінің есінде мәңгілікке қалды деп есептеймін.

Сол күні білім саласы қызметкерлері кәсіподағының жұмысын жақсарту туралы, атап айтқанда, қоғамдық қабылдау ұйымдастыру, әлеуметтік желілерден бетшелер ашу және емдеу-сауықтыру шипажайларына кәсіподақ мүшелерін төменгі пайызбен немесе тегін жіберу керектігін айта келіп, оны шешудің де жолдарын көрсете кетті. Ол жолдың тетігі – облыстық ұйым аппараты штатын қысқарту деп, тосыннан ұсыныс жасады. Ал сол айтқан бастамасын мәжіліс қаулысына енгізу үшін орнынан қайта-қайта тұрып сөйлеуіне тура келді.

Қарсылық білдірген әріптестеріне салқын қабақ танытып, кәсіподақ жарнасының орынды жұмсалуына жанашырлықпен қарауға шақырды. Әрине, мәжілістің соңы қалай аяқталғаны барша кеңес мүшелеріне аян болғанымен, бірақ оны жүзеге асыру оңайлыққа түспеді. Алла тағала, сәтін салды, әділдік орнады. Осылайша, Индира Нұрланқызының аманаты орындалды. Ол шынымен де білікті ұстаз, білімді тұлға, үлгілі көшбасшы бола қойған жоқ сонымен қатар шындық үшін адал жолдан айнымаған қасиетті жан болды.

Оның есімінің де үнді халқының алтыншы Премьер-министрі Индира Гандиге арнап қойғандығы да шындық пен әділдіктің ақ туын көтеріп халқына, еліне адал қызмет етсін деген батасы шығар деген тоқтамға келемін.  Иә, о дүниелік бақилыққа аттанған әріптесіміз туралы әлі де естелікке толы әңгімелер айтыла жатар.  Мен оны келер уақыттың еншісіне қалдырдым.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау
облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий