Балаларды қуанышқа бөлеу парызымыз
«Балдәурен» республикалық-оқу сауықтыру орталығы қазақ даласындағы Сарыарқаның інжу-маржаны, Бурабай жерінде орналасқан. Осы бір жұпар иісті, көгілдір таулы өлкенің, суы мөлдір өзен-көлдердің жанында адам табиғатпен үндескендей сезімге бөленеді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бұл республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ел Үкіметінің (07. 11. 2000 ж, № 1669) қаулысы бойынша «Артек» халықаралық балалар орталығының (Крым, Украина) үлгісі бойынша осы атақты Бурабай өлкесінде құрылды.
Нұрсұлтан Әбішұлы кезіндегі барша отандастарымызға арнаған кезекті Жолдауында: Жас ұрпаққа тиянақты білім беріп, тәлімді тәрбие үйреткен елдің ертеңі кемел, болашағы бүдірсіз түзу болмақ, – деген еді. Осы тапсырма қазірдің өзінде біраз өңірлерде жүзеге асырылып жатыр. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін келешекте де кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету біздің борышымыз. Бүгінде біздің ұйымшыл ұжым он сегіз жылдан артық жұмыс жасауда. Бұл көп уақыт емес. Осы мезгіл ішінде оқу және сауықтыру іс-шараларының, білім мен тәрбиенің орасан зор ошағына айналды. Өз алдына балалар «арман аралы», балалық әлемі атанды.
ТМД елдеріне де танымал бола білген, өзіндік тәжірибелерін жинақтаған, қанатын кеңге жая бастаған аталмыш орталыққа айналды. Қысқа уақыт аралығында бұл орталықтың көптеген жетістіктерге ие болғанын зор мақтанышпен айтуға болады. «Балдәурен» – Еуропа Бизнес Ассамблеясының номинациялық хатының статистикалық, консалтингтік, ақпараттық және рейтингтік агенттіктері мәліметтерінің қорытындысы бойынша «European Quality» («Еуропа сапасы») халықаралық марапатына ие болған жалғыз балалар орталығы.
Сонымен қатар, халықаралық қоғамдық ұйымның мүшесі. Сондай-ақ, «Артек» (Россия), «Океан» және «Орленок Бүкілресейлік лагерді, «Зубренок» (Беларусь) Ұлттық балаларды оқу-сауықтыру орталықтарымен бірге, халықаралық педагогикалық ойын бағдарламалары байқауында, балалар демалысын ұйымдастырудың тұрақты қатысушысы, бірнеше мәрте бас жүлде иегері де болды. Бүгінгі таңда бұл кешен жасөспірімдердің физиологиялық және психикалық денсаулықтарын жетілдіруге және шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға бағыттайтын бірден-бір өзіндік ерекшелігі бар оқу-сауықтыру ортасы.
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 2007 жылдан бастап жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Әлемді мейірімділікпен ашайық!» тақырыбында дәстүрлі ауысымы өткізілуде. Осы уақытқа дейін көптеген мүмкіндігі шектеулі балалар демалуына жағдай жасалды. Сонымен қатар, жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілері де қабылданып, олардың демалуына жақсы тәлім тәрбие беру мақсатында сыныптан тыс қызықты кештер мен іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға ерекше көңіл бөлінеді. «Балдәурен» еліміздің болашағы – жас ұрпақтарға өнегелі тәрбие беретін үлкен мәдениет орындарының бірі.
Орталығымызда әртүрлі саланы қамтитын кешендер жұмыс жасайды. Жыл сайын республика бойынша облыс, қала мектептерінің оқушыларының арасында әртүрлі байқаулар осы осы орталықта ұйымдастырылады. «Балдәуренде» жүргізілген тақырыптық ауысымдар өзінің қызықты оқу-тәрбие, спорттық-сауықтыру бағдарламаларымен зиянды болып келетін техника түрлерінен аз уақыт болсын алшақтатып, достық қарым-қатынасқа, өнер әлеміне баулиды. Медицина кешені балаларға түрлі сауықтыру шараларын ұсынады, ал өлкенің табиғи-климаттық жағдайы балалардың жан дүниесін емдейді.
Шындығына келсек, жыл бойы оқушылар демалысын ұйымдастыратын орталықтардың саны елімізде саусақпен санарлықтай, ал жыл бойы тұрақты жұмыс атқаратын республикалық орталықтың бірегейі саналады. Қазіргі уақытта орталықтың Алматы облысында, Қапшағай қаласында және Түркістан облысы, Төлеби ауданында, Қарағанды облысы, Балқаш қалаларында жергілікті филиалдары ашылды. Абай атамыз айтқандай: “Тәрбиеші баланың қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын”, – деген.
Сондықтан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін «Балдәурен» сияқты республикалық деңгейде жұмыс жасайтын лагерлердің санын арттыру керек. Бұл жалпы жастарға ғана емес, болашақ ұрпақ жайын ойлайтын әр адам үшін пайдалы. Бүгінгі таңда «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы өзінің филиалдарымен осы жылдар ішінде отандық білім кеңістігінде лайықты орынға ие бола білді.
Сейсен БЕЙМХАН,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығындағы білім кешені директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары, Ақмола облысы