Мұстафа Шоқай: Түркі әлеміне танылған

Шынына келгенде, Мұстафа Шоқай кім болған еді? Неге бұл тұлғаға ерекше ықылас ауды? Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі, туған еліне деген сарғайған шексіз сағынышын бір сәт баса алмай, жат жерді мәңгілік мекен еткен Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі еді. Жапония ғалымы Уяма Тимохико жиырмасыншы ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде қызмет еткен көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғырын, оның ішінде Әлихан Бөкейханды да атай келе, жаңа азат жолдан осы «жұлдыздың ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады» деп жазған еді.

Мұндай бағаның жайдан-жай берілмегеніне ұлы күрескер болмысымен танысқанның ешқайсысы күмәндана алмас. Екіншіден, 2015 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхана шығарған «Библиографиялық көрсеткішке» Мұстафа Шоқайдың тоғыз тілде жазылған 800-ден астам шығармалары және оның өмірі, саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына қатысты 8 тілдегі 1405 еңбек енген болатын. Бұл оның әлемге танылғандығының айқын көрінісінің бірі еді. Үшіншіден, бірнеше тіл білуі, жан-жақты саяси қайраткерлігі мен ерен білімдарлығы арқасында Мұстафа Шоқай Париж, Ыстанбұл, Варшава мәртебелі мінбелерінде бірнеше рет саяси ­баяндама жасаған. Арнайы шақырумен ­Лондонда 1924-1934 жылдар аралығында 6-7 рет болды.

1933 жылғы 27 наурызда Корольдік Халықаралық қатынастар институты ұйымдастырған конференцияда «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақырыпта баяндамасының ерекше қабылдануы, Көшім Есмағамбетовтің атап көрсеткеніндей, «Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуына байланысты еді». Төртіншіден, Мұстафа Шоқай осындай әлемдік деңгейдегі тұлға болмаса, Кеңес көсемі И.Сталин 1925 жылдың 29-мамырында РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне мынандай мазмұнда хат жолдамас еді.

– Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағ­дайда Қырғызстанда (Қазақстанда — автор) шоқай­шылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең, – деген ол сол хатында. Міне, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аты әлемге танылған осындай тұлғаға аз уақытта-ақ қызығушылық ерекше екпін алып, ол туралы талай мақалалар жазылып, оның жеке еңбектері де түрлі басылымдарда жарық көре бастады.

1929-1939 жылдары «Яш Түркістан» журналында жарияланған 200-ден астам мақалалар алғаш екі томдық болып 1998-1999 жылдары шықты. 2007 жылы осы басылым толықтырылып, үш томдық болып қайта басылды. Бұл басылымдарды шығаруға белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сол кездегі «Қайнар» баспасының директоры ­Оразбек Сәрсенбаев ерекше еңбек сіңірді. Реті келгенде алғашқы екі томдықтың дүниеге келуіне себепкер болған, «Яш Түркістан» журналының тұтас бір тігіндісін Отанға жеткізген Айтан Нүсіпханұлының атын да атай кетсек артық болмас. Аруақтар риза болсын!

Мұстафа Шоқайдың өмірі, қызметі мен шығармашылығына қатысты жекелеген еңбектер де 2000 жылдардан кейін басыла бастады. Мен бүгін мыңдаған ғылыми мақалалар мен арнайы қорғалған диссертациялар барын ескерте кетіп, қолда бар бірнеше іргелі еңбектер мен монографиялар төңірегінде ғана ой өрбітсем деймін. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінде эмиграциялық кезең ерекше орын алатыны аян. Отандық ғалымдар ішінде бұл тақырыпқа алғаш қалам тартқан белгілі мұстафатанушы Бақыт Садықова.

Оның «История Түркестанского легиона в документах» және «Мұстафа Шоқай в эмиграции» атты еңбектері тиісінше 2002 және 2009 жылдары жарық көрді. Бұл екі еңбек соны зерттеулерімен және тарихи деректерімен құнды. Автордың бұл тақырыпқа баруы жайдан-жай емес.Мұндай мазмұнды еңбектер жазуға оның француз тілінің маманы екендігі, 1993 жылдан 2000 жылға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық жұ­мыста және Франциядағы Қазақстан елші­лігіндегі қызметте болғаны игі ықпал етті. Бұл еңбектер, сонымен қатар осы кезге дейін Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құруға қатысты деген ойдан шығарылған, сонау кеңестік кезеңнен жалғасып келе жатқан жалаға нақты ­жауап берген еді.

Ол неміс қарулы күштер құрамында армяндардың, грузиндердің және кавказ мұсылмандарымен бірге түркістандықтар легионын құру ­туралы Гитлердің бұйрығының 1941 жылғы желтоқсанның 22-сі күні шыққаны еді. Ал Мұстафа Шоқай бір апта көрсетілген ем еш нәтиже бермей, 27 желтоқсанда Виктория ауруханасында соңғы сапарға аттанды. Мұстафа Шоқайдың Түркістан ­легионын құруға қатысы туралы мәселеге тегіннен-тегін тоқтап отырған жоқпыз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ­Астана қалалық мәслихатында Мұстафа Шоқайдың атын қаладағы №51 орта мектепке беру туралы ұсыныс қаралғанда, біреуі ғылым докторы, профессор, екіншісі кейін Парламент Сенатына депутат болып сайланған мәслихат депутаттары оны Түркістан легионымен байланыстырып, ұсынысты өткіздірмей қойған болатын.

Ең өкініштісі, қалған депутаттың бірде-біреуі Алаш алыптарының бірі ғана емес, бірегейі, аты әлемге танылған Мұстафа Шоқайды қорғай алмады. Біз осындай қазақпыз ғой. Ал Сыр бойының басты қаласы Қызыл­ордада аймақ басшылығының көмегімен Мұстафа Шоқай ескерткіші бой көтергенде жаңылыс емес, тікелей жағымсыз үн қосып қалғандар да болмай қалмады. Мұстафатану ғылымы ұлы күрескердің өз Отанынан бұрын шет елде, өзі арнайы он шақты мақала жазып, кезінде тәуелсіздік алғанына ерекше қуанған, кейін оны қызғыштай қорғаған, шіркін Түркістан да осындай азат болар ма екен деп армандаған Түркия елінде алғаш қалыптасты.

Әрине, менің қолымда ол елдегі Мұстафа Шоқай туралы еңбектер жоқтың қасы. Дегенмен, белгілі шетелдік мұстафатанушы Әбдіуақап Қараның «Мұстафа Шоқай: өмірі, қызметі, шығар­ма­шылығы» атты түрік тілінен 2004 жылы қазақшаға аударылған еңбегі мені көп ойға жетелейді. Осы кезге дейін ғылыми, тарихи айналымда бола бермеген тың деректер мен мол мәліметтермен сипатталатын бұл монографиямен таныспай Мұстафа Шоқайды толық білдім деу қиын. Мұстафа Шоқайды жан-жақты зерттеудің келесі бір айрықша бетбұрыс кезеңі Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың есімімен тікелей байланысты.

Ол берісі Түркістан аймағының, арысы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігін ту еткен, өмірінің соңғы күреске толы жиырма шақты жылын сонау Еуропаның төрінде өткізген қайсар тұлғаның шетел­дік мұрағаттар мен кітапханаларда сақ­талған өмірі мен қызметі туралы мәліметтер мен шығармаларды зерттеп, соның нәтижесінде 30-ға тарта ғылыми мақалалар жазды. 2006 жылы екі томдық «Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы» атты жинақты шығаруға ғылыми жетекшілік жасады. 2008 жылы көлемі 30 баспа табақтан астам «Әлем таныған тұлға» атты монографиясымен Көшекең Мұстафа атын азын-аулақ білетінді де, атақты саясаткерді зерттеу объектісі етіп жүргендерді де елең еткізді.

Осы ерекше шығармашылық қайрат иесінің жетекшілігімен 2012-2014 жылдары Мұстафа Шоқай мұрасының жалпы көлемі 400 баспа табақ 12 томдық толық жинағы жарық көрді. Мұстафатану ғылымына қосылған теңдесі жоқ бұл толымды жинақтың басты ерекшеліктері мен жоғары деңгейлігін бірнеше факторлармен анықтауға болады. Біріншіден, Мұстафа Шоқайдың Франциядағы жеке мұрағаттық қорынан, Өзбекстан, Қазақстан, Германия, Түркия және тағы да басқа елдердің мұрағатынан алынып, жан-жақты сараланып және талданған қазақ, өзбек, орыс, шағатай, ағылшын, француз, түрік, поляк тілдеріндегі шығармалары түпнұсқа күйінде тұңғыш жарық көрді.

Жеке мұрағаттық қордан алынған ­материалдар да бай әрі қызғылықты. Енді кез келген зерттеуші әртүрлі ауыт­қулар болмас үшін осы ­басылыммен жұмыс істей алады. Екіншіден, көп­том­дық өзінің құрылымымен, ­дайын­­да­лумен ерекшеленеді. Мұны басқа Алаш жетекшілерінің мұраларымен салыстырғанда байқау қиын емес. Бірінші том М.Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған да, қалған томдарында шығармашылық және эпистолярлық мұралар берілген. Үшіншіден, зерттеу­шінің терең білімді, ғылымға адал, өзіндік әдіс тәсілі қалыптасқан зерделі тарихшы, әлеуметтанушы, саясаттанушы, халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы ретінде көрсете білгендігі.

Қазағым айтатындай, сегіз қырлы, бір сырлы Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік болмысын әлі де аша түсу алдағы күрделі де қасиетті міндет бола беретініне дау жоқ. Ендігі мұстафатану ғылымының келер белесі оның шығармашылық мұрасын жүйелі зерттеумен байланысты.Көшекең сөзімен айтқанда, «қайраткерлігі мен ғұла­малығына, мәмлегерлігі мен шешен­дігіне, дүниетанымы мен идеялық мақсат-мұраттарына, адамгершілік биік қасиеттеріне тірі куә іспеттес аса құнды шығармашылық мұрасы» әлі талай зерттеушілерге тақырып болады.

Шынында, Отаны тәуелсіздікке ­жетсе, тек саяси үгіт ісімен айналысуды ой­лаған, елінің «тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылдануды» армандаған энци­к­лопедиялық білімдар ойшылдың мол идеяларын, тұрлаулы тұжырымдары мен асыл аманаттарын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – ендігі алда тұрған абзал парыз да, ұрпақ қарызы да дегіміз келеді. Осы бағыттағы кейбір ойларымызды ортаға салсақ. Түркістан ұлт-азаттық күресінің түпкі мақсаты – ұлттық мемлекет құру болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты болуға тиісті ұлттық дербес мемлекет құру қажеттігіне өз кезінде қайта-қайта оралып отырған.

«Яш Түркістан» журналының 1929 жылғы №1 санында жарық көрген «Біздің жол» атты мақаласында автор Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз, бұдан басқа жол жоқ деп кесіп айта отырып: «…Біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп жазды. Сондай-ақ «Көтерілістен – ұйымшылдыққа» атты еңбегінде «Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мем­лекетін құру болып табылады» деп тиянақтауы да жайдан-жай емес еді.

Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында қа­былданған құжаттарда Қазақстан ­Рес­пуб­ликасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мен Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңда ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады ­деген біздің бүгініміз үшін де, келешегіміз үшін де қажет аса маңызды қағиданың көп ұзамай ауызға алынбай қалды. Тіпті ресми басылымдарда қолданып келген «Қазақстан көп ұлтты ­мемлекет» деген сөз тіркесі соңғы кезде ғана «көп этносты» дегенмен зорға ауысты.

Мәселенің бұлай қойылуының принципті мәні зор. Өйткені мемлекеттің ұлттық ­сипаты айқындалмай, алдымен мемлекет құрушы ұлттың мүддесі шешілмей, армандары ақталмай тәуелсіздік үшін күрестің мұраттары жүзеге аспайды. Сонан соң қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің дені мемлекеттің ұлттық ­сипаты мен оның негізгі егесі қазақ ұлтының мүддесі де жеткілікті шешілмейді. Ал әлемдік тәжірибеде мемлекет құраушы ұлт 60 пайыз­дан асса, онда сол мемлекеттегі саясат мем­лекет құраушы ұлттың мүддесі мен мұ­ратына жұмыс істеуі қажет деген қағида бар.

Мұстафа Шоқай мәңгі өлмес идеясы «Тәуелсіздік» еді. 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында ол: «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт-азаттығымызды аламыз» деген болатын. Араға алпыс жыл салып барып жүзеге асқан аса күрделі де сан салалы мағыналарға ие бұл «тәуелсіздік» ұғымы ел иесі ұлттың мүддесіне тікелей қатысты. Рас, ең бірінші және мәндісі кешегі бар мәселені Мәскеудің шешетінінен құтылдық. Алайда халқымыз тәуелсіздік құдіретін толық сезінді, тәуелсіз сана қалыптасты, заңға негізделген тәуелсіз әрекет күнделікті өмірімізге серік болды деуге әлі ерте.

Міне, осыларды айта келіп, тағы да жалынды публицист, заңгер-ғалым, халықаралық дәрежедегі саяси күрескер энциклопедиялық білімдар, терең ойшыл Мұстафа Шоқайдың, өз ұлтының тәуелсіздігі мен азаттығын ойлаған бүкіл Алаш алыптары сияқты, өшпес мұраттары мен идеяларын қазіргі тәуелсіз еліміздің шындығынан туған Елбасымыздың ой тұжырымдарымен астастыра отырып қана рухани жаңғырып, ғасырлар күресіп, қол жеткізген тәуелсіздігімізді тұғырлы ете алатынымызды қатаң ескеруіміз қажет.

Гульмира Болатовна БАЙСУАНОВА,
№ 4 Балжан Бөлтірікова атындағы
мектеп лицейдің директоры,
Жамбыл
облысының Қордай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий