Мақатаев – 90: Жазылар естеліктер мен туралы…

Мұқағали Мақатаев – қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген ұлы перзенттерінің бірі. Жарқын туындыларымен халқын баурап алған ақиық ақынның туғанына биыл 90 жыл. «Кітап оқуға құштар мектеп» жобасы аясында осы атаулы күнге орай шаһардағы №9,11,12,18,22,23,36 мектеп кітапханашылары мен қалалық №3 кітапхана коворкинг орталығының қызметкерлері ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ғасырдың ғаламат ақыны» тақырыбындағы бірлескен поэзия кешін оқушылардың қатысуымен қашықтан ұйымдастырды.

Поэзия кешіне әр мектеп кітапханасында тақырыпқа байланысты басылымдардың көрмесі безендірілді. Ақынның туындыларында өмірдің барлық саласы қамтылған. Отан, туған жер табиғаты, достық, махаббат, бақыт, өмір, поэзия сияқты тақырыптар шығармаларында ерекше орын алады. Түрлі тақырыптар мазмұнын ашатын ғажайып поэзия төрінен орын алған жыр жампозының өршіл өлеңдерін шәкірттер мәнерлей оқып, ой-толғаныстарын бейне жазбалары арқылы жеткізді.

Өзінің ешкімге ұқсамайтын, басқаларды қайталамайтын інжу-маржан сөз өрнектерімен ерекшеленетін ақынның «Отан», «Елім барда» «Үш бақытым», «Қазақ жері», «Мен қарапайым қарттарды сүйемін» және тағы басқа да туындыларын осы мектептердің 7,8 сынып оқушылары қазақ, орыс тілдерінде жаттап айтып, жұртшылықтың назарына ұсынды. Бұл іс-шараға қатысқан басқа ұлт  өкілдерінің балалары да ақынның өлеңдерін қазақ тілінде оқып, белсенділік танытты. Поэзия кешіне қатысқан барлық оқырмандар арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ ұлтының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:
… Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, – деген екен поэзия падишасы.  

Салтанат ТАСБУЛАТОВА,
№18 жалпы орта білім беретін
мектебінің кітапхана меңгерушісі,
Павлодар облысының Екібастұз қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий