Ұстаз болсаң, Ыбырайдай бол!
Мұхтар Омарханұлы Әуезов он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған, көзі ашық қазақ зиялылары Абай мен Ыбырай және Шоқан – үшеуіне аса жоғары жеке баға берген. Сұңғыла жазушы бұл үш тұлғаны бекерге бөліп қарамаса керек. Абай қазақтың ойын түлетсе, Ыбырай қазақ мектебін ашты, Шоқан ғылымның қамын жеді. Бұл үш тұлғаның бір-біріне ұқсамас өз әлемі болғанымен, бір мүддені көздеп, бір арнаға тоғысқан туған халқының тағдыр талайында өшпес мәңгілік өз іздері бар.

Осы мақаламда бағаналы бәйтеректей қазақтың үш алып тұлғасының бірі Ыбырай Алтынсарин биігіне өз халімше ден қойып, зер салмақпын. Үстіміздегі жылы жол түсіп, Қостанай өңірінде жұмыс бабымен іссапарда болдым. Еліміздің қай өңірінде іссапармен болсам да, өңірдің рухани құндылықтарға толы, бай шежіре-тарихымен де танысуды қашанда әдетке айналдырғанмын. Сол әдетіммен осы іссапарда Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин мұражайына бас сұқтым.
Педагогика саласында азды-көпті 15 жылдан аса қызмет етіп келе жатқандықтан, қазақ даласында алғаш мектеп ашып, осы салада өлшеусіз еңбек сіңірген ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің елінде болу және оның табанының ізі мен алақанының табы қалған ол ашқан ел тарихындағы алғашқы мектепте болу (қазіргі таңда мұражай), сондай-ақ қазақ баласының білім алуы үшін жасаған Ыбырайдың осы саладағы ерен ерлігі мен тынымсыз тірлігін танып-білу мен үшін ғибраты мол тәлім болып, тамаша әрі терең ойға бойлай түстім.
Маған ерекше әсер еткені – Ыбырайдың сөзі мен ісінің бір-бірімен қабысып, үндесуі. Олай дейтін себебім, сансыз кедергілерге қарамастан өзінің жанкештілігімен қазақ даласында алғаш мектеп ашу мұратына қол жеткізуі. Мектеп ғимараты мен баланың оқуына қажетті жиһаздардың жоқтығы өз алдына, ешқандай оқулықтар мен оқу құралдарының мүлдем болмауы да 23 жастағы жас жігіттің өз мақсатына жетуіне бөгет бола алмады. Балаларды алғаш өз үйінде оқытып бастауы, жас буынға білім беруге ынтықтығы, оның ұлтына деген адалдығы мен өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі болса керек.
Оны өзінің досы, белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жазған хатында «Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім…» деген сөзінен де шынайы ниетін көруге болады. Ы.Алтынсариннің музейінде бұрын-соңды естімеген тың деректермен де таныстым. Ол тек қазақ балаларына алғаш мектеп ашқан ағартушы ғана емес, бірнеше уездік училище, ауылдық мектеп, болыстық мектеп, ер балаларға арналған қолөнер училищелері және қыз балалар үшін алғаш қазақ қыздар училищесін ашқан дара тұлға екен. Сонымен қатар мұғалімдер даярлайтын мектептердің де негізін қалаушы және сол мұғалімдерді өзі оқытып, педагог етіп әзірлеп, мектептерге маман етіп жіберіп отырған.

Өзінің тәжірибесінде жинаған еңбектері мен Орынбор, Қазан және Санкт-Петербург қалаларынан алып келген кітаптарын, газет-журналдарын тәрбиеленушілер үшін және қарапайым тұрғындарға да қолжетімді болсын деген мақсатта Торғай өңірінде алғаш кітапхана ашқан қайраткер ретінде де таныдым. Ыбырай ашқан мектептерде қазіргі мектептерде оқытылып жатқан физика, химия, геология пәндерінің негіздері қарастырылды. Баршамызға белгілі орыс алфавитінің негізінде қазақ алфавитін әзірлеген және «Қырғыз хрестоматиясы» атты еңбегі де қазақ балаларының білімін жетілдіруге үлесі ұшан-теңіз болған.
Бір сөзбен айтқанда, бұл күнде бір министрлік жасайтын қыруар жұмысты жалғыз өзі атқарған нар тұлға десем, артық айтқаным емес. Ыбырайдың тұлға ретінде ерекшелігі – ол оқулық жазумен қатар, ақын, жазушы, аудармашы және этнограф ғалым. Ыбырайды қазақ балалар әдебиетінің атасы деп бекер айтпаса керек. Барлық әңгімелерді балалардың қабылдауына жеңіл, тәрбиелік және терең танымдық мазмұны бар дүниелерді жазумен қатар, орыс жазушыларының әңгімелерін қазақ балаларының менталитетіне, тұрмысына қабыстырып, іріктеп алған.
Әсіресе, Л.Толстойдың шығармаларын көп аударған, менің ойымша, Л.Толстой Ясная полянада балалар үшін мектеп ашып, оқулықтар жазу арқылы Ыбыраймен ұқсас тұстарының болғандығы. Абай мен Ыбырайда сол дәуірдегі бүкіл ақындардан, жыраудардан ерекшелеп тұрған бір қасиет бар. Ол – бұлардың заманның сипатын анық түсінуі. Заман өзгерді, сол заманның өзгерісін бұлар тани білді. Заманға сай мектептер ашпаса, қазақтың ұлт ретінде көштен қалып кететінін ерте түсінді.
Абай данышпан жиырма бесінші қара сөзінде «…Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды…» дейді. Яғни, сол заманда хикмет те, өнер де, ғылым да орыста дейді. Ыбырайдың да мақсаты қазақ балаларының ғылымға жақындауы үшін, хакім ақын айтқандай олардың зарарынан қашып, пайдасына ортақ болу үшін тілді меңгеру керек деген көзқараста болған және қателеспеген.
Қостанай аймақтық тарихи зерттеулер институтының директоры Аманжол Күзембайұлы бір сұхбатында: “Жиырмасыншы ғасырдың басында ұлт зиялыларының тоқсан пайызы Ы.Алтынсарин мектебінен шыққан. Осылайша бізде зиялы топтың қалыптасуына әсер еткен Ы.Алтынсарин және оның ашқан мектептері. ХХ ғасыр басында сол зиялы топтың арқасында шекарамызды бекітіп алдық, автономиялық республика, одан кейін одақтас республика болдық”, – деген болатын. Бұл көзқарастан қазіргі тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамызды шегелеп алуымызға Ы.Алтынсариннің зор үлесінің барын байқау қиын емес.
Бұл ұлт үшін жасаған қандай да болмасын шынайы еңбектің түбінде өз жемісін беретініне тағы бір дәлел болса керек. Ыбырайдың балаға білім мен тәрбие беру ісіндегі осыншама жігері мен қажырлы еңбегін көріп өз басым қатты ұялдым. Неге? Қазіргі жаңа дәуірде ханның сарайындай ғимараттарда, барлық пәннің негізі қаланып, оқу құралдары мен оқу бағдарламалары толық, техникалық мүмкіндіктердің жеткілікті және баланы алдымызға алып келіп тұрғанда түрлі сылтау іздеп, оқыту үдерісінде баланы кінәлап, өзімізді жетілдіруге күш салмай жүргеніміз бабаларымыздың аманатына қиянат емес пе?
Осылайша мен тікелей көрнекті ағартушы Ы.Алтынсарин мектебінен терең сабақ алып қайттым және кім болсаң да, қандай салада қызмет жасасаң да өз еліңе, өз еліңнің болашағына үлес қосуға толық мүмкіндігіміз бар екенін көкейге түйіп қайттым. Бұрын ойлаушы едім, менің қолымда билік жоқ, сөзім өзімнен арыға бармайды, бар-жоғы қарапайым мұғаліммін деп. Мұным бекер екен. Жай мұғалімнің ұлт үшін жасаған қаншама қыруар еңбегін көріп, өзіме үлкен ынта мен жігер алып қайттым.
Осы тұста алашымыздың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден”, – деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ыбырай секілді көзі ашық, сауатты қазақ баласы ол дәуірде де болмады емес, болды. Бірақ сол кездегі Ресей империясының қысымына шыдап, солармен жанталасып жүріп жол тауып, ұлттық мүддені балалардың бойына сіңіріп, жер шалғайлығына қарамай қазіргі үш облыстың территориясында жиырмаға жуық түрлі мектептер ашу үшін, әрине, үлкен мінез керек.
Мен бұл оң сапардан мінездің, табандылықтың ер азаматтың болмысын айқындар басты қасиет екеніне көз жеткізіп қайттым. Ыбырайдың «Таза бұлақ» әңгімесіндегі таста «Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол» деп жазылса, ал біз әр мектептің маңдайына «Ұстаз болсаң, Ыбырайдай бол!» деп жазып қойсақ, артық айтқанымыз емес. Ыбырай қашанда қазақ мектебінің қайнар көзі, таза бұлағы болды. Әр адам мұғалім болса, осы ұлы ағартушымыз Ыбырайдай болсын.
Дәулет Алтынбайұлы АЛИАСКАРОВ,
“НЗМ” ДББҰ Педагогикалық шеберлік
орталығы Шымкент қаласындағы
филиалының тренері