Дарынды ұрпақ – ұлт болашағы

“… Бізге керегі шын дарындар. Нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, нағыз әдебиет пен өнерін жасайтын тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті”, – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Білім туралы» заңнама бойынша мемлекеттік саясат негізінде: – әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы жеке адамның дарындылығын,шығармашылығын  дамыту сияқты өзекті мәселелер енгізілген. Шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру-мектептің де,мұғалімнің де басты міндеті, – делінген.

Дарын – адам бойындағы асқан талант, ерекше қабілет.Дарынды баланы байқамау мүмкін емес ,көпшіліктің ортасында ол өзінің іс-әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен ерекше көзге түседі. Баланың бойындағы мұндай ерекше қасиетті дамыту үшін бірнеше міндетті басшылыққа алу қажет. Ең алдымен,баланың жеке  дара тұлғалық ерекшелігін дамыту,оның қоғамда өмір сүруге психологиялық тұрғыдан дайындау, педагогикалық көмек көрсету. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл,білім,ар,мінез деген қасиеттермен озады», – деген екен Абай атамыз. Ұлы ақын сөзі еш уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы, білімдар адамдар осы заманның дамуына үлес қосады.

Олай болса, алға қойған мақсаттарды орындау үшін еліміздегі ақылды, ойлы, дарынды жастарымызды шығармашылық потенциалын жан-жақты өсіру қажеттілігі туындайды. Дарынды балаларды бір орталыққа іріктеу, айқындау – белгілі бір баланың дамуына талдау жасаумен байланысты ,арнайы бағдарламалар бойынша кезеңді түрде іздестіруді қажет ететін процесс. Ал, дарынды баламен жұмыс жүйесі дегеніміз – мектептік және мектептен тыс сипаттағы тәрбиелік білім беру мекемелерінің өзара байланыс пен қарым-қатынастағы басқару органдарының жиынтығы.

Мұғалімдерге қоса ата-аналардың және ұйымдастырушылардың дарынды балалар мен жастарды айқындауға, қолдауға бағытталған іс-әрекетін ұйымдастырудың мақсаты, міндеттері, мазмұны, құралдары, нысандары мен әдіс-тәсілдері кіреді. Дарынды оқушылармен жұмыс жүйесінде мұғалім маңызды орын алады. Оқушының бойында күш қуаты жеткілікті, шын дарынды екеніне сендіру-ұстаз бойындағы құдіретті күш. Өйткені сенім үлкен жеңіске жетелейді. Дарынды балалардың анықталып, кемелдендірілуіне арнаулы мектептер (музыка, математика, спорт мектептері және тағы да басқалар) факультативтік сабақтардың маңызы ерекше.

Әрі алуан түрлі үйірмелер, студиялар, мектеп оқушыларының олимпиадаларын, балалардың көркемдік өнерлерінің байқауларын өткізу және жайлы жағдай жасайды. Жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беруде мектептің өзіндік сара жолы бар. Біздің шағын жинақталған білім шаңырағында атқарылып жатқан өнегелі істер өте көп. Мектепте дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуде алға қойған мақсаты — жан-жақты, білімді, іскер, өзіндік ойлау жүйесі дамыған, адамгершілігі жоғары, дені сау, бәсекеге барынша қабілетті, дарынды жастарды қалыптастыру.

Дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет. Әрбір талантты бала еңбекке бейім, шығармашылық тапқырлықпен еңбек етеді. «Дарынды ұстаздан дарынды шәкірт шығады» демекші, дарынды оқушылардың көп болуы дарынды, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздарға байланысты. Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз – теориялық жағынан білімді, әлемдік педагогикалық озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытып жүрген үнемі кәсіби шеберлікке ұмтылатын, тәлім-тәрбие ісінен жалықпайтын, баланы өзіне тарта алатын, тәлімгер, шығармашылық ізденістегі адам.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жүзінен нұры, жүрегінен шуағы төгіліп, әрбір іс-қимылынан өнеге өрбіген ұстаздар туралы көптеп айтуға болады. Болашақ жеткіншектердің бойындағы қайталанбас қанына біткен дарынын аша білген ұстаздар көп-ақ: аудан, облыс, республика көлемінде жетістіктерге жетіп  отырған  шығармашылықпен жұмыс істейтін өнер саласында жаңашыл, баланың бойындағы тылсым дүниені аша білетін оқушылардан  құрылған «Алтынай» ұлттық фольклор үйірмесі жиырма жылдан астам жұмыс істейді. Үйірменің алғашқы жетекшісі Иважанова Маржан Хасеновна,  онерлі, өз ісіне берілген жоғары санатты педагог. Жұмысына тиянақты, ұйымдастырушы қабілеті жоғары.

Шәкірттердің бойына ұлттық аспаптарда домбыра, асатаяқ, сылдырмақ, баян ойнауға ,қазақ халық әндерін сахнада шырқауға үйретті. Үйірмеде жеке орындаушылармен, дуэт, трио, квартет, вокал топтарымен жұмыстар жүргізіледі. Ансамбль құрылымы үш топтан тұрады. Жыл сайын мектеп аяқтаған  түлектерінің орнына жас жеткеншектер қатары қосылады. 2012 жылы мектептің фольклорлық ансамбліне халықтық үлгілі көркемөнерпаздары ұжымы атағы берілді. Атақты ұстаздың алдынан шыққан түлектері республикамыздың өнер саласында қызмет етеді. Мектеп оқушалары арнайы мамандырылған оқу орындарында терең білім алуда. 

Ұжым облыстық ,республикалық байқаулар мен сайыстардың дипломаты және лауреаты:  «Роза Ветров-2013» халықаралық байқау, «Таңшолпан-2017» облыстық фестиваль, БҚО өткен екінші республикалық «Қадыр оқулары-2019» байқауының «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жұр маңда» аталымы бойынша ерекше қабілетін көрсеткен үшін мектеп оқушысы Жұніс Алтынбекке Алғыс білдірілді, ҚР «OIZEREK-2020» «Жұлдызым жарқыраған», «ILEADER.RZ» «Өнер бәйгесі-2020» қашықтық шығармашылық байқауда үздік нәтиже көрсеткен үшін мектеп оқушылары Жұніс Алтынбек және Мұратбек Балжан дипломмен марапатталды.

Үйірмеден бастаған «Алтынай» халықтық (үлгілі) ұжым, өз атағын бірнеше мәрте растап, жұмысын музыка пәні мұғалімі, үйірме жетекшісі Тогжанова Гульмира Оралбековна жалғастырды. «Ұлы ойшыл, ағартушы-демократ ақын Абай Құнанбайұлы «Ұстаздық – жүректің асылдығы» деп тегін толғанбаса керек. Расында, мұғалім мамандығын таңдаған адам баласының артына қалдыратын жарқын ізі – өз кәсібіне лайықты еңбек етіп, кейінгіге ғибратқа толы тәлім-тәрбие қалдыру керек болса қазақ тілі мен әдебиет  мұғалімі Абдрахманова Жанар Айкетовна «Мәнерлеп оқу» үйірме жетекшісінің есімін айтуға болады.

БҚО өткен бірінші республикалық «Қадыр оқулары-2018» байқауында «Сөздің бәрі құдіретті…» аталымы бойынша үшінші дәрежелі дипломмен Ашкенова Карина марапатталды. «А.Байтұрсынов атындағы олимпиада» 2019ж. ІІ дәрежелі дипломның жеңімпазы Есмуханова Назерке. «Жарқын болашақ»-2020 республикалық қазақ тілі олимпиадасында облыстық кезеңінің «Сөз шеберлері» номинациясында бірінші дәрежелі дипломның жеңімпазы Новиков Константин, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойына орай республикалық «Абай мұрасы» танымдық порталымен ұйыдастырылған «Абай жолы» байқауында ІІ орын алған Новиков Константин. 

Дарынды, талантты тұлға – халқымыздың  ең  қымбат байлығы. Білім саласы бойынша «Зерек» оқушылардың ғылыми қоғамында ғылыми жұмыспен айналысатын оқушылар, әртүрлі  бәйгелерге, байқауларға,ғылыми жоба жарыстарына ,қазақстандық қашықтық интернет олимпиадаларға қатысатын дарынды оқушылар қамтылған. Мектептегі ғылыми ізденістер мен шығармашылық танытып, түрлі деңгейдегі сайыстардан абырой биігінен көрініп жүрген оқушылар мектебіміздің мақтанышы. Атап айтсақ «Зерде-2020» зерттеу жұмыстары мен жобалар байқауында Абай Асан «Ақтүйесай ауылымның тарихы» тақырыбында ғылыми жұмысын қорғап, облыс деңгейінде ІІІ орындарга ие болды, жетекшісі бастауыш сынып  мұғалімі Эльмира Абаевна Есманова.

«Жас Өркен ғылыми жобалар бағыты» этномәдениеттану  бағытында бойынша ерекше дарынын көрсетіп, бірінші орын алған үшін 11-сынып оқушысы Мұратбек Балгүл дипломмен марапатталды, жетекшісі тарих пәні мұғалімі Ескендиров  Жангелді Амангелдіұлы. Спорт салалары бойынша мектепте  футбол, волейбол, үстел теннисі, шаңғы, хоккей, конькимен сырғанау, ұлттық ойындар әртүрлі үйірмелерге, секцияларға қатысады. Дарынды  балалармен   бірге  сайыстардан  жүлделі  орындар  алып, жоғарғы  биіктерден  көрініп  жүрген  оқушылар  да  аз емес.

Тәуелсіз еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білімді де тәрбиелі, жан-жақты дамыған, өрелі азамат ретінде қалыптасуындағы мектеп ұжымының игі істері өз нәтижесін алдағы уақыттарда да берері сөзсіз. Бала – ертеңгі азамат. Оны тәрбиелеп, биік шыңдарға жеткізу, мемлекеттің  мүддесіне өзі жететіндей етіп қалыптастыру педагог қауымының мақсаты мен міндеті. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін ашу парызымыз. Дарынды баланы оқыту мен тәрбиелеуде күтілетін нәтиже – тіл байлығы мол, кез келген ақпаратты сараптай алу мүмкіндігі.

Осы мәліметтерді сараптау арқылы жеке ойын білдіріп, қорытынды жасай алатын, қандай да болмасын қиын істердің шешімін таба білетін, жұмыс үрдісі нәтижесіне қарай бағалай білетін, өз бастамаларын тәжірибеде қолдана білетін, ойы жүйрік, таңқаларлық жаңашыл ойлар айтып, жаңалықтар ашатын сезімталдығы жоғары, эстетикалық, рухани құндылықтар иесін таба білу. Өмірдегі шынайы ғажап, адамзатқа маңыздылар дарындылар қолында, ал сол дарындылардың тағдыры біздің, яғни, ұстаздар қауымының қолында.

Ботагоз Шаймерденовна КСЕБАЕВА,
Ақтүйесай орта мектебінің директоры,
Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий