Роботты техниканы оқытуда біліктілікті арттыру курстарының маңыздылығы

Робототехника – (чех. robot, robota — еріксіз еңбек + көне грекше: τέχνη — өнер; ағылш. robotics — роботика) – роботтардың құрылысымен, жұмысы мен қолдануымен айналысатын, оған қоса олардың басқару, сезіну мен мәлімет өңдеумен айналысатын механикалық, электр және электронды инженерия мен компьютер ғылымдарының біріккен саласы. Еліміздің білім беру жүйесіне осы ұғымның енгеніне бірнеше жылдың жүзі болды.


Әрбір адам жаңашылдық енгенде, сол жаңалықтарды оқып-білуге, үйренуге асық болады. Сол сияқты, робототехника білім саласында оқытыла бастағанда, мұғалім алдында оқушыға жаңашылдықты үйретуге деген үлкен міндет жүктелді. Ғылым мен білімді ұштастыратын робототехниканы оқыту бойынша білім беру мекемелерінде курстар ұйымдастырыла бастады, соның бірі ретінде еліміздің 17 облыс, қалаларында орналасқан «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы филиалдарының қызметін ерекше атап өтуге болады.

«Өрлеу» институттары соңғы төрт жылдан бері «Робототехника негіздері» тақырыбында біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып, жүргізіп келеді. Курстың негізгі мазмұны мұғалімдерге Lego Mindstorms EV3 (3-7 сыныптар), Arduino микроконтроллері (8-9 сыныптар) қызметтерін таныстырып, бағдарламалық жасақтама мен құрылғылармен жұмыс жүргізу дағдысын дамытуды қамтиды. Мақсаты: жаратылыстану-математика бағытындағы мұғалімдердің робототехника құралдарын қолдану саласында ақпараттық және техникалық сауаттылығын дамыту бойынша педагог кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Міндеттері: робот техникасы саласы мен инженерлік жүйелерді жобалауда базалық білімдері мен дағдыларын қалыптастыру; тыңдаушылардың робот техникасы бойынша білім деңгейін арттыру үшін жағдай жасау; құрастыру жұмыстарының алгоритмдері мен практикалық дағдыларын қалыптастыру. Курс нәтижесінде мұғалімдер: роботтарды құрастыру негіздері мен басқаруды, білім алушылардың ақпараттық сауаттылығын дамытудың негізгі әдістемелерін жобалау және жоспарлау траекториясын біледі; балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеру, дарынды балалармен жұмыс жасаудың негізі принциптерін, дұрыс және тиімді қарым-қатынас құруды жүзеге асыра алады.

Әрі пән бойынша робот техникасы құралдарын қолдана отырып оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру және жоспарлау дағдыларын, білім алушылардың ақпараттық құзыреттілігін дамыту үшін сабақты робот техникасы құралдарын қолдана отырып жобалау тәсілдерін, түрлі тапсырмаларды орындау үшін LEGO MINDSTORMS EV3 және Arduino микроконтроллерін қолдана отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыру дағдыларын меңгереді. Робототехниканы оқыту процесін дамытуға бағытталған «Бағдарламау», «3D printing» және тағы да басқа курстары да мұғалім кәсіби құзыреттілігін арттыруға өз үлестерін қосуда.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әр өңірдегі филиалдарының курсын сапалы жүргізіп, мұғалімдерге өз білгенін үйретіп, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу жасап, консалтингтік кеңес беріп жүрген профессорлық-оқытушылық құрамын да ерекше атап өткен жөн. Өйткені, бір ғана курспен шектелмей, мұғалімнің робототехника бойынша шығармашылығын шыңдап, шеберлігін арттырып, өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында семинар, конференциялар, байқаулар ұйымдастырып, мұғалім қызметінде қолдану үшін әдістемелік құрал, нұсқаулықтарды шығарып үнемі ізденісте жүреді. Сондықтан да, пән бойынша немесе басқа да тақырыптар бойынша өз біліктілігіңізді арттырып, кәсіби білім, білік, дағдыңызды дамытамын десеңіз «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған курстары мен іс-шараларына келіңіз!

Гүлайым Әбиқызы САДЫКОВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚФ Түркістан облысы
және Шымкент қаласы бойынша
ПҚБАИ әдіснама және педагогикалық
инновация кафедрасының аға оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий