Рухы асқақ қаламгермен сәті түскен сұхбат

Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам үшін кітап – әрқашан құнды дүние саналмақ. Адамзат баласы сан ғасырлар бойы рухани қоректі кітаптан алып келді. Ақыл-парасат, ерік-жігер, рухани күш-қуатты сарқылмас даналығы бар кітаптардан іздедік. Ағылшын драматургі Уилям Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен. Бұл сөзден, адамзаттық ойдың шыңына шыққан атақты тұлғаның кітапты қаншалықты қадір тұтқанын байқаймыз.

Орыс жазушысы Лев Толстой «Кітап ақылды адамның әңгімесіндей» деп кітаптың рухани қазына екенін айтады. Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін толық интеллигент бола бастадым деп санауына болады» – дейді. Яғни, интеллигент болудың, Абай айтқандай толық адам болудың алдында кітап тұрғанын аңғару қиынға соқпас. Осы ретте кітаптың асыл қазына екенін жас ұрпаққа түсіндіру ­­- аға буынның бір парызы іспетті. Мектеп қабырғасынан тәлім алып шығар әрбір ұрпақтың саналы, кемел болуына әдеби шығармаларды кеңінен дәріптеу маңызды деп санаймыз.

Осы мақсатты негізге ала отырып, оқушыларға қазіргі балалар әдебиеті өкілдерінің шығармаларын оқытуды, оны талдауды өзіндік пікір қалыптастыра білуді дәріптедік. Қазіргі таңда ақын-жазушы, аудармашы Саят Қамшыгер балалар әдебиетіне көп көңіл бөліп, өзінің көптеген шығармаларымен қатар аудармаларын жарыққа шығарды. Оның башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтен аударған «Тастамашы ана», «Көше балалары», «Ертегісіз өткен балалық» атты аудармалары оқушылардың қызығушылығын оятып, түрлі сезімдерін қозғады. Сол себепті оқушыларды шығарманы аударған автормен кездестіру мақсат етілді.

«Рухы асқақ қаламгер» атты онлайн кездесуде мектебіміздің оқушылары ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен кездесті. Әдеби кеште оқушылар өздері оқыған сүйікті шығармаларын аударған автормен кездескенде ерекше сезімдерін жасыра алмады. Оқушылар авторға: «Сіздің Айгиз Баймұханбетовтің шығармаларын аударуыңызға не әсер етті?», «Тастамашы ана шығармасындағы оқиғалар өмірден алынған ба?», «Шығарма кейіпкерлерінің прототипі бар ма?» деген сияқты қызықты сұрақтар қоюмен кештің көркін қыздыра түсті.

«Тастамашы ана» және «Көше балалары»  повесьтері туралы автор мен оқушылар арасында тартысты әрі қызықты әңгімелер өрбіді. Кейін әдеби кеш басқа арнаға ауысып, оқушылар ақынның әсерлі өлеңдерін жатқа оқып, өз өнерлерін көрсетті. Кеш соңында Саят мырза өзінің оқушыларға деген ризашылығын білдіріп, әдеби шығармаларды көп оқудың маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар түрлі мотивацияға толы ақыл-кеңестерімен бөлісті. Әдеби кеш осылайша салмақты сөз, салиқалы оймен қорытындыланды. Осылайша, оқушылар кештен рухани мотивация алып, кітап оқудың ерекше қасиет екенін және кітаптың асыл қазына екенін тағы бір мәрте ұғынғандай болды.

Алмагүл Айтқазықызы ИСАБЕКОВА,
№184 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий