Ұлты кәріс болғанымен рухы қазақ
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында ұйымдастырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша желілік олимпиадаға Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысып, тілді меңгеру деңгейін сынға салған оқушылардың бірі – Югай Евгений. Ұлты кәріс, рухы қазақ Евгений Югай елордалық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11- сыныбында оқиды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Қазақ тілі мен әдебиеті секциясы – орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, корей тілін үйреніп жүрген Евгенийдің саналы таңдауы. 6 жасынан бастап қазақша сөйлей бастаған Евгений мемлекеттік тілді үйренуге ерекше ықылас, асқан қызығушылық танытады. Зерделі де зерек, мақсатшыл Евгений қазақ жазушыларының шығармаларымен түпнұсқада танысқанды ұнатады, Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті туралы кітаптарды көп оқиды.
Евгений сөздік қорын байыта түсу үшін айтылған ой мен әрбір сөз астарына үңіледі, үнемі әдеби тілде сөйлеуге тырысады. Тілді жетік меңгеру үшін күш пен уақытын аямайды, үздіксіз жаттығып, сөйлеу дағдысын жетілдіру үшін қызықты орта іздейді. Қазақ тілді сайттарды оқиды, әлеуметтік желілердегі достарының жазбаларына қазақша жауап береді, теледидардан түрлі бағдарламаларды мемлекеттік тілде көруге тырысады.

– Маған қазақ тілі ұнайды. Мен өз елімді жақсы көремін! Өз елімнің тілін өмір бойы үйренуге дайынмын. Қазақ тілін білу – менің Отан алдындағы парызым деп санаймын. Евгений қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өткен мектепішілік байқаулар мен олимпиадаларға түрақты қатысып жүрген оқу озаты. Ол 2019-2020 оқу жылының үздік оқушысы танылса, 2021 жылдың қаңтарында өткен республикалық жобалар жарысында қола «Елбасы медалін» жеңіп алды.
Загрузка...Оқудан жалықпайтын, ізденімпаз оқушы өз бетінше «Ділмарлық», «Мобилография», «Дизайн және мода», «Тез оқу техникалары», «Қаржы сауаттылығы», «Жоба менеджменті», «Жастарға арналған бизнес», «Маркетинг», «Көшбасшылық» онлайн курстарынан өткен. Евгенийдің айтуынша, егер адамда шын ниет болса, кез келген тілді, кез келген жаңа саланы оңай меңгеруге болады.