Ашық пікір алаңы: Тәуелсіздік – жарқын болашаққа жол ашты

Аймақтағы білім басқармасының білім беруді дамыту орталығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, топ жетекшілері мен тарих пәнінің оқытушыларына арналған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” тақырыбындағы бағдарламалық мақаласын талқылау бойынша ашық пікір алаң ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Шараның негізгі мақсаты – мемлекет басшысының мақаласында назарға алынған  көптеген игі мәселелер бойынша ой бөлісіп, пікір алмасу. Ашық алаңды білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Н. Сабиров жүргізді. Онлайн форматтағы ашық пікір алаң отырысына – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми бөлім басшысы, филология ғылымының докторы, профессор М. Сабыр, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Д. Саратов, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты С. Құрманалин, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры А. Құрымбаев қатысты.

Ашық алаңда алғашқы болып сөз алған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми бөлім басшысы, филология ғылымының докторы, профессор М. Сабыр латын әліпбиіндегі  бір дыбыс-бір әріп қазақ әліпбиінің латын әліпбиіндегі жаңа нұсқасының артықшылығы мен кемшіліктері, латын әліпбиіне кіру – әлемдік ғылыми, тілдік кеңістікке кіру үшін қажет екендігі туралы өз ойын білдіре отырып, «біз, әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп келеміз.

Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғышарт болары сөзсіз деді. Осы жоғары оқу орнының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты С. Құрманалин Алаш қозғалысы қайраткерлерінің есімдері мен халқына сіңірген еңбектері жаңа тарихымызда тиісті орын алуы керектігін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Д.Саратов, «сол бір қиын-қыстау кезеңде тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған шешен-ингуш, сан алуан басқа да халықтардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білген Қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына» – өзінің шексіз алғысын білдірді.

«Атамекен» балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры А. Құрымбаев, «біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет», – деген ойын тұжырымдады. Жиынды білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Н. Сабиров, «Бізді алдағы уақытта үлкен мақсатты, жауапты жұмыстар күтіп тұр. Президентіміз өз мақаласында, «біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, – деген еді. Сондықтан, біздің педагог, аға ұрпақ ретіндегі парызымыз – еліміздің нығайып, дамуына аянбай еңбек ететін жігерлі, білімді, іскер жастарды тәрбиелеу», – деп қорытындылады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий