“Заманауи трендтер және инновациялық тәжірибе” тақырыбындағы екінші халықаралық педагогикалық оқулар ұйымдастырылды

Киелі  көне Тараз жеріндегі жаңадан құрылған  білім ордасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті  Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті (Ресей), Карабюк университеті (Түркия),  білім сарапшыларының қазақ лигасымен бірлесе  ағартушы педагог Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған  «Педагогикалық білім беру: әлемдік руханият, заманауи трендтер және инновациялық  тәжірибе» тақырыбындағы екінші халықаралық педагогикалық оқуларын ұйымдастырды. 

Екінші халықаралық педагогикалық оқулардың мақсаты  жаңа Қазақстан жағдайында үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін модернизациялау;  Қазақстанның рухани жаңғыру бағытында ұлттық сананы қалыптастыру; ғаламдық бәсекелестік ортадағы заманауи білім берудің жаңа парадигмалары аясында зияткер тұлғаны қалыптастыру; қашықтықтан оқыту жағдайындағы заманауи трендерді қарастыру;  Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің инновациялық іс-тәжірибесін үйрену, зерттеу, тарату, насихаттау; педагогтың шығармашылық әлеуетін жетілдіру; ХХІ ғасырдың сын-қатерлі  контексіндегі  қашықтықтан оқытудың ғылыми-әдістемелік деңгейін және білім сапасын арттыру жолдарын қарастыру; педагог кадрларды дайындаудағы  әлемдегі үздік ЖОО инновациялық  іс-тәжірибесін зерделеу  болды.

Бұл шараға Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы; Педагогикалық мамандарды даярлайтын педагогикалық жоғары оқу орындарының басшылары; Ресей Федерациясы Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті және Түркияның Карабюк университеті басшылары және ғалымдары; Білім Сарапшылары Қазақ Лигасының Президенті және  Вице Президенті; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы; «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық Орталығы»  АО басшылары; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалдары және «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық Орталығы» АО филиалдарының директорлары; орта кәсіби білім беру ұйымдары және жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, «Педагогикалық ЖОО-ның және орта кәсіби білім беру ұйымдарының басшылары, ғалым-педагогтері, болашақ педагогтері, магистранттары мен докторанттары, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, әдіскерлері, жаңашыл мұғалімдері қатысты.

Халықаралық педагогикалық оқуларын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор м.а., э.ғ.д., профессор Ержан Әмірбекұлы құттықтау сөзімен ашты. Қатысушы ұлы даланың ұлағатты ұстаздарына  Тараз қаласындағы  Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектеп оқушылары   музыкалық-сазды  әуенмен  құттықтау жолдады. Курганск  мемлекеттік  университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Р.В.Овчарова «Жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімінің жұмысын фасилитациялаудың психологиялық-педагогикалық концепциясы» тақырыбына мазмұнды баяндама  жасап, Ресей Федерациясының инновациялық тәжірибесімен бөлісті.

Ресей Федерациясының Челябинск Өнер мемлекеттік  институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы  Г. Гревцева «Студенттерді кәсіби дайындауда рефлексивті бағалау іс-әрекеті» тақырыбына   жасаған баяндамасы  педагогикалық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Ресей Федерациясының Уральск  мемлекеттік университетінің профессоры, психология  ғылымдарының докторы  Ю. Токарева «Білім беру процесі субьектісінің жобалау іс-әрекетіне  психологиялық дайындаудың проблемалары» тақырыбына баяндама  жасап,  болашақ мамандарды жобалау кәсіби іс-әрекетімен   айналусының ерекшеліктерін ашып көрсетті.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры,  И.Блясова «ЖОО-ның оку-танымдық  процесінде  студенттердің интеллектуалды әлеуетін  арттыру проблемалары» тақырыбына  баяндама  жасап, болашақ педагогтердің  интеллектуалды әлеуетін  көтерудің  инновациялық жолдарын ұсынды. Білім Сарапшыларының Қазақ Лигасының Президенті Г. Абишеваның «Пандемия жағдайында  оқушыларды оқыту: инновациялық тәжірибе» тақырыбына жасаған баяндамасы педагогикалық оқуға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, п.ғ.д. К. Бузаубақова «Дуалды білім беру жүйесі: дуалды  практика»  тақырыбына тың баяндама жасап, Қазақстан Республикасында болашақ педагогтерді дайындауда  дуалды білім беру жүйесін ендірудің   басым бағыттары және артықшылықтарына  тоқтала отырып, дуалды практиканың ерекшеліктерін ашып көрсетті. Қазақ Ұлттық Қыздар университетінің профессоры А.Жубандықова «Эмоционалды зияттың жетістікке жеткізудегі рөлі» тақырыбына баяндама жасап, эмоционалды зиятты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, Қазақ Ұлттық Қыздар университетінде  бірінші курс білім беру бағдарламаларына «Эмоцианалды интеллект» пәні енгізіліп отырғандығын зор мақтанышпен жеткізді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, п.ғ.к. Г. Бахтиярова «Тәрбие кеңістігін  құрудағы цифрлық технологиялар» тақырыбына  тың баяндама жасап, Цифрлы Қазақстан жағдайында  жоғары білім беру  жүйесін цифрландырудың маңыздылығына тоқталды. Тараз қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының  аға менеджері А. Тоқтағанова «Оқушының өзін-өзі реттеу дағдысын дамыту құралдары мен жолдары» тақырыбына жасаған баяндамасын педагогикалық оқуға қатысушылар тарапынан   үлкен қолдауға ие болды. Білім Сарапшыларының Қазақ Лигасының  Вице-Президенті Н. Дрейт  «Қашықтан оқыту жағдайында дене шынықтыру пәнін оқытудың инновациялық бағыттылығы» тақырыбына мазмұнды баяндама  жасап,  авторлық инновациялық технологиясын педагогикалық қауымдастық назарына ұсынды.

Екінші халықаралық педагогикалық оқулары аясында «Инновациялық педагогикалық өнім-2021» тұсаукесері жасалынды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Физика және ІТ кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты С.Тамаев және  аға оқытушы Ж. Айдарбекованың «Классикалық механика есептер жинағы» оқу құралының тұсауы кесілді. Екінші халықаралық педагогикалық оқулары аясында креативті педагогтердің  инновациялық іс-тәжірибесін  үйрену, зерттеу, тарату, насихаттау, жинақтау және  педагогтердің  креативті әлеуетін жетілдіру мақсатында  21 номинация бойынша онлайн форматта  өткізілген  «Үздік педагогикалық өнім-2021» байқауының жеңімпаздары анықталды.

«Ы.Алтынсариннің  педагогикалық мұрасы: кеше, бүгін және ертең»  педагогикалық инновациялық өнім» педагогикалық инновациялық өнім номинациясы бойынша Тараз қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №41 көпсалалы  гимназиясының мұғалімі  Жұлдызай  Матжанованың  жұмысы үздік деп танылды. «Пәннің үздік оқу-әдістемелік кешені» педагогикалық инновациялық өнім номинациясын Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі А. Жамалова иеленді. «Үздік оқулық» номинациясы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры К. Бузаубакованың «Мұғалімдік мамандыққа кіріспе» оқулығы ең үздік деп танылды. «Үздік оқу құралы, оқу-әдістемелік құрал» номинациясы бойынша Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің профессоры С. Тамаев, аға оқытушы Ж.Айдарбекованың Республикалық Оқу-әдістемелік Кеңестен өткен «Классикалық механика есептер жинағы»  оқу құралы үздіктер қатарынан көрінді.

«Үздік электронды оқулық» номинациясы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің  оқытушысы З. Тулегенованың жұмысы үздік деп танылды. «Үздік мультимедиалық өнім» номинациясы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің 2 курс студенті  Е.Хайырбекұлының  (Ғылыми жетекшілері: п.ғ.д., профессор К.Д. Бузаубакова, аға оқытушы С.Ж. Бупетаева) «Болашақ мектеп-2050»  3D  форматта ұсынған жұмысы ең үздік деп танылды. «Үздік инновациялық сабақ (тәрбиелік іс-шара)» номинациясы бойынша Қызылорда    қаласындағы  Абай атындағы  үш тілде оқытатын  дарынды балаларға арналған мамандандырылған  сыныптары бар мектептің   бастауыш сынып мұғалімі  М.Кудебаева  бірінші орынды  иеленді.

 «Үздік ғылыми жоба» номинациясы бойынша Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің студенттері Ж. Абдулла, А. Бимырзаева, А. Тағаймұрат (ғылыми жетекшісі  п.ғ.к., профессор м.а.  А. Жубандыкова) ұсынған  ғылыми жоба ең үздік деп танылды. «Үздік авторлық  бағдарлама» номинациясын бойынша бірінші орынды Н.Оңдасынов атындағы Түркістан  мамандандырылған мектеп интернатының мұғалімі Г. Дуйсеева (ғылыми жетекшісі: Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, п.ғ.д. К. Беркимбаев) иеленді. «Үздік сабақ  жоспары» номинациясы бойынша бірінші орынды Жамбыл облысы Байзақ ауданы Н.Киікбаев атындағы мектептің мұғалімі Ш.Кубеева иеленді.

«Үздік тәрбиелік іс-шара жоспары» номинациясы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Актөбе өңірлік  мемлекеттік университетінің «Педагогика, психология және бастауыш оқыту»  кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессор   Г. Бахтиярова мен екінші курс магистранты Н. Жақсыбай иеленді. “Үздік шебер-сынып» номинациясы бойынша Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шайқорық орта мектебінің мұғалімі  Д. Болысбекованың «Effective methods of teaching English language in online learning» тақырыбына ұсынған жұмысы үздік деп танылды. «Мамандығым-мақтанышым» үздік  педагогикалық эссе номинациясы бойынша бірінші орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 1-курс магистранты Б.Ж. Қиюбек  иеленді.

«Педагог мәртебесі» үздік постер номинациясы бойынша Тараз қаласы Абай атындағы №26 орта мектебінің мұғалімі Н. Абдрахманованың жұмысы үздік деп танылды. «Үздік  инновациялық әдістеме» номинациясы бойынша Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі  Н.Мейрахатқызының жұмысы ең үздік деп танылды. «Үздік инновациялық технология» номинациясы бойынша Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев гимназиясының  бастауыш сынып мұғалімі К. Майсупованың  авторлық технологиясы үздік деп танылды.

«Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша Жамбыл облысы Қордай ауданы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі З. Мамырбаеваның «Sketch Up 3D бағдарламасын тиімді қолдану» жобасы ең үздік деп танылды. «Үздік мақала» номинациясы бойынша Тараз қаласы №47 орта мектебінің мұғалімі   Г. Нурбекованың мақаласы үздік деп танылды. «Үздік электронды оқу контенті» номинациясы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің магистрі Р. Сагадатовтың жұмысы ең үздік деп ерекшеленді. Білім сарапшылары қазақ лигасының Президенті Г. Абишева және  вице-президенті Н. Дрейт «Пандемия  кезіндегі жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту: өзекті мәселелері және перспективалары»  тақырыбына шебер-сынып өткізді.

Шебер-сыныпта пандемия жағдайында  жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын оқытуды ұйымдастыру және қашықтықтан оқытудың әлеуметтік салдарлары  нақтыланып, пандемия кезінде жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын оқыту процесіне талдау  жасалып, тәуелсіз кәсіби сараптама жүргізілді; пандемия кезінде жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын оқытудағы жаңа тәсілдердің өзектілігі мен тиімділігінің мәні ашылып,  отандық  және әлемдік тәжірибелер  зерделенді. Аралас форматта ұйымдастырылған екінші халықаралық педагогикалық оқуларына қатысқан креативті педагогтер өздерінің инновациялық тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби білімдерін жетілдірді, жаңа міндеттер алды. Ия, жаңа Қазақстан жағдайында ұлы даланың ұлағаттарын ұстаздарын  білім беру жүйесін модернизациялау бағытында  ауқымды істер күтіп тұр!

Клара БУЗАУБАКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің  білім берудегі менеджмент
кафедрасының меңгерушісі, 
п.ғ.д., профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий