Ақтөбе – НЗМ: “IzdeNIS” ғылыми – танымдық журналы жарыққа шықты

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде «IzdeNIS» ғылыми-танымдық журналының таныстырылымы ұйымдастырылды. Мектеп тарихындағы тұңғыш журнал үш тілде әр тоқсан сайын басылып шығады. Оқырман үшін электрондық нұсқасы да бар. Зияткерлер тарапынан жасалған жобаның басты мақсаты – оқушылардың ғылым мен өнертануға деген қызығушылығын ояту, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. 

Басылымның алғашқы санында шәкіттеріміздің қалам тербеген түрлі бағыттағы мақалалары мен сұхбаттары жарияланды. Журналдың бас редакторы – 11 «В» сынып оқушысы Айдана Кенжебаева. Шындығында, авторлар, редакторлар және дизайнерлер үлкен жұмыс атқарды. Бұл іске етене араласу, журнал құруға ат салысу әрқайсымыз үшін құнды әрі жаңа тәжірибе екені сөзсіз. Редакциялық топ мүшелері – Лаура Шынтай, Курамысова Камила, Айсана Тұрыш, Әлия Бисекеева, Назерке Абдрахманова, Әсем Жайшылық – мақалаларды тексерумен айналысса, мәтінді өңдеу және ұйымдастыру жұмыстарын мен жасадым. Ал жетекшілеріміз – Мират Қорғанбекұлы мен Махаббат Мейрамбекқызы – процесті бақылап, мақалардың дизайнын жасады, журналды жинақтады, – дейді Айдана Кенжебаева. 

Басылым жұмыстарына мақала авторларымен қатар, мектебіміздің үздік суретшілері мен үйлестірушілері, жас фотографтары жұмылдырылды. Мұқаба авторы – 10 «В» сынып оқушысы Амина Кангельдина. Бір айға жуық уақыт ішінде өз идеясын ұсынып, графикалық планшет арқылы жасаған иллюстрациясына ол зияткер оқушыларды бейнелеген. Көз салып қарасақ, мерекелік торттың да суретін көре аламыз, бұл мектебіміздің 8 жылдық мерейтойына сыйлық. Ал жобаның ғылыми жетекшісі Мират Оспановтың сөзінше, басылым жұмыстары екі ай ішінде жасалған.

Мектебіміздің алғашқы журналы болғандықтан, біз үшін бұл қызықты әрі маңызды тәжірибе болды. Басылым оқушылардың белсенділігі мен жасампаздығының арқасында жасалып отыр. Түрлі бағдарламаларды игердік, тынымсыз еңбектендік. Атауы да ерекше. «IzdeNIS» сөзінде ізденумен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің аббревиатурасы бар. Авторлары – Камилла Жақсылық және Аяжан Орынбасар, – деп бөлісті Мират Қорғанбекұлы.

Шара барысында мектеп директоры Сауле Умербекова редакция тобына алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ журналдың алғашқы нөмірін таныстыру рәсіміне «Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер газетінің Ақтөбедегі жас тілшісі – Аяулым Құдайберген қатысты. Замандастырын жетістікпен құттықтап, өз тәжірибесімен бөлісті. Ал «IzdeNIS» журналы мүшелерінің алға қойған ендігі мақсаты – облыстағы өзге де мектептермен байланыс орнатып, оқушылардың мақалаларын жариялау, оқылым санын арттыру.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий