Еңбек пен білім – егіз
Қазақстандық білім және ғылым саласындағы жаңаша өзгерістердің ілгері дамуына үлесін қосып жүрген ізденімпаз ғалымдардың қатары жыл өткен сайын көбейе бастағаны қуантады. Бұл, әрине, зерттеу жұмыстарымен айналысатын жаңа буын өкілдерінің ынтасы мен жігерін мемлекеттік тұрғыдан қолдаудың артуымен де тікелей байланысты.
Осыған орай көктем айының алғашқы аптасындағы ерекше мереке Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің қауымдастырылған профессоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2020” грантының иегері, филология ғылымдары бойынша философия докторы (PhD) Арай Жундибаевамен тілдескен болатынбыз.
– Зерттеу объектімізге – текстология, оның ішінде, теориялық текстология, әлемдік және шығыс әдебиет теориясы, паралингвистика, психолингвистика саласында зерттеу жұмыстарын жүргізуді, отандық ғылымда абайтану, шәкәрімтану текстологиясы әрі классификациясы бағытын таңдаған болатынмын, – дейді Арай Қанапияқызы. Ол академиялық ортада алыс-жақын шетелге танымал, отандық гуманитарлық ғылымның дамуына және жоғары мектептегі оқу үдерісінің қалыптасуына, орта мектептегі білім беру жүйесіне зор үлесін қосып келе жатқан ғалым-ұстаз.
Ресей, Түркия, Татарстан, Башқұртстан, Германия, Швейцария елдерінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Осы жоғары оқу орнында еңбек жолын оқу және тәрбие бөлімінің маманы, кафедрада оқытушылық қызметтерінен бастап кафедра меңгерушісіне дейінгі әрбір өсу сатысынан өткен білікті маман бүгінгі таңда аталған университеттің халықаралық факультетінің деканы орынбасары қызметін абыроймен адал атқаруда.
Бірнеше шет тілін жетік меңгерген кейіпкеріміз ағылшын, түрік тілдерінде дәріс оқуға, зерттеу жұмыстарын жазуға қабілетті әрі түркі елдері тілдерінде, оның ішінде, татар, башқұрт, қырғыз тілдерінде архив жұмыстарын жүргізуге машықтанған деректанушы, теоретик-практик. Арай Қанапияқызының әлемдік ғылыми метрикалары да көңіл қуантады. Scopus халықаралық базасындағы h индексі де жоғары әрі аталған халықаралық базаға енетін ғылыми Journal of Social Studies Education Research журналында ғылыми рецензент ретінде әлемдік ғылыми мақалалардың жариялануына сараптама жасауымен танылды.
– Ғылыми бағытта ғалым аударма саласына да бейімі болуы қажет. Аудармашы ретінде Еврей ғалымы Роя Тцезаның «Болашаққа бағдар» еңбегін қазақ тіліне тәржімаладым. Сонымен қатар, «Ұлттық аударма бюросы» жұмысына да қатысқаныма қуаныштымын. Бос уақытта орыс, ағылшын, түрік, қырғыз, өзбек, тәжік тілдерінен ана тілімізде жазбаша ғылыми аударма жұмыстарын жүргізу – сүйікті істерімнің бірі, – деді ол бізбен әңгімесінде.
А.Жундибаева орта мектепте әрі жоғары оқу орнында жаңа оқыту әдістерін тәжірибеге енгізу, 3D камераларымен оқу дәрістері мазмұнын үйлестіру ісінде кең практикалық дайындыққа ие. Ол жаңартылған білім беру мазмұнында жарық көрген ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен 5-10 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулық-кешенінің авторларының бірі ретінде Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты және Құрмет грамотасымен марапатталған.
Сонымен қатар бос уақытында тоғызқұмалақ, шахмат ойнағанды, домбыра тартқанды, дәмді ас дайындауды, ұлттық тағамдар әзірлеуді ұнатады. Басты мақсаты: отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосу.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы