Жетекші мектеп: Әлеуетті арттырудың ауқымы

Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда ауыл мектебінің бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі жетекші мектептердің бірі болып танылады.

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында мектептің кәсіби потенциалын арттыру моделі қандай болу керек деген сұрақ барлығымызды толғандыратыны сөзсіз. Бұл сұрақты әртүрлі аспектіде қарастыруға болады. Бүгін сіздермен мектептің әдістемелік активі мен мұғалімдердің кәсіби әлеуеті туралы бөліскім келеді. Мектептің кәсіби әлеуетін көтеру және жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін мектептегі көшбасшы мұғалімдермен, тәжірибелі ұстаздардан құрылған мектептің әдістемелік активі өнімді жұмыс істеп келеді.

Біздің жетекші мектеп ретінде миссиямыз – білім мен тәрбиелеудегі жоғары жетістіктерге жету үшін бірлесіп жұмыс істеу арқылы табысты оқу ортасын құру болып табылады. Қазіргі таңда, жетекші білім ордасындағы әдістемелік актив құрамы сапалы білім берудің үздіксіздігін қалыптастырып, оны одан әрі жақсарту тұрғысында көптеген игілікті істердің ұйытқысы болуда. Оның сыры неде десеңіз, мектебіміздің көшбасшы ұстаздары магниттік мектептегі әріптестерімен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеу арқылы тәжірибе алмасу.

Әрі мұғалімдердің шеберлік сыныптарын өткізіп, озық тәжірибені тарату, әріптестеріне қолдау көрсету мақсатында аудандық, облыстық семинарлар өткізуді жыл сайын дәстүрге айналдырған. Алдыңғы кезекте мектебіміздің кәсіби дамуына білім ордалары арасындағы бірлескен іс-әрекет пен желілік қоғамдастық өз ықпалын тигізуде. Атап айтсам, әдістемелік актив жұмысының ықпалымен «Қашықтан оқыту жағдайында кері байланыстың тиімділігі», «Оқушының ішкі уәжін қалыптастыру жолдары», «Оқыту мен оқуда АКТ-ны қолдану» тақырыбында түрлі шаралар өткізіліп, оқу-әдістемелік көмектер көрсетілді.

Көшбасшы ұстаздарымыздың іс-тәжірибесі аймақ көлемінде таратылды. Нәтижесінде, бірлесе жасалған жұмыс зерттеуші топтардың жұмысының одан әрі жандануына, кәсіби дамуымызға ықпал етіп, магниттік мектеп мұғалімдерінің де өнімді жұмыс істеуіне оң әсерін беруде. Бұл үрдіс одан әрі қарай да жалғасын таба бермек. Мектебіміздің ұстаздары оқыту мен оқу үдерісіндегі жаңалықтарымен бөлісе отырып, педагог кадрлардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған шараларды мектеп-лицей базасында жүйелі ұйымдастыруды жетекші мектептің мақсаты деп біледі.

Әдістемелік актив жұмысы тәжірибені таратуға ғана емес, сонымен бірге мектептің кәсіби потенциалын дамытуға да ықпал етуде. Біздің ұжымның сапалық жағынан жоғары көрсеткішке қол жеткізуі мен табысты болуының басты сыры әдістемелік актив жұмысының өз мектебіміздің тәжірибесіне ғана емес, серіктес мектептердің кәсіби өсуіне ықпал етуінде деп білемін. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеу арқылы тек озық тәжірибені таратуға ғана емес, сонымен бірге серіктес мектептердің де кәсіби потенциалын одан әрі дамыта алатынымызға сенімім мол.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қашықтан оқыту жағдайында мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін шыңдау арқылы мектептегі оқытуды басқару мен мектеп активі жұмыстарын осылайша жүйелі жолға қоя отырып, еліміздегі адами капиталды дамытудағы сапалы білімге қол жеткіземіз деген ойдамын.

Ләйла Шәріпқаниқызы ШӨМЕНОВА, 
Т. Жүргенов атындағы № 123 мектеп-лицей
директоры, 
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий