Қарағанды облысы: “Ұшқын” фракциясы турнирде топжарды
Қазақстан Республикасы бәсекеге қабілетті дамушы мемлекеттердің бірі. Соған орай білім мен ғылым жаңа заман талабына сай ұлттық идеялармен ұштастыруды көздейді. Білім беру жүйесі жаңа өркениетті қоғамға қажетті білімді, қабілетті, өз ойын еркін білдіретін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген шәкірт тәрбиелеуге бағытталған. «Балалардың бойында ұлы мүмкіншіліктердің бәрі бар», – деп Т.Фуллер айтпақшы, жас ұрпақ бойындағы қабілет-қарымын тамыршыдай тап басып бағыт берілсе, жасампаздық қасиеттерді бойына сіңіріп өскендіктен, нағыз ұлтын сүйетін азаматтар елінің тағдырына бей-жай қарамай, келешегі көркем болар еді.
Дебат – білім беру бағдарламасындағы білімнің гуманитарлық жүйесін нақты көздейтін жаңа бағыттағы пікірталас. Оқушыларды пікір-сайыстарға қатыстырып, өз бетімен ізденуге, білім алу және жалпы шығармашылық белсенділігін арттыруға көзделген. Пікір-сайыстарға дайындық барысында оқушылар белгілі – бір тақырып бойынша мәлімет жинастырып, оларды қарама – қарсы бағыттарды қолдайтын екі түрлі позицияға арналған жоспарға топтастырылады. Олар жақтау және даттау топтарының кейстері.
Осының нәтижесінде оқушылар кез-келген мәселеге біржақты көзқараста болудан арылып, терең, сын тұрғысынан оқушыларды, сонымен қатар парламент мүшелерін бөлудің әртүрлі жолдарын қарастыруға болады. Осындай пікір таластарды өткізуде аймақтағы «Сарыарқа саңлағы» жастар жобасы жүргізілді. Жоба аясында облыстың барлық білім беру ұйымдарында пікірсайыс турнирлері мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылады. Пікірталас тақырыбын ұйымдастыру комитеті айтулы күндерді мерекелеу шеңберінде бекітеді.
Биыл дебаттық турнирлер циклі Абай Құнанбаевтың, Әл-Фараби мен басқа да көрнекті ойшылдардың, қазақ халқының қоғам қайраткерлерінің шығармашылық мұрасына арналады. Жоба жастардың рухани-адамгершілік дамуына, білім сабақтастығы мен жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеуге бағытталған. Жоба аясында жуырда жергілікті жастар жобасын іске асырудың екінші кезеңі аясында қалалық «Ұстаз бен шәкірт» атты қашықтан пікір-сайыс турнирі ұйымдастырылды. Оған қаламыздың барлық мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Пікірталасқа дебаттық турнирлердің сарапшылары, мектеп оқушылары жетекшілері шақырылды. «Ұстаз бен шәкірт» атты қашықтықтан өткізілген пікір-сайыс турнирінде қалалық білім ордаларының арасынан топ жарып ЖББ №9 орта мектебінің «Ұшқын» фракциясының спикерлері Тусупбаева Альбина, Алпысбаева Аяна, Өмірғазы Аяулым жүлделі бірінші орынға ие болып, облыстық турнирге қала намысын қорғауға жіберілді. Облыстық кезеңге жетекшісі Тұтқыш Айдана Жаңбырбайқызы мен команда спикерлері қызу дайындық жүргізген болатын.
Барлық тақырыптар бойынша оқушылар арасындағы академиялық білім деңгейін көтеру, білім алушылардың шешендік сөйлеу өнері дағдыларын, зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, зерттеу, ұйымдастыру дағдыларын, коммуникативтік біліктерін дамыту жүргізілді. Облыстық жастар жобасын іске асырудың екінші кезеңін аяқтау мақсатында оқушылар арасында қашықтықтан облыстық пікірсайыс турнирі болды. Пікірсайыс ZOOM платформасының негізінде, Карлл Поппер форматы бойынша өтті. Пікірсайысқа мектепшілік, аудандық және қалалық кезеңдерінің жеңімпаздарынан жалпы саны 24 команда қатысты.
Балқаш қаласының намысын қазақ лигасынан ЖББ №9 орта мектебінің «Ұшқын» фракциясының спикерлері Тусупбаева Альбина, Алпысьаева Аяна, Өмірғазы Аяулым қатысты. Қашықтан өткізілген дебат турнирінде Балқаштық оқушылар өздерінің үздік шешендік және көшбасшылық қабілеттерін танытты. Турнир қорытындысы бойынша ЖББ №9 орта мектептің «Ұшқын» фракциясы ІІ орынға ие болып, дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды. Ал, команда жетекшісі Тұтқыш Айдана Жаңбырбайқызына Алғыс хат табысталды.
Турнир барысында Абай Құнанбаевтың, Әл-Фараби мен басқа да көрнекті ойшылдардың, қазақ халқының қоғам қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын жан жақты талдау жүргізілді. Биылғы қаңтар айының соңында «Ұшқын» фракциясының жаңа спикерлері Касымова Алтынгул мен Алпысбаева Аяна қала намысын қорғап «Сарыарқа саңлағы» облыстық турниріне қатысып, өлкеміздегі пікірсайысқа өз үлестерін қосты. Араға бір апта салып қалалық «Orator CUP-2021» турнирі өтті. Турнирге барлық қала мектептері қатысып, пікірсайыс алаңы қызу талқыға түсті.
Турнирде мектебіміздің намысын қорғаған «Ұшқын» фракциясы жүлделі екінші орынмен марапатталды. Бұл жастар жобасы оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына, білім сабақтастығы мен жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеуге бағытталды. Дебат турнирлері арқылы оқушының тұлға, азамат ретіне жетілуіне, білім алуға деген қызығушылығының артуына зор ықпал етуі сөзсіз.
Айдана Жаңбырбайқызы ТҰТҚЫШ,
№ 9 орта мектебінің тарих пәні
мұғалімі, дебат үйірмесінің жетекшісі,
Қарағанды облысының Балқаш қаласы