Бастауыш сынып оқушыларының математикалық сауаттылығын дамыту – заман талабы

Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субъектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде  функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мақсаты негізге алынып отыр. Өмір бойы іздену, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыру – мұғалімнің басты міндеті.

Функционалдық сауаттылық алдымен мұғалім бойында болуы тиіс. Күнделікті әр сабағын түрлендіре, өмірмен байланыстыра өткізу арқылы оқушының қабілетін дамыта алады. Сондықтан да, мұғалімге сапалы білім,  ой -өрісі кең тұлғаны қалыптастыруда  40 минуттық сабағын қазіргі заманғы білім берудің белсенді әдіс-тәсілдерін  қолдана отырып, алдына жоспарлаған мақсатына сай нәтижеге жету талап етіледі. Математикалық сауаттылық функционалдық сауаттылықтың бір тармағы болып табылады.

Математикалық сауаттылықтың мақсаты бүгінгі күн талабына сай, жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, тұрақты қызығушылығы бар, алған білімді іс- әрекетте, өмірмен байланыстыра алатын, еркін қолдану дағдысы дамыған тұлға қалыптастыру. Математика білім мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш буында жүзеге асатыны белгілі. Себебі, бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің іргетасы қаланып қана қоймайды, сонымен қатар білім алуға талпынушылық, яғни балалардың оқу әрекеті, танымдық белсенділік, жеке бастың адами қасиеттерінің негізі осы кезеңде қаланады.

Оқушының сауаттылық қызметі  алған білім, білік дағдысымен, логикалық ойлау қабілеттері күнделікті сабақта дамып жатыр ма? деген ой туындауда бастауыш сынып мұғалімдерінің  математика сабағында стандарттан тыс есептердің, логикалық жаттығулардың қаншалықты талапқа сай орындалуы бақыланды. Осы орайда, математика пәнін игеру барысында оқушыларды математика ұғымдарын оқумен бірге өзінің ойын жеткізе білуге, оқыған математикалық ұғымдарды дұрыс тани біліп, өмірмен байланыстырып тұрмыс тіршілікте қолдана білу күн тәртіінде.

Осыған орай облыстық білім беруді дамыту оқу – әдістемелік орталығының жұмыс жоспарында «Жаңартылған бағдарлама аясында математикалық сауаттылықты арттыру жолдары» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдерімен бірлесіп оқу үрдісінде оқушылардың математикалық сауаттылықтарын жетілдіру бағытында жоба жоспарланды. Сабақта математикалық сауаттылықты арттыратын, оқушыны өздігінен іздендіретін тапсырмалардың олқы болғандығынан, аталған жоба аясында облыс көлемінде әр түрлі тақырыпта іс-тәжірибе алмасу семинарлары, конференцияларға қоса дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. 

Сонымен қатар «ТЭТРА KZ» қосымша білім беру орталығының директоры М. Омаровамен жиі бастауыш сынып мұғалімдермен кездесу өтіп, оқыту семинарлары ұйымдастырылып математикалық сауаттылықты дамытуға бағытталған есептерді мұғалімдердің өздері бойларынан өткізіп,  жұмыс ілгерлей түсті. Атап айтқанда М.Омарова оқушылардың математикалық сауаттылығын дамытуда практикалық мазмұнды есептердің қажет екенін, ауызша және жазбаша математикалық сауатты сөйлеуді меңгеру, математикалық символдар мен белгілеулерді дұрыс қолдана білуге бағытталған тапсырмалардың түрлерімен қалай жұмыс жүргізілетінін практикалық тұрғыда мұғалімдермен бірлескен  жұмыс барысында көрсетті.

Сонымен, оқушыда функционалдық математикалық сауаттылық қалыптастыру үшін ең алдымен пәндік сауаттылық қалыптасуы керек. Математиканы оқыту мен математика пәнінен сауаттылықты қалыптастырудың негізгі мақсаттарына тоқталайық. Математика – барлық ғылымдардың логикалық негізі – күре тамыры ретінде қарастырылады; математика, ең алдымен оқушылардың дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады және оны шыңдай түседі; «математикалық сауаттылық» (ауызша және жазбаша) қабілетін қалыптастыру арқылы оқушының «математикалық сауаттылықты» меңгере білу қабілетінің болуы маңызды.

Әрі математика әлемде болып жатқан түрлі құбылыстарды, жаңалықтарды дұрыс қабылдап, түсінуге көмектеседі; математиканың болашақ тұлғаны моральдық, эстетикалық және этикалық тұрғыдан да тәрбиелік мәні бар. Жалпы, қорытындылай келе америкалық математик Д.Пойо: “Математиканы білу деген не? Бұл есептерді шығара білу, онда стандарттық есептер ғана емес, ойлаудың еркіндігін, сананың сауаттылығын, өзіндік болмысты, тақырыптылықты керек ететін есептерді шығару”, – деген.  

Сонымен, оқушы берілген білімді жүйелі, ғылыми білімдер жүйесін практикамен ұштастырып, жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге, сыни тұрғыдан ойлау барысында, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіреді. Және функционалдық сауаттылығы артып, басқаның пікірін тыңдауға дағдыланады және өзі де пікір айтуға талпынады. Олай болса, бастауыш сыныпта оқыту үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытып, жүзеге асыру тікелей  ұстаздарымызға байланысты.

Қымбат Оспановна СУЛЕЙМЕНОВА, 
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының мектепке
дейінгі және бастауыш білім  бөлімінің әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий