Шымкент – НЗМ: Оқушылар халықаралық TEDx Talks каналында

TEDx конференциясы – арнайы TED лицензиясы бойынша ғана өткізілетін тәуелсіз халықаралық шара, елімізде оған ие ұйымдардың саны саусақпен санарлық. Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары бұл мүмкіндікке екінші рет ие болып отыр: оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде барша әлемге өз пікірін жеткізіп, жаһанмен өз идеялары мен жұмыстарымен бөлісті, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Мектеп аясындағы TEDxYouth@NISShymkent жастар ұйымының өткізген шарасы The Age of Excessive Needs (Шектен тыс қажеттіліктер дәуірі) тақырыбына арналды. Конференция спикерлері – жас ораторлар Нұрмұхамбет Серікбаев, Сабыр Берікұлы, Асылбек Сәдуақасов, Есенғали Маханов, Әлихан Мадали және Зейна Бижанова. Әр спикер өзгелерден өзгерек әрі қызықты тақырыпта ой қозғады. Егер Нұрмұхамбет әлемде адам санының көптігі және оның күрт өсуі туралы тақырыпты қарастырса, тоғызыншы сынып оқушысы Зейна оқушының оқу кестесін қалай дұрыс ұйымдастыру керектігі туралы айтты.

Әлихан Мадали, «Өткенге де, келешекке де назар салмай, дәл қазіргі моментте бақытты болу үшін не істеу қажет деген?» терең философиялық сұрақтың жауабын іздеп көрді. Бұған қоса, балалар өздерінің ғылыми еңбектерін де ұсынған болатын. 11-сынып оқушысы Есенғали Маханов “Жасанды эко-ағаш” ауа тазартқыш өнертабысын, Асылбек Сәдуақасов уақытты үнемдеуге және тұрмыстық мәселелерді оңтайландыруға арналған “Ақылды үйдің” моделін ұсынды.

− Мен Tedxyouth@Nisshymkent сынды үлкен іс-шараға қатысқаныма қатты ризамын. Менің тақырыбым кітаптар және оның адам өміріне деген ықпалы жөнінде болды. Конференция ұйымдастырушыларына зор алғысымды айтқым келеді. Осындай шаралар көбірек жасаңыздар деп тілегім келеді! – деп, өзінің ақжарқын тілегін конференцияның ең кішкентай қатысушысы, 8-сынып оқушысы Сабыр Берікұлы білдірді.

Конференция ұйымдастырушысы, идея авторы мен лицензиаты – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ксения Аликулова. Оған 11 сынып оқушысы Әсем Бисенбай қолғабысын тигізген. Команда мүшелері, жоғарғы сынып оқушылары Мерей Қасымбекова, Әлиза Момышева, Әсел Асқарова, Шыңғыс Нарсейіт және Сағи Қасымбектердің де еңбегін елемеу мүмкін емес. Бұл шағын ғана топ халықаралық дәрежеде мектеп даңқын ғана емес, ел атағын шығаруда! «TEDx Talks» youtube каналының отыз миллион жазылушысы бар екенін еске сала отырып, оқушылардың видеосы екі күнде мыңнан аса көрсетілім жинағанын айту қажет.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий