Шәкәрім шығармаларындағы адамгершілік құндылықтар

Бүгінгідей түрлі мәдениет тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұрасына қайта үңілу, оның тағлымдық мәнін қайта зерделеу – заман тудырып отырған қажеттілік болып табылады. Өткен ғасырдың күрделі кезеңінде өмір сүрсе де ғаламдық ойтаным дәрежесіне көтерілген Шәкәрімнің әдеби мұрасының түп қазығы – адамның адами құндылығын қалыптастыру, сол арқылы қоғамды түзеу.

Ұлы Абайдың ізбасары бола отырып, ұстазы жеткізген деңгейден де өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдырудың өзі – Шәкәрімнің ұлылығын айғақтайтын басты белгі. Дін мәселесін шын ақыл мен салқын сана арқылы сараптап, негізгі өзегін өмір игілігіне айналдыра білген. Жаратылысқа деген сенім мен сүйіспеншілікті махаббат пен мейірімнің, жақсылықтың көзі ретінде бағалау арқылы қалың жұртын өмірді сүюге, адамды аялауға үндеген. Күрделі болмыс иесінің шығармашылық мұрасын әртүрлі аспектіде тереңдей, кешенді түрде қарастырудың қажеттілігі де осыдан туындайды.

Халқының мұңын жырлап, адам бойындағы игі қасиеттерді қастерлеп, өлеңдерінің өзегі ету – Шәкәрім шығармашылығының басты мұраты. Ақын айналасындағы барлық нәрсеге терең бойлап, жамандығынан жирене біліп, жақсылыққа ұмтыла білді. Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз саптасына келіп тіреледі десек, қазақ өлеңінің кеңістігінде Абайдан кейінгі ойлы өлеңнің өрнегін салған суреткер – Шәкәрім шығармашылығының поэтикалық жүйесіндегі өзіне тән ерекшеліктері өте көп.

Ақындық, жазушылық, аудармашылық тағы да басқа қырлары ішкі ойы мен түпкі тұжырымдары жағынан сабақтасып жатады. Адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, демократиялық және діни философиялық мәселелердің шығармаларында көрініс табуы – қазақ поэзиясына енгізілген тың жаңалық. Дүниеге еркін ойы бар, іскер, өмірге бейім, сонымен бірге тұла бойына үлкен адамгершілік қасиетті сіңірген адам ертеңгі күннің негізі болады. Адам бойындағы ең ізгі қасиет − адамгершілікті өз шығармаларының туы жасаған, оны ең өзекті сұрақ, мәселе етіп қояды.

Абай талап, шыдам, қайрат, жүрек, ақыл сияқты адами сапалардың қатар болуын, адам бойынан бiрдей көрiнуiн қаласа, Шәкәрiмде бұлармен қатар мейiрiм, ынсап, әдiлет, ақ ниет сияқты сапалық қасиеттердi уағыздау басым. Адами қасиеттердiң түп қазығын ол адалдық пен ақ ниетке әкелiп тiрейдi. Адамның жан тазалығы, руханилығы оның болмыс кейпiнiң тартымдылығына әкелетiндiгiн дәлелдейдi. Шәкәрім шығармашылығында адамгершілік, ізгілік мәселелері халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықта алынып, көркемдік-эстетикалық мәні мен өлең өрнегіндегі өзіндік үні айқын айшықталады.

Ақын поэзиясының көркемдік дәрежесін арттыратын адамның ішкі әлемі мен сыртқы дүниенің әдемілік, нәзіктік пен ізгілік, зұлымдық пен әділетсіздіктер қатар түзіліп, салыстырылып, осылардың толық бейнесін ашу мақсатында ақын шеберлігі мен дүниетаным кеңістігі айқын көрініс береді. Оның шығармашылығы мен болмысының жаратушымен жарасымдылық табудың, табиғатпен үйлесімділік табудың көздерін көрсететін үлкен арнаның бірі екендігін аңғарамыз. Ақын поэзиясы мен философиясы жаратушыны сүю арқылы адам мінін түзеуді үйретеді.

«Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»,− деп Шәкәрім Құдайбердіұлы кейінгі ұрпаққа асыл арманын аман етіп, тура жол нұсқайды.

Жанат Саматқызы КЕМЕЛБЕКОВА,
Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий